Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Қарызсыз қоғам»: Қай облыс тұрғындары алаяқтан жиі зардап шегеді

«Қарызсыз қоғам»: Қай облыс тұрғындары алаяқтан жиі зардап шегеді

Халықтың қаржылық сауатын арттыруға бағытталған «Қарызсыз қоғам» жобасы жарты жылдағы аралық нәтижелерін жариялады. Бүгінге дейін 54 мыңнан астам адам білім алды. Сондай-ақ банкроттық рәсімдеу, алаяқтық фактілерін анықтау, бизнес-жоспар жазу, жұмысқа орналасу бойынша көш бастап тұрған облыстар анықталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Қарызсыз қоғам»: Қай облыс тұрғындары алаяқтан жиі зардап шегеді
Фото: inbusiness.kz

Биыл Президенттің «Қарызсыз қоғам» жобасының ауқымын кеңейту туралы тапсырмасына сәйкес, еліміздің барлық 20 өңірінде, оның ішінде Астана, Алматы, Шымкент қалаларында халықты қаржылық сауатқа жаппай оқыту ұйымдастырылды. Қатысушылар түске дейін дәріс тыңдап, түстен кейін қатысушының қалауы бойынша жеке консультациялар алады.
Биылғы қаржылық сауат курстары 5 ақпанда басталды, жоба басталғалы 11 лек өтіп, республика бойынша 54 442 қатысушы білім алды. Әсіресе, қатысушылардың басым бөлігі Түркістан облысында (4450 қатысушы), Шымкент қаласында (3990), Алматы облысында (3746), Алматы қаласында (3547) және Жамбыл облысында (3318) байқалады.
Әзірге ең аз көрсеткіш Ұлытау облысына (1036), Солтүстік Қазақстан (1503), Маңғыстау (1620) және Батыс Қазақстан облысына (2158) тиесілі. Бұған өңірлердегі халық саны, көктемгі су тасқыны жағдайы, қаржылық менторлардың сапарлау мерзімі әсер етті.
Биылғы жоба қатысушыларының 81% немесе 44 мыңнан астамы – аудандар мен ауылдық округтердің тұрғындары, қала тұрғындары 10 мыңның айналасында. Сондай-ақ әйелдер жобаның 78% құрайды.
«Елімізде қарызын 90 күннен асырып алған 2 млн-ға жуық адам бар. Бұл Қазақстан халқының 10 пайызы, экономикалық белсенді тұрғындардың 20 пайызын құрайды. Біз мүмкіндігінше осы адамдардың жартысын экономикаға қайтарғымыз келеді. Оған қоса, қаржылық сауат негіздерін мектеп қабырғасынан бастап оқытуды көздеп отырмыз. Ол үшін Үкіметпен бірлесіп, оқушыларға, колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттеріне оқу құралдары әзірленеді. Жоба ауқымын кеңейту мақсатында еліміздің барлық өңірлерінде 750 мың адамды оқыту жоспарлануда, оның ішінде 100 мың студент пен 550 мың оқушы бар», деді «Қарызсыз қоғам» идеясының авторы, AMANAT партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев.
Қатысушылардың 72,8% несие құрсауында және қарыз төлеуде қиындыққа ұшырағанын жазған. Қарыз саны бойынша олардың 27,7%-ында біреу, 23,9% – екі несие, 10,4% – үш несие және 10,8%-ында үш несиеден көп қарызы бар. Несие төлемі 90 күннен кешіккендер үлесі – 15% болса, мүлдем қарызы жоқ қатысушылар – 27% құраған.
Оқу барысында жобаның қаржы сарапшылары мен заңгерлері 14 мыңнан астам кеңес берген. Қарызды реттеу бойынша кеңестер Қарағанды (298), Астана (182), Алматы қаласында (132) жиі берілген. Жұмысқа орналастыру бойынша Солтүстік Қазақстан облысы көш бастап тұр, мұнда 12 қатысушы, Павлодарда – 7 адам, ШҚО-да – 7 адам тұрақты жұмыс тапқан.
Алаяқтық фактілері Алматы облысында (27) жиі тіркелген, сондай-ақ Ақтөбе (20), Түркістан (18), Абай (16), ШҚО (16), Павлодар (15) облыстарындағы қатысушылар зардап шеккен.
Банкроттық рәсімдеу бойынша Алматы (29) және Алматы облысы (26) алда тұр. Түркістан (26), Ақтөбе (19), ШҚО (16) бұл көмекті салыстырмалы түрде көбірек алған. Бұл ретте Ұлытау қатысушылары бірде-бір банкроттық жарияламаған. Абай (1), Қостанай (1), Солтүстік Қазақстан (2) облыстарында да банкроттық саусақпен санарлық.
Бизнес-жоспар әзірлеуде Абай облысы қабілетті болып шықты, мұнда 128 адам жаңа іс бастау үшін жоспар жасаған. Одан кейін үздік үштікте Түркістан (112), Алматы (110) облыстары орналасқан. Ал антирекорд – Ұлытау (6), Маңғыстау (8), Батыс Қазақстан (8) облыстарында.
Мәселен, түркістандық Ақбота Қыстауова декреттегі жалғызбасты ана және мүгедектігі бар әкесіне қамқорлық жасайды. Жұмысы болмағандықтан, 41 мың теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек алып отырған. Ақбота – «Қарызсыз қоғам» жобасы арқылы өз өмірін түбегейлі өзгерткендердің бірі.
«Ауылда қаржылық сауат туралы тегін курс өтетінін естіп, бірден жазылдым. Онда табыс көздерін іздеу, бизнес-жоспар жазу, мемлекеттік қолдау түрлері мен депозитте қаражат жинау жолдарын үйрендік. Үйдегі жалғыз асыраушы болғандықтан, пайызы көп кредит алып, бизнес бастау мен үшін өте қауіпті. Осылайша, ешкінің сүті денсаулыққа өте пайдалы екенін оқып, «Кәмшат» ауыл әйелдерінің бизнес бастамалары қорына құжат тапсырдым. 300 мың теңге грант сомасын жеңіп алып, Альпі ешкілерін, май шайқағыш, сепаратор, тоңазытқыш сатып алдым. Қазір қаржылық жағдайымыз анағұрлым жақсарды. Елімізде кәсіпкерлерді қолдайтын түрлі оқыту бағдарламалары мен гранттар бар. Бұл үлкен мүмкіндік», дейді А. Қыстауова. 
Аталған статистикалық мәліметтерден байқағанымыздай, барлық өтініштер қандай да бір қарызға байланысты мәселелерден басталады. Сондай-ақ құқықтық көмек көрсетудің ең көп тараған түрі – берешекті қайта құрылымдау мәселелері болды. Онда ай сайынғы төлемді оңтайлы сомаға ауыстырып, жаңа кесте құру, несие шартының талаптарын өзгерту, кредиттік каникул рәсімдеу жұмыстары жүргізілген.
Айта кетейік, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің соңғы деректерінше, экономикалық белсенді халықтың 85%-ында несие бар, өткен жылы бұл көрсеткіш 77% болған еді. Ал студенттердің 80%-ында несие бар. Соңғы үш жылда тұтынушылық несие сегментінде өсім байқалады.
10 шілде 2024 ж. 129 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№97 (9261)

06 желтоқсан 2024 ж.

№96 (9260)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (9259)

01 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031