Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Шегіртке неге шамадан тыс көбейді?

Шегіртке неге шамадан тыс көбейді?

Ертіс-Баян өңірінде биыл 100 мың гектарға жуық жерді шегірткеге қарсы өңдеп жатыр. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен қыруар қаржы бөлінген. Мамандар алдағы күндері күн қатты ысыса, саяқ шегіртке одан сайын қаптап, егіс алқабы мен шабындықтарды жайпап кетуі ықтимал деп қауіптеніп отыр.

Шегіртке неге шамадан тыс көбейді?

Жергілікті жауапты органдар соған орай қам жасап, мамыр айының соңынан бастап  химиялық өңдеу жұмыстарына кірісіп кеткен еді. Бүгінде шаруашылық құрылымдары мен мемлекеттік қордағы жерлерге препараттар себіліп жатыр.
«Биыл өңірде саяқ шегірткеге қарсы ­99,8 мың гектар жерге химиялық препарат ­шашылады. Бұл жұмыстарға 138,7 млн тең­ге бөлінген. Зиянкестерді жоюға арналған ­3 033 литр сұйық препарат сатып алынды. Негізгі қауіп Баянауыл, Аққулы, Шарбақты аудандарында болуы мүмкін, соған орай өңделетін аумақтардың дені аталған өңірлерге тиесілі. Өңдеу жұмыстарына желдеткіші бар 16 бүріккіш және 8 арнайы қондырғы жұмылдырылған. Биылғы көктемнің салқын әрі жаңбырлы болуына орай шегірткенің жетілуі ұзаққа созылды», дейді облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы өсімдік шаруашылығы бөлімінің басшысы Есентай Мүрсәлімов.
Биология ғылымдарының докторы, про­фессор Қанат Ахметовтің пікірінше, шегірткенің шектен тыс көбеюіне өткен жаздың аса құрғақ болғаны әсер етіп отыр.
«Біреулер көрші елдер уламайды, содан келіп жатқан залал дейді. Енді біреулер бұл көктемде болған су тасқынының зардабы деп қарайды. Алғашқы айтылған пікірмен сәл де болса келісуге болатын шығар. Алайда шегірткенің шамадан тыс көбею құбылысының су тасқынына қатысы жоқ. Себебі көктемде ылғал көп болған жылдары шегірткенің дернәсілдері азаяды. Меніңше, өткен жылғы құрғақшылық биылғы жағдайға себеп болып отыр. Ғылыми негізде түсіндірсем, шегірткелер көбіне өз жұмыртқаларын жазық алқаптарда, тереңге салып кетеді. Жұмыртқалар сақталатын ар­найы қалташалар болады. Егер күз бен көк­тем жаңбырлы болса, әлгі қалташалардағы жұ­мырт­қаларға су тиіп, олардың басым бөлігі шіріп кетеді. Есесіне келер жылы одан өніп шы­ғатын дернәсілдер саны азаяды. Ал күз бен көк­темде ылғал аз түссе, ол жұмыртқалардың қал­ташаларда жақсы сақталып қалуына оң әсер етеді. Бір қалташада болатын жұмыртқа саны әртүрлі, 20–30, тіпті одан да көп болуы мүмкін. Көктемнің жылы күндері жетісімен бұл жұмыртқалардан дернәсілдер жетіледі. Бұлардың тұрқы, пішіні кәдімгі үйірлі шегірткелерден аумайды. Бірақ олардың қанаты жоқ. Оларды саяқ немесе жаяу шегірткелер деп атаймыз. Бұлар топтанып алып, белгілі бір бағытқа шығады да, толассыз жүре береді. Жолында кездескен өсімдік біткенді тып-типыл етуге құмар келеді. Әкемнің мамандығы агроном болатын. Бала кезімде есімде, шегірткенің саяқ түрлеріне егін өсіретін шаруашылықтар ерте бастан қамданып, орлар қазатын. Әлі қанаты шығып үлгермеген шегірткелер әлгі орға келіп, үймелеп құлайды. Сол кезде оларды өртеп жібереді. Сондықтан шегірткенің осы бір саяқ кезеңін өткізіп алмау керек. Ол қанаттанып үлгергенше күресіп, көзін жойған дұрыс. Саяқ шегіртке жетілу барысында бірнеше рет түлейді, яғни дамиды. Сөйтіп, соңғы сатыда қанаты өсіп шығады. Бұл жағдайда оны тоқтату өте қиын», дейді Қанат Қамбарұлы.
Шегірткелер тура қанаттылар отрядына жатады. Денесі бас, көкірек және құрсақтан тұрады. Басы үлкен, жақтары жақсы жетілген, ауыз аппараты – кеміргіш. Шетелдік ғалымдар саяқ шегірткенің кейбір топтары тіпті теңізден де өтіп кететінін дәлелдеген.
Айтып өтейік, биыл Павлодар облысында шегірткенің белсенділігі аса байқалып отырған жоқ. Дей тұрғанмен, қазіргі уақытта Баянауыл ұлттық паркі, «Ертіс орманы» резерваты аумақтарында химиялық өңдеу жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр.
 
Павлодар облысы 
29 маусым 2024 ж. 268 0