ҰТАМЫН ДЕП ҰТЫЛЫП ҚАЛМАҢЫЗ
Соңғы кезде инстаграм желісі арқылы алданып қалдым деп шағымданатындардың қатары көбейіп кетті. Вконтакте желісінде парақшаларға көп адам жинау үшін басталған құйтырқы құбылыс қазір инс таграмда көз ілеспес жылдамдықпен дамып барады. Ұтыс ойындарының танымал болғаны сонша блогерлер ІТ мамандарын алдауға көшкен. Ал жаппай ұтысқа тігіліп жатқан пәтерлер мен көліктер ұтыс ойындарының әділ өтетінін қадағалап жатқан жан бар ма? Болар-болмас ақшаға билет алып, ойламаған жерден үйлі бола салу – әркімнің арманы. Дегенмен осындай арманға алданып қалмасыңызға кім кепіл?
Адам жеңіл нәрсеге жаныққан сайын, табыстың еңбекпен келетінін ұмыта бастайды. Бұл өте өкінішті. Бір қызығы ұтыс өткізгіш пысықтардың ішінде елге танымал азаматтар көп. Соңғы жылдары тойдың табысы азайды ма, әйтеуір жеңіл ақшаның буы шыққан жерден өнер иелерін тобымен тауып аламыз. Қанша ауыздары күйсе де, қоятын түрлері жоқ. Әлеуметтік желіні ашып қалсаң ұтыс ойнатып, жарнама жасап жүрген жандардан көз сүрінеді. Қазақстандық әртістер мен шоу-бизнес адамдарының кейбірі автокөлік пен баспаналарын тегін таратып жатқандай сөйлейді. Олар мыңдаған кітап немесе ән жинақты билет есебінде сатып, бағалы заттарын ұтысқа тігеді. Билет құны да арзан емес. Осындай ұтыс ойындарына жүздеген адам қатысып бағын сынайды. Желіде қайырымдылық акцияларын жариялап, көрсетілген есеп шотқа ақша аударуды сұрайтын жарнамаларды да көреміз. Алаяқтар тіпті осындай шаралардан да ақша табуды көздейді. Мейірімді жандар жарнамадағы аз қамтылған отбасыға, науқасқа көмек болсын деп ақша аударады. Ал ол қаражат түбінде алаяқтардың апанына келіп түседі.
Парақшасын дамытуды көздеген ауданымыздың тұрғыны ұтыс ойындарынан оңбай опық жегенін айтады. Кейіпкеріміз аты-жөнін құпия сақтауды жөн көрді. Оқырманын көбейтуді ойлаған кейіпкеріміз біраз уақыт бұрын танымал блогердің ұтыс ойынына демеуші болып қатысыпты. Әуелде уәде етілген оқырмандар жиналғанымен, арада уақыт өтпей барлығы ізім-ғайым жоқ болып кеткен. Күткені нәтиже бермесе де, дәл сол блогердің ұтыс ойынына өзі қатысып он мың теңгесінен тағы айырылып қалады. Сондықтан кейіпкеріміз оңай олжаға құнығудың еш қажеті жоқ екенін айтады.
Мемлекеттік кіріс департаменті мұндай жарнама заңға қайшы десе, ұтыс ойнатушылар бұған келіспейді. Қазақстанда лотерея өткізу құқығына ие жалғыз компания «Satti Zhuldyz» акционерлік қоғамы. Бұл жағдай компанияның қызметіне кедергі келтіріп отыр. Себебі ұтыс ойнататындар бұл кәсіпті лотерея деп атамаса да, лотерея стандарттары бойынша жұмыс істейді. Ол заңға қайшы. Сондықтан миллиондап қаржы тапса да, мемлекетке көк тиын салық төлемей жүргендер заңды түрде жауапқа тартылатын болады. Салықшылар ақша үшін ардан аттағандар, заңнан аттай алмайтынын айтуда.
Ел аузында ертеден келе жатқан «сақтансаң сақтайды» деген тәмсіл әлеуметтік желіні де айналып өтпейтінін есте сақтаңыз. Біздің қазақта тұрақты тіркес көп. Бірақ тұрақсыз санамыз соны қабылдамай қояды. Оңай олжа опа бермейтінін біле жүрейік. Онлайн ойындардың жарнамасын көрсеңіз тіптен жоламаңыз. Беттің арын белбеуге түйіп қойып біреуден ақша алып, оны күмәнді ойынға салу өзіңнің өміріңді ойнатқанмен бірдей. Жеңіл жолмен келген ақша жақсылық әпермейді. Алаяқтарға алданып қалмай, адал еңбекпен ақша тапқаныңыз абзал.
А.АСАН