ҚЫЗ АЛДЫНДА ТІЗЕ БҮККЕН ДҰРЫС ПА?
Қып-қызыл раушан гүлдер мен қораптағы сақина, әдемі локация, қыз алдында тізерлеп отырып жүрегін ұсыну... Мұның барлығы қазіргі қоғамда болып жатқан сәт. Әлбетте жігіттің қызға әдемі ұсыныс жасағанын құптаймыз. Бірақ, тізе бүгіп емес. Расында романтик пе, әлде бәрі де Instagram үшін бе, деген ой да көкейде қылаң бермей қоймайды. Жастар арасындағы бұл үрдіске көзқарас әртүрлі. Бірі даттайды, бірі құптайды. Ал бұл жөнінде аудан жастары қандай ойда екен? Құлақ түріп көрейік.
Жеңіс, 28 жаста: Тізерлеп отыру – жалыну, бас ие отырып, сенің құлың болайын дегенді білдіреді. Барлық тарихи фильмдерде тек лауазымы төмен адам ғана тізерлеп отырады. Жеңілуді де «тізе бүкті» деген тіркеспен сипаттайды. Сонда болашақ жарының құлы болғысы келеді дейсіз бе? Тіпті кезінде қазақтың батырлары жаудың алдына ешқашан тізе бүкпеген. Қысқасы, бұл қылық – ұлттық ұстанымызға қайшы, қазақы қалыбымызға жат нәрсе деп ойлаймын.
Гүлнәр, 25 жаста: Негізі біз шетелге еліктейміз деп, қазақы дәстүрімізді ұмытқандаймыз. Тізерлеп отыруды дұрыс деп есептемеймін. Қазақта мұндай дәстүр болмаған. Егер намысын қайратына жаныған жігіт болса, басқа біреуге еліктеп, өзгенің алдында тізерлемес. Ақылды, есті қыз болса ұнатқан жігітін ондайға итермелемес.
Еркін, 26 жаста: Жақында өзім ұнатып жүрген аруға ұсыныс жасадым. Тосын сый жасап қуанттым. Әсем әуен, жан-жағымызда таулардың биіктігі көздің жауын алады. Барлығы тамаша болды. Бірақ мен тізерлемедім. Ондай жағдайларды көріп жүрміз. Десек те, қазақ жігіттері намысшыл. Басты ие беруге болмайды деген ойдамын.
Ақерке, 21 жаста: Ғашықтарға ұсыныстың қалай жасалғаны маңызды емес. Бастысы бұл жерде көңіл.
Диас, 23 жаста: Мен бұл жағдайға түбегейлі қарсымын. Дүниеге әкелген анасының алдында сый-құрметін көрсетпеген жігіт қалай ғана қыздың алдында тізе бүгеді? Түсінбеймін. Мәселен, мен сөйлесіп жүрген қызыма ұсыныс жасайтын болсам, кәдімгідей-ақ сақинасы мен гүлін беремін. Артық ештеңе емес.
ТҮЙІН: Психологтардың пайымдауынша, жігіттің үйленбей жатып, қыз алдында тізерлеуі, психологиялық түрде әу бастан-ақ, іштей әйеліне бағынып, соған мойынсынуды білдіреді екен. Осыдан кейін жақсының орынан жасық, алыптың орнына әлсіз, батырдың орнына боркемік босбелбеу ұрпақтың өсіп жетілмесіне кім кепіл?! Содан да болар қазақ халқы жауырыны жерге тимеген, жауына бас имеген намысты жігіттердің биік тұруын әу бастан талап еткен. Мұны қазақ бір ауыз сөзбен «алтын басты әйелден, бақыр басты еркек артық» немесе «байтал шауып, бәйге алмас» деп жеткізген. Осындайда Шал ақынның: «Әйел алсаң, қарап ал ақылдысын, Сол болар басқадан да жақын кісің. Ағайынға, туысқа қайырылса, Дүниеде нағыз сол ғой мақұл кісің. Еріне – аю, баласына – қасқыр болса, Ондай әйел алғанның күні құрысын» деген сөзі оралады. Сондықтан, «I said yes!» бастамасын жалғастырмай-ақ, жұрт көзінше тізерлемей-ақ отау көтеріп, бақытты өмір сүруге болады.
Айнұр ИБРАШ
Фото: emilia-spanish.ru