Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » МӘЖІЛІСМЕННІҢ АУДАНДАҒЫ БІР КҮНІ

МӘЖІЛІСМЕННІҢ АУДАНДАҒЫ БІР КҮНІ

Ауылды ажарландырудың амалын қарастырған осы жылдар аралығында мемлекет қол қусырып отырған жоқ. Халық қамы үшін біраз бағдарлама жасалып, жаңа нысан бой көтеріп, көгілдір отын кіргізіліп, халық игілігі үшін жұмыстар атқарылуда. Мәселен, бүгінде Шиелі ауданына қарасты 7 тірек, 22 ауылдық округ бар. Бұлар болашағы бұлыңғыр емес, керісінше, келешегі жарқын ауыл-аймақтар. Яғни түндігінен түтіні түзу шыққан ауыл ретінде көрер жарығы һәм көркейер үміті бар алда. Мұны кеше Мәжіліс депутатының ауданға жасаған іссапарынан аңғардық.

Дүйсенбіде киелі мекенге ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбеновтің тағы да табаны тиді. Мәжіліс депутаты жалғыз жүрмеуді жөн көріп, өз жанына аудан әкімі Нұржан Ахатовты, аудан әкімінің орынбасарлары Болатбек Ысмағұлов пен Бағлан Сағындықовты, аудандық мәслихат төрағасы Айтбай Жандарбековті, қоса ертті. Мұрат Абдуламитұлы, алдымен, «Ауыл аманаты» бағдарламасымен кәсібін бастаған Гүлзада Құрманбаеваның «Шиелі құс еті» кәсіпорнын көрді. Құс өсіруші Г.Құрманбаева ауыл шаруашылығы кооперативін ашып, 27,8 млн теңгеге жеңілдетілген несие алыпты. Бүгінгі таңда 3 құс үйі орнатылған. Онда 4500 дана тауық бар. Бүгінде 5 адамды тұрақты жұмысқа жұмылдырған кәсіпорын ауданды тауық етімен тиімді бағада қамтамасыз етіп отыр. Кейіпкеріміз кездесу барысында «Ауыл аманаты» жобасы ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға және нарықты сапалы жергілікті өніммен қамтамасыз етуге серпін беретініне сенімді екенін тілге тиек етті. Мұнан соң Мұрат Әбенов СПК «Айдын 777» қабырға блоктарын өндіру зауыттының жұмысымен танысты. Қабырға блоктарын өндіру үшін кәсіпкер толығымен автоматтандырылған құрылғы жүйесін сатып алыпты. Одан бөлек Кара мен шағын погрузщик алынды. Ерекшелігі сол өндірілген шлакоблок блоктары толығымен нығыздалып салмағы 24-26 кг болады. Қазіргі таңда өндіріс орнында 5 адам жұмыс істейді. Қарыз есебінен бөлек кәсіпкер өз қаражаты есебінен құрылыс жұмыстары және қосалқы жұмыстарды жасау үшін қажетті құралжабдықтарды сатып алды. Жобаның жалпы жобалық құны – 50 000 000 теңгені құрап отыр. Соңғы уақытта Шиелінің шырайы күнненкүнге айшықтала түсуде. Ұлттық нақышта безендірілген аллеялар, демалыс орындары көбейді. Сол орындардың көркін ашып, сақтауда көше тазалықшыларының қосқан үлесі аз емес. Нақ осы бір әдемілікті ауданға атбасын бұрған Мұрат Әбенов көзбен көрді. Арнайы іссапар барысында аудан әкімдігінің айналасындағы көркейту-көгалдандыру жұмыстарымен де жіті танысты. Сонан соң «Аманат» партиясы бөлімшесінде қоғамдық қабылдау өткізді. Бұл кездесуге тұрғылықты тұрғындар келіп, көкейдегі сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Ал Мәжіліс депутаты жолданған сауалдарға тиісті жауап қатып, ұсыныс-пікірлерді өзінің қойын дәптеріне жазып алды. Иә, көпшілік бұл кездесуді жылы қабылдады. Арнайы кездесуден кейін мәжілісмен шиелілік жеке кәсіпкер Бағлан Сейітмұратовтың «Aizhulduz Cinema» кинотеатрының жұмысын көріп, содан соң Тәуелсіздік көшесіне жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстарын, №21 бекетте алма бақтың және Бәйгеқұм ауылындағы қоғамдық жағажайдың жұмысын бір шолып шықты. Шынында, Шиеліде атқарылған шаруалар аз емес. Алайда болашағы кемел, бағыты айқын аудан халқының жағдайын бұдан да жақсарту үшін жасалатын жұмыстардың мұнымен түгесілмесі анық. Осылайша, тірлігі таудай, бірлігі бекем баудай өлкенің әлеуметтік нысандарын аралап, халықпен кездескен халық қалаулысы өзгеше ой түйді.
Сұлушаш МАДИЯРОВА

04 шілде 2024 ж. 210 0