Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ертеңінен үміті көп...

Ертеңінен үміті көп...

ÐаÑÑинки по запÑоÑÑ ÒÒ±Ñма оÑазаРедакциядағы қалыптасқан үрдіс бойынша газеттің дүйсенбідегі санын алдын ала жоспарлап, ұлы жобасын күні бұрын әзірлеп қоятынымыз бар. Тек сол күнгі орын алған оқиғалар мен шұғыл ақпараттарды мезетінде жазып, қалыпқа салып, ертеңгі таралымның жаңа жаңалығы ретінде оқырман назарына ұсынып жатамыз.
Әдеттегідей, дүйсенбі күні газетті толық беттеп, қатесін қарап, тақырыптың әрқайсысына мұқият тоқталып баспаға жөнелттік. Түндегі тарападан кейін Бекен ағам бүгінгі ауызашардың Ерғали көкеміздің шаңырағында өтетінін айтқан болатын. Иә, күнделікті намаздан кейін айтылатын бұл хабарландырудың орны бөлек. Тарапасын оқып, тәспісін қайырып, тіләуатын жасаған жамағат осы бір сәтті асыға күтетіні де жасырын емес. Бекең де өзіне ұйып, ауызына үңіліп тұрған көпшілікті байқап, әзілдегенсіп, кейде бір сәтке кідіріп алады да «ертеңгі ауызашар пәленшенің үйінде» деп хабарлайды. Міне, осы кезде жамағат өздерін құрметтеп шақырған бауырларының бар екенін біліп, бір марқайып қалады. Иә, ораза басталғалы ауылдың аурасы ерекшеленіп, айнала мейірімге бөленіп кеткендей. Оны ауызашар беруге асыққан ағайынның кең пейілінен-ақ аңғаруға болады. Одан бөлек ауылдың балиғатқа толған баласынан бастап, хат таныған қариясына дейін мешітте жиналып түнгі намазды жамағатпен өтеуі бауырластықты арттырып, ағайын арасын жақындата түскендей. Құтты мекенде отырып бір-бірімен емен-жарқын әңгімелескен жамағаттың құштарлықпен құлшылық жасағанын көргенде еріксіз «шүкір» етіп қаласыз. Ал, ауылдағы отыз күн бойы өтетін ауызашардың орны ерекше. Көпшілік жиналған мұндай
отырыста үлкендер пәтуәлі сөз айтып, жеткіншектерге дұрыс бағыт беріп жатады. Сонымен қатар, салт-дәстүрді өскелең ұрпақтың санасына қондырып, іс жүзінде көрсетуге де мүмкіндік мол мұнда. Ал, шариғатты шартымен орындап, діннен сабақ алғысы келгендер ауыл имамына тікелей сұрақтарын жолдап, қонымды жауаптарына қол жеткізеді. Осылайша ауыл жастары ғаламтор мен әлеуметтік желідегі түрлі мысық тілеу миссионерлердің емес, есімі елге белгілі жарты ғұмырын жамағатты имандылыққа шақыруға арнаған Мұхан қажының өнегелі әңгімелерін естіп, муфтият бекіткен Қуаныш Мұхамедқалиұлының уағыз-насихатына сусындап келеді.
Иә, берекелі айдың адам баласына берері көп. Бір ғана аузашардың өзінен жеткіншектер көпшілік ортада өздерін қалай ұстау керектігінен бастап, ас ішу, үлкенмен сөйлесу, тыңдау, бата беру, құран оқу секілді ұлттық құндылықтар мен дәстүр-салтымызға қанығып өсері анық. Ал, қазіргі уақытта үзілудің алдында тұрған аға буын мен болашақ ұрпақ арасындағы рухани түсіністік пен сабақтастық рамазан айының күнделікті ифтар уақытында бейне бір қайта жаңарып жатқандай.

Е.ДАТҚА.
20 мамыр 2018 ж. 939 0