Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұтыс ұйымдастырушылардың ұпайы түгел ме?

Ұтыс ұйымдастырушылардың ұпайы түгел ме?

«Қазақта жоқ ақылмен ой бекітпек,
Нәпсі ұнаса болғаны – бәрі бітпек.
Тәуекел деп ат қойып ықтималға,
Байлауы жоқ нәрседен пайда күткен».
Шәкәрім Құдайбердіұлы осы бір өлең жолдарымен бүгінде кең етек алған лоторея секілді құмар ойынды ойнайтындарды сынап тұрғандай көрінеді.

Иә, әлеуметтік желінің «әуені» әлі де таусылар емес. Соңғы уақытта желідегілердің «желігі» ұтыс ойындарына ауды. Барлығы бірдей жарысып лотерея ойнатып, билет сатуға көшті. Ал аз ақшаға қомақты жүлде алудан үмітті қарапайым халық ұтыс ұйымдастырушыларының бар талабын орындауға әзір.
Бүгінде қоғамда кең тараған «инстаграм» әлеуметтік желісінде лотерея бизнесі қайнап тұр. «Небәрі 5000 теңгеге су жаңа автокөлік, 10000 теңгеге билет сатып ал да, осы пәтердің иесі атан…» деп қара халықты магнитше тартқан ұтыс ойындарын көбіне елге танымал, оқырмандары көп тұлғалар өткізіп жүр. Бірақ олардың заңды қаншалықты сақтайтындарын қадағалап жатқан ешкім жоқ. Жүлдесі мыңның біріне ғана бұйыратын мұндай «батпан құйрық» ойын түрлері заң аясында бақылануы керек-ақ.
Осы жерде әлеуметтік желі арқылы ұтыс ұйымдастыру, лотерея ойнату заңды ма деген сұрақ туады. Сауатты адам бірден бұл әрекеттің заңсыз екенін айтады. Себебі, біріншіден, әлеуметтік желі арқылы ұтыс ұйымдастыруға заң бойынша рұқсат берілмеген. Екіншіден, ұтыс ұйымдастырғандар тапқан табысынан мемлекетке салық төлемейді, яғни ақшаны заңсыз айналдырады. Лотереяны елді алдап-арбап та, әділ өткізіп те жатқандар бар. Халықтың ақшасын жинап алып, ұтысты алдын ала белгіленіп қойған танысына табыстағандар мен белсенділер талай рет соттасты да. Бірақ ешкім оларға тосқауыл қоя алмай келеді.
Ал әділ ұйымдастыратындар жүлдеге тігілген дүниенің барлығын тиісінше таратады, бірақ қазына қаржысын толтырмайды. Яғни лотереядан түскен табыстың бір бөлігін таратып, қалғанымен қалталарын қампайтады. Айта кетейік, қазір парламентте «Лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралып жатыр. Аталған заң жобасына өзгеріс енгізілсе, әлеуметтік желіде лотерея ойнатқан жеке тұлғалар жауапқа тартылады. Бұл дұрыс-ақ. Өйткені, ұтыс ойынына қатысқан 3000 адамның біреуі ғана топ жарады. Қалған 2999-ы ақшасын берген күйінде қала береді. Және олар бір ұтысқа қатысумен ғана шектелмейді. Келесі біреудің парақшасын бақылап, ол жақтағы онлайн бәйгеден де жүлде алуды көздеп, тағы да жарна төлеп жүреді. Ғайыптан тайып, бағы жанып кетпесе, ұтылған үстіне ұтылады. Құдды бұл да бір құмар ойынның «мәдениетті» түрі секілді көрінеді. Бір жағынан әлеуметтік желі ұлтымыздың психологиялық әлсіздігін айқындап беріп жатқандай. Арзан нәрседен дәмету, тегін несібеге жүгіру – бұл еңбекқорлықты, кәсібилікті жоятын бірден бір фактор екені анық. Мұндай жағымсыздау үрдісті заң түзей ме, әлде заман түзей ме, оны уақыт көрсетер.

Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ
28 желтоқсан 2019 ж. 644 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930