ТЕНТЕКТІКТІ ТЫЮДЫҢ ТЕТІГІ БАР МА?
Қазір жаймашуақ жаздың екінші айына қадам бастық. Бұл мезгілде балаларда бос уақыт көп. Сондықтан олар асыр салып, аулаға сыймай ойнайды. Нақ осы демалыс мезетінде олардың белсенділігі де артады. Қызық қуған балғындардың көбі қауіптің қайдан келерін қаперден шығарып жатады. Ойын баласының шекіспей тұрмайтыны тағы бар. Десек те, Шеген Қодаманов ауылындағы оқушы өлімі және елімізде тіркелген кейбір бұзақылық фактілері бұған бейжай қарауға болмайтынын аңғартты. Жұртшылық балалардың қатігезденіп бара жатқанын айтып, дабыл қағуда. Бұл оқытушы тәрбиесінің олқылығы ма, әлде ата-ананың салғырттығы ма? Бәлки, ортаның ықпалы бар шығар. Мәселенің төркініне бойласақ...
МАМАНДАР СӨЙЛЕСІН
Шиелі АПБ ЖПҚБ ЮПТ-ның байырғы аға инспекторы, полиция майоры Абай Мадиевтің мәлімдеуінше, 2022 жылы кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстар 3-тен 1-ге азайыпты. Нақтылайтын болсақ, сол жылы орын алған қылмыстардың 1-і колледж студентімен, 4-і мектеп оқушыларымен жасалған. Осыдан екі жыл бұрын 734 құқық бұзушылық, кезбелікке салынған, қаңғыбастыққа үйір 3 жасөспірім бейімдеу орталығына орналастырылған. Түнгі уақытта (сағат 22:00-ден кейін) заңды өкілсіз ойын-сауық және тұрғын жайдан тыс (сағат 23:00-ден кейін) жүрген 572 жасөспірімге, балаларды тәрбиелеу мен білім беру жөніндегі міндеттерін орындамаған 10 ата-анаға тиісті әкімшілік шара көріліпті. Сондай-ақ 1 ата-ана өз міндетін орындамағаны үшін сот құзырымен ата-аналық құқығынан шектелген. Рейдтік шаралар барысында кәмелетке толмағанның түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болуына жол берген 7 компьютерлік ойын орталығы мен оларға темекі бұйымдарын сатқан 2 дүкен иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Ал өткен жылы белгіленген уақыттан заңд өкілінсіз жүрген 156 жасөспірім жеткізіліп, ата- анасына тиісті шара көрілген. Мұнымен қоса осы жылы әке-шешесінің тәрбиесіне көнбей, білім алудан жалтарған, құқық бұзушылыққа бейім 1 жасөспірім девинатты мінез-құлықты балаларға арналған мектеп-интернатына сот шешімімен жолданыпты. Жыл басынан бер ұйымдастырылған рейдтік шара барысында 4 компьютер ойын ортылығы мен темекі бұйымдарын сатқан 1 дүкен иесі жауапқа тартқан.
Бүгінде аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес, Шиелі ауданы әкімдігі жанынан құрылған жедел топ балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аудан аумағындағы су айдындарын, бассейіндерді, ойын аттракциондарын, компьютер клубтарын аралап, түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.
Топ құрамында полиция, төтенше жағдай, кәсіпкерлік, қоғамдық даму бөлімінің өкілдері бар. Айта кететін жайт, соңғы күндері суда қауіпсіздік ережелерін сақтамай, белгіленбеген жерлерде шомылу салдары су айдындарында қайғылы жағдайлардың орын алуына әкелуде. Осы мақсатта аудан әкімінің орынбасары Бағлан Сағындықов бастаған топ өкілдері, ата-ананың қарауынсыз су айдындарында шомылудың қайғылы оқиғаларға әкеп соғуы мүмкін екендігін ескертті. Әрі бассейін әкімшілігіне бассейндердің жанындағы тамақтану орындарына демалушыларға қызмет көрсетуде тамақтан улану жағдайларын болдырмау, санитарлық талаптарды сақтау қатаң ескертілді.
Сондай-ақ ойын аттракциондарының иелеріне оқыс оқиға орын алған жағдайда алғашқы медициналық көмек көрсетуге дайын болу керектігі айтылды. Мұнан бөлек, компьютерлік клубтарда тиым салынған электронды темекі өнімдерін пайдаланған азамат анықталып, айыппұл салынды. Рейдтік жұмыстар суға шомылуға қауіпті аумақтарда күнделікті жүргізілетін болады.
Абай Мәдиев:– Компьютерде атыс-шабыс ойындарын ойнап, кинодағы қылмыскерлердің қатігездігі көрген бала соларға еліктейді. Мінез-құлықтарында өзгерістер орын алады. Әрі оларды мұндай қадамға ересектердің әрекеттері де итермелейді. Қазір жұрт құлап жатқан адамға көмек көрсетуге емес, телефонға түсіріп алып, таратып жіберуге асығады. Оны көрген бала не істейді? Қатарластарына көрсеткен әлімжеттігін бейнежазбаға түсіреді, желіге салады. Олар мұның қылмыс екенін, ауыр зардаптарға бастайтынын түсінбеуі де мүмкін.
Дәл осындай пікірді мектеп мұғалімі де тілге тиек етіп отыр. Шиелі кентіндегі №47 М.В.Ломоносов атындағы мектеп-лицейінде тәлім беретін Эльмира Смайлова есімді педагогті сөзге тартқан едік. Біраз жайттың басы ашылғандай болды.
– Бұл мәселені тек мектепке ғана теліп қою дұрыс емес. Әрине, баланың тұлға болып қалыптасуында мектептің орны ерекше. Бірақ, отбасы институтын естен шығаруға болмайды. Баласын ешкімнен кем қылғысы келмейтін ата-аналар оларды еркіне жіберіп, қалауын орындауды әдетке айналдырып алған. Бала үйдегі еркелігін мектепте де көрсеткісі келеді. Қатаң ескерту жасасаң, ата- анасына шағымданып, соңы шуға ұласып кетуі мүмкін. Амалсыз іштен тынуға мәжбүр болатын кездеріміз бар. Қазақта «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» деген сөз бар ғой. Бір баланың тентектігі өзге үлгілі оқушылардың үлгерімі мен тәртібіне ықпал етпей қоймайды, – дейді мектеп мұғалімі.
23 жылдық еңбек өтілі бар №157 Б.Пәрімбетов атындағы орта мектептің педагог-психологы, Шиелі аудандық психологтарының секция жетекшісі, өңірлік тренер, коуч Ләззат Сәулебекқызының пікірінше, мұндай келеңсіз жайттардың орын алуына елдің басым көпшілігінің санасында құндылықтар ұғымының өзгеріп кетуі ықпал етуде.
– Бұзақылық, дөрекілік, мінез-құлықтың өзгеруіне бірден-бір себепкер – ата-ана. Бала – ата-ананың айнасы. Отбасында не көреді, соны жасайды. Әке-шешесінің арасындағы түрлі ұрыс-керіс, конфликт, жағымсыз қарым- қатынас осының барлығы баланың тәрбиесін әсер етеді. Сол себепті бала анасымен 13 жасқа дейін тікелей эмоционалдық байланысты болады. Өйткені осы жасқа дейін балад психика толық қалыптаспайды, оларда анализ жасау деген жоқ. Соған сәйкес не көрді соны дәл солай қабылдайды. Отбасында балаға тәрбие берілмейді емес, беріледі. Бірақ, қандай тәрбие? Тағы бір қоса кеткенім, «Балада не үшін агрессия болады? Неге ол жалқау бола-ды? Неге ол ұрлықшы болады? Неге эгоист болады?» Өйткені, ата-анасы баласын өзгенің баласымен салыстырады. Бұл ең бірінші қателік. Өзгенің баласымен салыстыру арқылы балада өшпенділік, жек көрушілік пайда болады, – дейді өңірлік тренер.
БАЛАҢЫЗ ҒАЛАМТОРДА НЕ ІСТЕП ОТЫР?
Әлеуметтік желінің әлегі демекші, қазір «В контактенің» (Қазақстан аумағында 18 млн аккаунт тіркелген) дәурені жүріп тұр. Әсіресе, оң-солын тани қоймаған оқушылардың дені осы желіні пайдаланады. PR-мамандарының айтуынша, оқушылардың «В контактеге», «Тик-токқа» үйір болуының бір себебі – бақылаудың болмауы мен тыйым салынған контенттің ашық таратылуы. Құзырлы органдар жыл сайын мониторинг жүргізіп, аса қауіптілерін бұғаттап тастауға тырысуда. Десек те, қауіпті контент тарататын бір парақша жабылса, дәл сондай он парақша қайта ашылады. «В контактеде» отырған оқушылардың криминал фильмдерде кездесетін цитаталарды көп бөлісетінін аңғардық. Бір сөзбен айтқанда “қылмыс романтикасы” осы жерден өріс алатын тәрізді. Оқушылар бөліскен жазбалардың арасында ақидасы күмәнді діни уағыздар да өріп жүр. Дер кезінде тоқтау салып, қажетті шара қабылдамасақ, не боларын ойлаудың өзі қорқынышты...
Отандық нарықтағы фильмдердің дені «қылмыстық романтиканы» насихаттайды. Әсіресе, «90 жылдардың» елесінен айырыла алмаған солтүстіктегі көршілерімізден келетін кино-өнімдерде қылмыс әлемінің серкелері дүниенің еркесіндей, осы заманның батырындай әспеттеледі. Одан Қазақстанда түсірілген “Рэкетир”, “Районы” тәрізді кинолар да қалыспайды.
Отандық нарықтағы фильмдердің дені «қылмыстық романтиканы» насихаттайды. Әсіресе, «90 жылдардың» елесінен айырыла алмаған солтүстіктегі көршілерімізден келетін кино-өнімдерде қылмыс әлемінің серкелері дүниенің еркесіндей, осы заманның батырындай әспеттеледі. Одан Қазақстанда түсірілген “Рэкетир”, “Районы” тәрізді кинолар да қалыспайды.
ТЫҒЫРЫҚТАН ШЫҒАР ЖОЛ ҚАЙСЫ?
Күрмеуі қиын мәселенің шешімін қайдан іздеуге болады? Мамандардың пайымдауынша, бала психологиясына компьютерлік ойындар, кинолар мен әлеуметік желі айтарлықтай әсер етеді. Ұстаздың балаға берген тәрбиесі мен білімін кино мен әлеуметтік желі бір-ақ сәтте жоқ қылуға қауқарлы. Енді қайтпек керек, сонда? Үкімет арнаулы заң қабылдап, фильмдерді көрсетуге жас шектеуліктерін бекітті. Одан шыққан нәтиже жоқ, бірақ. Өйткені, жұмысбасты ата-аналар баласының қандай кино көріп, интернетте не істеп жатқанына мән бере қоймайды. Бастысы, жұмыстан шаршап келгенде түрлі сұрақ қойып, мазаларын алмаса болғаны. Ащы да болса, шындық – осы.
Әрине, «балам жаман болсын» дейтін ата-ана жоқ, мына өмірде. Десек те, тәрбиенің бәрін ұстаздың ғана мойына артып қою жеткіліксіз. Өйткені, оның бастауы – отбасы.
Әрине, «балам жаман болсын» дейтін ата-ана жоқ, мына өмірде. Десек те, тәрбиенің бәрін ұстаздың ғана мойына артып қою жеткіліксіз. Өйткені, оның бастауы – отбасы.
Сұлушаш МАДИЯРОВА