Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тәрбиенің қазығы неге босады?

Тәрбиенің қазығы неге босады?

Бала тәрбиесі туралы сөз бола қалса, баршаның ұстанымы бір, мүддесі ортақ екені аңғарылады. Дегенмен, оған қатысты күрделі мәселе көп. Сондай өзекті мәселенің бірі – кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылық. Өткен сәрсенбіде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен білім саласының өзекті мәселелеріне арналған кеңейтілген мәжіліс өткен болатын. Жиында жауапты сала басшылары жасөспірімдер қылмысына қатысты мәселелерге тоқталып, ұсыныстарын айтты. Солардың бірқатарын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.


«Бала – үйде, қылығы – түзде»
Жас өскіннің бүршік жармай тұрып қылмысқа баруы – жантүршігерлік жағдай. Жиында облыс әкімі кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалған қылмыс саны 30-дан 26-ға азайғанымен, ауыр қылмыс саны артқанын атап өтті.
–  Жыл басында Сырдария ауданының Амангелді ауылында, наурыз айында Қызылорда қаласының Белкөл кентінде, кеше Шиелі ауданының Қодаманов ауылында болған бала өлімі ешкімді бейжай қалдырмауы тиіс. Балалардың құқықбұзушылығынан бөлек, педагогтер арасынан да қылмыстық әрекетке барғандар шықты. Бұл – қаймағы бұзылмаған, қалың қазақ ұйысқан Сыр жұртшылығы үшін үлкен сын, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Мәселен, жыл басынан бері кәмелетке толмағандар жасаған 14, ал оларға қарсы 32 қылмыс тіркелген. Ұрлық, қорқытып алу, қарақшылық, бұзақылық жиі орын алуда. Балалар арасындағы топтық төбелес те тыйылмай тұр. Айталық, 6 мамыр күні түнде облыс орталығындағы «Ақмешіт» шағын ауданында болған топтық төбелестен кейін полицияға жеткізілген 6 жасөспірімнің 2-і – мектеп оқушылары.
Облыс прокурорының орынбасары Нұрболат Дүйсенбаев полиция инспекторлары есепке алынған балалармен тиісті жұмыстарды өз дәрежесінде жүргізбей отырғанын айтады.
– Биыл өз міндетін орындамаған 179 ата-ана әкімшілік жауапқа тартылды. Оның 76-сы профилактикалық есепке алынбаған. Өз міндетін тиісінше орындамаған ата-аналар жауапкершілікке тартылған. Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 2,5 есе өскен. Оған қоса, құқықбұзушылық жасаған баланың ата-аналарын жауапқа тартпау деректері де бар. Қызылорда қаласының полиция басқармасы тәрбиелеу міндеттерін орындамаған 10 ата-анаға әкімшілік шара қолданбаған, яғни, баламен қатар оның ата-анасына да бақылау жасалмаған, – дейді ол.
Айта кетерлігі, балалары түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болғаны үшін 234 ата-анаға әкімшілік шара көрілген. Бүгінде балалар компьютер клубтарынан шықпайды. Түнгі уақытта оларды іздеп жатқан ата-ана некен-саяқ. Бейсауат жүрістің басы компьютер клубтарынан басталса, бақылаудың жоқтығынан соңы букмекерлік кеңсемен аяқталады. Ал оның арты қоғам дерті болып отырған лудоманияға апарады.

Мектеп психологінің жұмысы мардымсыз
Аймақтың прокуратура органдары мектептерде анонимді сауалнама да жүргізген. Нәтижесі мектеп оқушылары арасында бопсалау, әлімжеттік және жас ерекшеліктері бойынша топтардың барын көрсетіп отыр. Балаларға жасалған күнделікті қысымның соңы өз-өзіне қол жұмсауға әкелуде.
– Ал оны анықтайтын психологтардың жұмысы әлсіз. Өңірде 5 бала суицид жасаған. Былтыр мұндай бір жағдай тіркелген. Демек, суицид биыл 5 есе өскен. Баланың суицидке бейімділігін апатия, оқшаулану, достарымен кездесуден бас тарту, депрессия, ұйқысыздық, ашушаңдық, мазасыздық белгілерінен тануға болады. Мұндай жағдайды байқамау мүмкін емес. Жылда қаржы бөлініп, психологтар курстан өтеді. Алдыңғы жылдары кәмелетке толмағандар арасында суицидтің алдын алу үшін 300 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. 2017-2021 жылдар аралығында бюджет қаржысынан психолог мамандар оқытылған. Сол алған тәжірибе жүзеге аспады. Мұғалімдер мен психологтар балалармен тығыз жұмыс істемейтіні айдан анық, – дейді Нұрболат Дүйсенбаев.
Биыл қаңтарда аймақ басшысының төрағалығымен кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылық профилактикасына қатысты мәжіліс өткізіліп, уәкілетті органдарға тапсырмалар берілген. Дегенмен, бұл тапсырмалар тиісінше орындалмай отыр.
Прокуратура бастамасымен кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу жөніндегі іс-шаралардың жол картасы бекітілген. Мақсаты – балалар қауіпсіздігі. Мүдделі органдарға тиісті шараларды ұйымдастыру жүктелді. Алайда, жол картасында көзделген шаралар тиісінше жүзеге асырылмауда.
Бұған дейін мектептердегі интернет кеңістігіндегі зиянды мазмұны бар контент парақшаларына шектеу қоюды қамтамасыз етпеген 45 мектеп қызметкері әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Соған қарамастан мектептерде әлі де шектеу жұмыстары толық жасалмауда. Қайталап тексеру барысында әлі де информатика кабинеттеріндегі компьютерлерге шектеу қойылмағаны анықталып отыр.
Жыл басынан бері кәмелетке толмағандардың қатысуымен 38 жол-көлік оқиғасы орын алды. Бұдан 49 бала түрлі жарақат алып, 4 бала қайтыс болған. Мысалы, Жаңақорған ауданында таңғы уақытта жасөспірім бала көлік тізгініне ие бола алмай, жол-көлік оқиғасын жасаған. Қасындағы жолаушы кәмелетке толмаған бала оқиға орнында қайтыс болды.

Суға кеткен он бала, сотталған мұғалімдер
Мұғалімдердің қылмыс жасау деректері де зерттелген. Өкінішке қарай, аймақта жағдай мәз емес. Былтыр бірнеше білім беру ұйымының басшылары мен қызметкерлері бюджет қаржысын жымқырғаны үшін сотты болған. Ал биыл ұстаздардың кісі өлтіру, есірткі сату, алаяқтық, отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық қылмыстарын жасауы тіркелген.
Білім беру ұйымдарының 9 қызметкері тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағаны үшін, 6 қызметкер көлікті мас күйде басқарғаны үшін әкімшілік қамаққа алынып, жүргізуші куәлігінен айрылған. Аса ауыр және ауыр қылмысқа барған, өз отбасында тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған ұстаздар балаларға қандай білім мен тәлім-тәрбие береді?
Тағы бір ойландыратын мәселе – балалардың су айдындарындағы қауіпсіздігі. Өткен жылы 10 бала суда қайтыс болды. Биыл жаз басталмай жатып Жаңақорған ауданы Қожамберді ауылында 7 жасар бала каналға суға кетті.
Облыстық прокуратура мәліметінше, демалыс лагерьлерінің жағдайы да мәз емес. Былтыр жүргізілген тексерулер барысында санитарлық-эпидемиологиялық, өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмағаны анықталған. Мысалы, Қазалы ауданының «Шағала» лагерінде балалар лас су толтырылған бассейнге шомылған. Шиелі ауданындағы «Сыр ұланы» лагерінде азық-түлік ескі дәретхана бөлмесінде сақталған. Сондықтан шұғыл түрде арнайы комиссия құрып, лагерьлердің дайындығына мониторинг жүргізу қажет.
Себебі, санаулы күндерден соң оқушылар жазғы демалысқа шығады. Балалар демалысын қауіпсіз әрі тиімді ұйымдастыру – баршаға міндет. Бұл ретте облыс бойынша «Тартыл фест» турнирі сияқты жастарды спортқа шақыратын шаралар ұйымдастыру қажет-ақ.

Топтық төбелес тыйылмай тұр
Жалпы өңірде жасөспірімдер арасындағы қылмысты азайту бойынша түрлі жол карталары, іс-шаралар жоспары қабылданып, құқықбұзушылық, буллинг, есірткі, лудомания, вейп, интернетке тәуелділіктің алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Облыстық полиция департаменті мәліметінше, ата-ананың бала тәрбиесіндегі, жасөспірімнің заң алдындағы жауапкершілігі туралы биыл 3105 дөңгелек үстел мен сұхбат өткізілген екен.
Бірақ барлық статистика қылмыстың көбейгенін көрсетіп отыр. Жиында облыс әкімі құқық қорғау органдарының жұмысын сынға алды.
– Өткен жылмен салыстырғанда зорлық-зомбылық 5-тен 7-ге көбейген. Нәпсіқұмарлық сипатындағы 2 күш қолдану жағдайы тіркелген. Мемлекет тарапынан полиция органдарына үлкен қолдау жасалуда. Материалдық-техникалық базаны нығайтуға облыстық бюджеттен де миллиардтаған қаржы бөлінуде. Дегенмен, қылмыс саны азаяр емес, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Ілияс Жұмағұловтың айтуынша, қылмыстың басым бөлігі жастар мен жасөспірімдер арасындағы топ жасаған бұзақылық қылмыстары, яғни, топтық төбелес.
– Төбелестің салдарынан үш оқушы қаза болды. Соңғысы жалғыз бала. Анасы жалғыз асыраған. Әкесі 2018 жылы қайтыс болған. Оқиға орнында өзім болдым. Баланы өлімге алып келген жағдай сол мектепте ұдайы негізде болған. Мән-жайды анықтау барысында оқушылар мұндай жағдайлар бұған дейін де орын алғанын айтты. Ол жағдайларды кейбір азаматтар жасырып келген деп ойлаймыз. Себебі, қылмыс жасаған жасөспірімдердің ешбірі бұған дейін құқық бұзушылыққа бейім жасөспірімдер есебіне алынбаған, яғни, мектеп басшылығы, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, сынып жетекшісі, мектеп психологі қылмыс жасауға бейім жасөспірімдерді полицияның профилактикасына енгізбей, қылмыс жасауына жол берген, – дейді Ілияс Жұмағұлов 18 мамырда Қодаманов ауылындағы төбелесте қаза болған жасөспірім туралы.
Қылмыстың орын алуына қатысты тексеру жұмыстары жүргізіліп, Сырдария ауданындағы оқушы өліміне қатысты департамент бастығының бұйрығымен екі қызметкер лауазымынан босатылды, 8 қызметкерге тәртіптік шара көрілді. Қазіргі таңда Шиелі ауданындағы қызметкерлерге қатысты тексеру жұмыстары жүргізілуде. Қорытындысы бойынша басшылар мен жауапты тұлғалардың атқарып отырған лауазымдарына сәйкестігі қаралатын болады.
Сондай-ақ былтыр орын алған топтық төбелестерге жол берген Қазалы, Қармақшы аудандық полиция бөлімдерінің бастықтары және 7 қызметкері лауазымдарынан босатылып, 10 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

9 жасөспірім жәбір көрген
Кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы жасалған қылмыстар да 12 пайызға көбейген. Жәбірленушілердің 8-і мектеп, гимназия, лицей оқушылары, 1-і – мектеп жасына дейінгі бала. Жәбірленген 9 жасөспірімнің 3-і – өз еркімен жыныстық қатынасқа түссе, қалған 6-на қатысты еркінен тыс азғындық әрекеттер жасалған. Күдікті тұлғалардың 3-і – өз танысы, 3-і – бейтаныс азаматтар, 2-і – өгей әкесі, 1-і – мұғалім. Бұған қатысты профилактикалық жұмыстарды күшейту үшін облыста мектептер мен колледждерге аймақтық ювеналды полицияға қосымша жедел уәкілдер, учаскелік инспекторлар бекітілді.
Жыл басынан бері кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстардың алдын алу мақсатында рейдтік шаралар жүргізілді. Аталған жұмыстар нәтижесінде 3630 құқықбұзушылық анықталған. Қаңғыбастық пен кезбелікке салынған 128 жасөспірім бейімдеу орталығына орналастырылды, 640 жасөспірімге әкімшілік хаттама толтырылды.
Түнгі уақытта ойын-сауық орталықтарында жүрген жасөспірімдердің ата-аналарын әкімшілік жауапкершілікке тартып, баласы заңды өкілінсіз жүргені үшін 2052 хаттама толтырылды. Өз міндеттерін орындамаған 159 ата-анаға шара көру үшін құжаттар сотқа жолданды. Кәмелетке толмағандардың ойын-сауық орындарында жүруіне жол берген 111 кәсіпкер, оларға темекі бұйымдарын сатқан 12 дүкен иесіне әкімшілік хаттама рәсімделіп, айыппұл салынды. Ескертулерді елемей, заң талаптарын бұзған 46 дүкен иесіне қатысты құжаттар сотта қаралуда.
Суық қару ашық сатылып жатыр
Сондай-ақ облыс орталығында қылмыс пен құқықбұзушылық жиі орын алатын, жасөспірімдер шоғырланатын кафе-бар көп. Оларды жабу және уақытын шектеу де үлкен мәселе болып отыр. Полиция департаменті 13 кафеге қатысты облыстық және қалалық әкімдіктерге, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына ұсыныс та жолдаған.
– Нәтижесінде 2 кафенің жұмысы тоқтатылып, бір кафенің жұмыс уақыты сағат түнгі 2-ге дейін шектелді. Қалған 10 кафе бойынша оң нәтиже қабылданбай отыр, – дейді облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Ілияс Жұмағұлов.
Бір қызығы, жабылған 2 кафенің иесі жауапкершіліктен жалтару үшін атауын өзгертіп, қайтадан жұмыс істеуге көшкен. Кәмелетке толмағандардың көбі осы кафелерде түнгі уақытта ішімдік ішіп, қылмыс тәуекелі артып отыр. Мысалы, құқықбұзушылық жасағаны үшін 63 жасөспірім, міндетін орындамаған 50 ата-ана полиция есебіне алынған.
– Есепке алынған әрбір тұрғынмен жеке профилактикалық жұмыс жүргізілді. Бұдан бөлек, колледж, мектептерге кіріп-шығу барысында қадағалаудың төмендігі, жауапты қызметкерлердің оқушылар мен студенттердің тыйым салынған заттарды тасымалдауын тексеруі өз деңгейінде жүргізілмейтіні байқалды. Себебі, кәмелетке толмағандардың қоғамдық орындарда суық қару алып жүруінің 59 дерегі анықталды. Осындай келеңсіз жағдайлар суық қаруларды ашық сату салдарынан болып отыр. Оларды жасөспірімдерге сатуға ешқандай шектеу де жоқ, – дейді Ілияс Жұмағұлов.

Балалардың үйден қашуы жиіледі
Отбасылық қарым-қатынас үйлесімділігінің бұзылуы, ата-ана мен бала арасындағы түсініспеушілік, бақылаудың жоқтығы көп жағдайда жасөспірімдердің үйінен қашып кетуіне әкелуде. Атап айтқанда, кәмелетке толмағандар арасында хабар-ошарсыз кетудің 69 дерегі тіркелген. Оларға қатысты полиция қызметкерлері дер кезінде жұмылып, іздестіру нәтижесінде балалардың барлығы ата-анасына табысталған.
Жасөспірімдер жасаған қылмыстардың барлығы сабақтан тыс уақытта болғандықтан, баланың бос уақытын тиімді ұйымдастыру маңызды болып отыр.
– Сондықтан бала қауіпсіздігіне тәуекел жасамай, бақылауды күшейтуді сұраймыз. Жазғы демалыс кезінде ішкі істер органдарының есебінде тұрған кәмелетке толмағандарды тынығу лагерьлеріне тегін жіберу шаралары қабылданса деген ұсынысымыз бар. Сондай-ақ балалардың бос уақытында интернеттен зорлық-зомбылық, құмар ойындар мен дөрекілік, басқа да пранктер қарайтыны белгілі. Аталған сілтемелерді құқық қорғау органдары тарапынан қадағалау мүмкін емес. Ата-аналар балаларының қандай әлеуметтік желілерде отырғанын қадағалауы тиіс, – дейді департамент өкілі.

Мәселені қалай шешеміз?
Қылмысты азайтуға облыстық білім басқармасы тарапынан да ауқымды шаралар қолға алынған. Мысалы, есептегі балалар түрлі үйірмелерге тартылуда. Мұндай есепке жыл басынан бері 530 бала іліккен.
Оған қоса, аймақ басшысының қолдауымен биыл психологиялық қолдау орталығы ашылды. Қиын жағдайда қалған балаларға психологиялық, білім беру ұйымдарының психолог мамандарына әдістемелік көмек көрсететін орталықта 22 маман жұмыс істейді. Орталық мамандары қазірдің өзінде 79 мың оқушыдан сауалнама алып, көмекке мұқтаж 138 оқушыға психологиялық, медициналық көмек көрсеткен.
– Жүйелі жұмыстар жүргізілгенімен, бірқатар факторлар әсерінен кәмелетке толмағандар жасаған қылмыс тыйылмай отыр, – деген облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов қылмыстың көбеюіне себеп болып отырған үлкен үш факторды атады.
Біріншісі – мектеп басшылары мен жауапты қызметкерлердің әр баланың тәрбиесін, мінез-құлқын тиісті деңгейде қадағаламауы. Мектепте орын алатын буллинг, құқықбұзушылық әрекеттерін жасыру. Салдарынан жыл басынан бері облыста арты бала өлімімен аяқталған үш қайғылы жағдай орын алды. Осы ретте, болған оқиғаға қатысты 1 білім бөлімі басшысы, 3 мектеп директоры, 2 тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасары өз міндеттерін дұрыс атқармағандықтан жұмыстан босатылған.
Жалпы, оқушылар арасында орын алған құқықбұзушылықтар бойынша 25 мәрте түрлі санаттағы қызметкерлер жауапкершілікке тартылып, оның ішінде 3 білім бөлімі басшысына, 4 мектеп директорына қатаң сөгіс берілген екен.
Тағы бір фактор – ата-ананың жауапсыздығы. Облыс көлемінде ата-аналық міндетін орындамаудың 159 дерегі анықталған. Былтыр осы кезеңде 87 дерек болған. Заңды өкілінің қадағалауынсыз беймезгіл уақытта жүрудің 2050 дерегі тіркелген. Бұл – ата-ананың жауапсыздығының көрсеткіші.
Үшінші фактор – жергілікті жердегі кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия жұмысының тиісті дәрежеде жүргізілмеуі. Қызылорда қаласы мен барлық ауданда әкім жанындағы комиссиялар жұмыс істейді. Жыл басынан бері бұл комиссиялардың 80 отырысының күн тәртібінде 141 мәселе көтеріліп, 72 баланың мәселесі қаралыпты, яғни, қаралған мәселе бала санынан көп. Бұл комиссия отырыстарының формальды түрде өткенін аңғартады.
Аталған комиссиялардың заң аясында жауапсыз ата-ананы құқығынан шектеу жөнінде шешім қабылдап, қатаң шаралар қолдануға мүмкіндігі бар. Бірақ атқарылып жатқан жұмыстар мардымсыз. Айталық, ата-ана құқығынан айыру бойынша былтыр 4 айда 33 мәселе, биыл 13 мәселе қаралған. Оның қанағаттанарлығы былтыр 15 болса, биыл – 5. Осы ретте басқарма басшысы комиссия жұмысын жандандыруды ұсынды.
Жастарды жан-жақты дамыту, оларды құндылықтарға бейімдеу ісіне де барлық мекемелер, үкіметтік емес ұйымдардың жұмыла біріккені дұрыс. Әлеуметтік жобалардың басым бөлігін балалар арасындағы қылмыстың алдын алуға бағыттау тиімді болмақ.
Бала тәрбиесіне әлеуметтік желінің әсері көп екені белгілі. Соңғы уақытта жасөспірімдердің санасын улап жатқан фильмдер мен сериалдар зорлық-зомбылық пен құқықбұзушылықты дәріптейді. Салдарынан жасөспірімдер кинодан көргенін өмірде қайталауы жиіледі. Бұл ретте бізде рухани иммунитеттің төмендігін де айту маңызды.
Жасөспірімдер қылмысының басым бөлігі – қолайсыз және толық емес отбасының балалары. Сондықтан облыстың әр аумағының әлеуметтік картасын әзірлеп, аз қамтылған отбасылардың әлеуетін арттыру да өз тиімділігін берер еді.
 
Биболат СӘТЖАН,
«Сыр бойы»
25 мамыр 2024 ж. 257 0