Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » КІТАПҚА ҚҰМАР ӘЖЕ

КІТАПҚА ҚҰМАР ӘЖЕ

Адамның адами болмысы мен асыл қасиеттері отбасында қалыптасатыны даусыз. Отбасында алған үлгі-өнеге, тәлімтәрбие арқылы ғана еліне, жеріне, Отанға деген сүйіспеншілік сезім орнығады. Ал отбасындағы басты құндылық ұлттық тәрбие деуге болады. Сол ұлттық тәрбиенің дәнін себуші жанның бірі – әжелер екені даусыз. Тұла бойы тұңғышын атасы мен әжесінің тәрбиесіне беріп, «атасы мен әжесінің баласы» деп есептеп, солардың бауырына басатын ұлт қазақ қана.
Бауыржан Момышұлы бір сөзінде «Бесік жырын білмейтін аналар көбейді, ертегі айтып елітетін әжелердің азайып бара жатқанынан қорқамын» деген екен. Расында, заман өзгерді деп жаңашылдыққа салынып, балаларымыздың қолына смартфон ұстатып, ертегінің орнына түрлі мультфильм көргіземіз. Ал бесік жырын айтудың орнына даңғаза әуендерді қойып сәбиді жұбатып жүргеніміз жасырын емес. Ескіліктің сүрлеуінде қалған салт-дәстүрлеріміздің құндысын қайта жаңғыртып, мәдениетімізге сай әдеп-ғұрыптарға жан бітіру керектігін айтып та жазып та келеміз. Ендеше балаға ертегі айтудың маңызын насихаттап, өнегелі әжелердің өмір өрнегін көпшілікке ұсынғанды жөн санадық.
Дүниеге 9 баланы әкеліп, кеудесіне алтыннан алқа таққан батыр ана, өнегелі әже Қалдан Ахметова 80-ге таяп қалса да қолынан кітабын еш тастаған емес. Көзінің жөнді көрмейтіндігі кедергі келтірсе терезеден түскен сәуленің жарығына жантая кетіп, жастығының астынан кітабын суырып оқи жөнеледі. Немерелері келген-кеткен сайын «Кітапханаға жаңадан кітап келді ма? Біле жүріңдер, ала келіңдер» деп отыратын әжелерімен әңгіме дүкен құрғанды ұнатады. «Әже, әже» деп айналшықтап жанынан шықпайтын немерелеріне батырлар жыры, ертегі мен дастандарды айтып береді. Әңгімені әріден қозғайтын әженің сөз саптауы да ерекше. Байырғы салт-дәстүр, ырым-тыйымдарды айтқанда өмірлік азық, рухани байлыққа кенеліп сала бересіз.
– Ертегі, аңыз, қазақтың тарихы балалар тәрбиесінде маңызы зор құндылықтар. Қиял әлемінен қанат қағып шыққан бүлдіршін аңыз әңгімемен жетіледі. Одан кейін қазақтың тарихын шығармаларына арқау еткен ақынжазушылардың шығармаларымен шыңдалады. Бойда қуат, жанарда сәуле барда ұрпағыма ұлағатты тәрбие бере алсам бабалар ізін жалғағаным емес пе? Кейде ертегі айтсам немерелерім «Әже, сақа деген не, құрық деген не?» – деп түсінбей жатады. Осындай сәтте баланың тап-таза санасына тағылымды дүниелерді жаттатқызуға тырысамын, – дейді Қалдан әже.
Сол себепті әже тәрбиелеген бала сөздің қадірін біледі, орнымен сөйлеп, сөзді тауып, нықтап айтады. Немересін баласынан ыстық көретін ата-әжелеріміз бұрындары кішкентай қарадомалақтарын бір елі қастарынан тастамайтын. Бала үнемі үлкендермен бірге жүріп, олардың өнегелі әңгімелерін, тарихтан шерткен сырларын, ән-жырларын, шежірелерін тыңдап өседі. Немересін жырмен жұбатып, әнмен әлдилеп, ертегімен еліткен Қалдан әже әдемі қартаюдың үлгісіне айналып отыр. Елін қорғаған батырдың ерлігі мен өрлігін өнеге етіп ұрпақ тәрбиелеуде. Осылайша бала ерте жастан-ақ бабалар жүрген жолды біліп өсіп, өз елінің, ата-бабасының тарихынан хабардар болады. Даланың дана қарттарының қолында өскен бала қай кезде де рухани дүниесі бай, ұлттық намысы жоғары, көргенді, көпшіл болып өседі.
Осыдан-ақ, ұрпаққа ұлағатты тәрбие беріп, оларды адами келбет ауанынан алыстатпау үшін ақ жаулықты «әжелер мектебінің» өзіндік рөлі барын аңғаруға болады. Әже өнегесі ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлы құндылық, тәрбиенің қайнар көзі. Әже алдын көріп, тәлімін алғандардан қазақтың сүт бетіндегі қаймағындай болып, тарихта есімі қалған ұлылар қатары көп-ақ. Зередей зерделі де ұлағатты әжеден аңыз-әңгімелер мен жырдастандар тыңдап өскен бала Абай дана Абайға, қазақтың ұлы ақынына, зор тұлғаға айналды. Ал Айғанымдай әженің өнегесін көріп, тәрбиесін алған Шоқан кім болды? Өз тұстастарының алды, қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызына, халық мақтанышына айналды. Бұдан өзге Біржан сал, Мұхтар сынды қазақтың маңдайалды, біртуар азаматтары да әженің тәрбиесін көрген, әженің алақанынан түлеп ұшқан. Тізбелей берсек, «әже мектебінен» сусындап өскен ұлылар саны мұнымен шектелмейді. Осы мысалдардан-ақ әженің қоғамдағы орны мен маңызы айшықталып тұр.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
16 мамыр 2024 ж. 188 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930