Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » МУЗЕЙ – ӨТКЕН МЕН БҮГІННІҢ АЛТЫН КӨПІРІ

МУЗЕЙ – ӨТКЕН МЕН БҮГІННІҢ АЛТЫН КӨПІРІ

– Қайырлы күн, Құттықыз ханым! Мерейлі мерекелеріңіз құтты болсын! Қайбір жылы шежірелі өлкемізде өлкетану музейінің болмауынан руханиятымыз ақсап тұратын-ды. Шүкір, қазіргі таңда сол ойықтың орны толып, жұрт жиі бас сұғатын, тарихтан түрлі мәлімет алатын, құнды мекенге айналып үлгерді. Алдымен, әңгімемізді сіз басшылық етіп отырған тарихи орынның өткені мен бүгінінен бастасақ.
– «Музей» дегеніміз – грек тілінде «museion» – муза сарайы, яғни тарихи-ғылыми дерек ретінде ескерткіштерді, өнер туындыларын, мәдени құндылықтарды, т.б. мұраларды сақтап, жинақтап, ғылыми-танымдық қызмет атқаратын мекеме. Бүгінгі жаһандану заманында еліміздің тарихы мен айбарын халыққа танытып, тәуелсіздігімізді тұғырлы ету жолында жоспарлар мен атқарылған істерді ел ішіне жеткізу – маңызды да жауапты міндеттің бірі болып отыр. Осы орайда халқымыздың ғасырлардан тамыр тартатын өткенін, яғни тарихын халық арасына, кейінгі ұрпаққа таратуда музейлердің маңызы зор. Музей – ғылыми, мәдени-тарихи орталық. Музейлер – бірнеше дәуірдің тарихын, этнографиясын, тарихи тұлғаларын, өнерін жинақы түрде ұрпақтан ұрпаққа жалғап отыратын институт. Сонымен қатар олар жинақталған мұраны ғылыми түрде зерттеп, зерделеп, халықтың тарихын, мәдениетін, салтдәстүрін танытып отырады. Шиелі – мақтауға да мақтануға тұратын, жерінің байлығы құт-қамбамызға ырыс болып төгілген, елінің иманы ар-ұят болып өрілген қымбатты да қасиетті мекен. Оның киелі топырағында күллі түркі әлемінің көрнекті қайраткері – Мұстафа Шоқай, дән атасы – Ыбырай Жақаев, ән атасы – Нартай Бекежанов бастаған алыптардың ізі сайрап жатыр. Ал біз үшін бір ауданда үш музейдің болуы – үлкен жетістік. Басқа ауданда өлкетану музейі болғанымен, мемориалдық музейлер кемде-кем. Сондықтан ән атасы – Нартай, дән атасы – Ыбырай деп атап жүрген аталарымыз Шиелінің даңқын көкке көтеріп келеді.
– Шежіреге құндақталған Шиелі – тарихқа бай аудандардың санатында. Осы тұста музейдегі құнды жәдігерлердің бірсыпырасын атап өтсеңіз.
– Қазіргі таңда музейде 10 886 дана экспонат бар. Оның 7 055-і – негізгі, 3 831-і – қосымша. Бұл – үлкен байлық. Бірақ айта кететін жайт, 1982 жылы алғаш рет ашылғанда музей тек құжаттар, суреттер, орден мен медальдар жинақтаған. Сондықтан мұндағы құжаттар мен суреттер қордың негізін құрайды. Ағылшындар «Қандай істің де табысты болуы – керекті жеріне керекті адамның келуінен» деп айтады екен. Сол айтқандай, музейдің қандай деңгейде болуы, не басқа да мәдениет ошақтарының гүлденуі, жақсы жұмыс істеуі жергілікті басшылардың көзқарасы мен қамқорлығына көп байланысты. Негізі қай жерде де жақсы музей болуы үшін материалдық жағынан басқа үш фактор қажет. Олар музейдің қоры – бар жиған-тергені, екіншісі – жасақталған ғылыми экспозицияны көрсете білу, үшіншісі – жанжақты білімді, өз ісіне адал, жан-тәнімен берілген қызметкерлерді топтастыру. «Бар жаңалық негізгі – ұмыт болған көнеде» дейді халық даналығы. Музей мен тарих етене тығыз байланыста. Тарихтың тірі куәлары – көнеден қалған қорымдар, құлпытастар, зергерлік және тағы басқа бұйымдардың уақыт өткен сайын мүжіліп, тозып, жоғалып бара жатқанын, көнекөз қариялардың да мәңгілік өмір сүрмейтінін ескерген жөн. Көненің көзіндей, тарихтың өзіндей болған жәдігерлерді жинақтап, жүйелеу, оларды келешекке сақтап жеткізу, өзге жұртқа барымызды көрсетіп насихаттау – абыройлы міндеттің бірі. Қазіргі таңда қоғамда мұражай ісіне, құндылықтарына деген талап пен қызығушылық артып келеді. Отандық мұражай қызметіне, ондағы тарихи-мәдени мұраларға деген сұраныс халықаралық деңгейге дейін көтерілді. Қоғамда мұражайдың тек әлеуметтік емес, тарихимәдени мұраларды сақтайтын мәдени-ғылыми институт, ғылыми ақпараттар жүйесінің орталығы ретінде маңыздылығы артты, музей ісіне деген қоғамның қызығушылығы да өсіп келеді. Кетпенімен еңбек гимнін жазған диқан Ы.Жақаевтың көркем бейнесін жасау – ұрпақ міндеті. Білімі жоқ, білек күші бар, оқығаны болмаса да тоқығанымен, қажырлы еңбегімен әлемді таңғалдырған Ы.Жақаев жайында қарымды қаламгерлеріміз талай туындыны дүниеге әкелді. Бүгінге дейін Мәскеу мен Алматының, сонау Германиядағы неміс драматургы Бертольд Брехт те туындыларына Жақаев ерлігін арқау еткен. Өзінің «Менің бақытым», «Өмір жолдары» кітабы да – диқан бейнесін толық ашатын көркем дүниелер. Ыбекеңнің еңбек үрдісіне сай облысымызда «Жақаевшылар қозғалысы» кеңінен өрістеді. 1964 жылы «Жас ұрпаққа сәлем хатын» жолдағаннан кейін жастар арасында жақаевшылар қозғалысына биыл 60 жыл толып отыр. Жақаевшылар қозғалысының 60 жылдығына байланысты шараларды қазан айында өткізу жоспарланып отыр. Даңқты диқан атында күріштен мол өнім алған егіншілерге берілетін «Ы.Жақаевтың еңбек аттестаты» белгіленіп, аудан орталығынан атақты күрішші есімін иеленген республикалық мектеп ашылып, онда егіншілер теориялық білімдерін бай тәжірибемен толықтырып отырды. Қазір ауданымызда өзі құрған «Қызылту» колхозы мен бір орта мектеп және орталық көше, Ы.Жақаев есімімен аталды. 1982 жылдан бері Ыбекеңнің атындағы күріш өсіру тарихы музейі жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда Ы.Жақаев ауылында атамызға ескерткіш орнатылған. Атамыз жайлы қаншама ақындарымыз өлең-жырларын арнап, кітаптар жазды.
– Музей қонақтарын селт еткізетін бұдан өзге экспонаттарды сөйлетсеңіз...
– Музейге келгендер қайың сапты үлкен диагоналды кетпенді көргенде, «Мына кетпенді қария қалай көтерген?» деп таңғалады. Ең құнды экспонаттары – кетпені, байтесесі, қазақы орағы, ағаш-темір соқалары, аяқ көрік пен қол көрік халықты тамсантады. 2016 жылы Астана қаласындағы Ұлттық музейден «Алтын адам» реконструкциясын осы Жақаев музейіне алып келіп, оны аудан халқы, қонақтары, аудан көлеміндегі мектеп оқушылары тамашалады. Бұл – өңірдің жетістігі, Ы.Жақаев атамыздың құдіретті еңбегі.
– Ерекшелігі сол, тарихқа тұнған музейдің табалдырығын аттай қалсақ, жайқалған гүлдер мен жасыл желек көздің жауын алады. Ерекше әсер сыйлайды. Біз мұны мұражай қызметкерлері экспонаттармен жұмыс істеп қана қоймай, ғимарат айналасына да жіті мән береді деп топшыладық.
– Иә, гүл – менің екінші демім десем де болады. Гүлсіз өмір мәз емес, мәнді де болмайды. Сондықтан да көркейтукөгалдандыру жұмысына етене көңіл бөлемін. Музей ауласының көз тартар келбетіне сүйсінгені соншалық, аудан тұрғындары арнайы келіп суретке түсіп кетіп жатады.
– Күні бүгінге дейін сіздердің ұйымдастыруларыңызбен нендей іс-шаралар өтті?
– Даталық мерекелік іс-шарадан басқа біздің жобаларымыз да бар. «Музейдегі сұхбат», «Кеше, бүгін, ертең», үш тілдегі экскурсия мектеп оқушыларына «Мирас» клубы арқылы жоспарлы түрде жүргізіледі. Музей – өлкемнің тарихы, халқымның қазынасы, ел-жұрттың тағдыры, менің де тағдырым. Осының бәрі келешек ұрпаққа аманат.
– Сұхбатыңызға рақмет!
19 мамыр 2024 ж. 172 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930