Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бұл махаббатқа таң қалам...

Бұл махаббатқа таң қалам...


Домбыраның көмейіне көкейіндегі сезімді салып, сұлудың жүрегін жаулаған сал-серілердің сарқыншағы бүгінгі жастар. Көңіл түкпіріндегі махаббатты жеткізу үшін не істемейміз? Тіпті, орталық алаңға айналдыра шам жағып, қолға гүл алып, шар ұшырып, сан түрлі романтикалық кештерді ұйымдастырғандарды да көріп жүрміз. Тек әттеген-айы, тізе бүгуді білмейтін қазақтың қыз алдында тізерлеп отырып, қолын сұрағаны.
Қазақтың салт-дәстүрінде жастардың шаңырақ көтеріп, үй болуына қатысты жөн-жоралғылары баршылық. Соның бірі – қол ұстасу. Яғни күйеу жігіттің қалыңдығын қолынан ұстап үйіне алып келуі. Ол – жұбайлық өмірдің басы. Ері ендігі жерде әйелі үшін жауапты, некемен келер барлық жауапкершілікті мойнына алады. Бұл дәстүрді қазіргі келісіммен «алып қашуға» ұқсастыруға болады. Бір қуанарлығы, қазір қалыңдықты айттырып, ата-анасының келісімімен ұзату жақсы үрдіске айналды. Қос жүрек жарасым тауып, шаңырақ көтерсе ол шаттық.
Бүгінде қыз алдында тізерлеп отырып қолын сұрайтын жігіттер пайда болды. Бұл тіпті, сәнге айналды десек те болады. Тізерлеп сөз салу батыс серілерінен қалған сарқыншақ екені айтпаса да түсінікті. Алайда, ешкімнің алдында тізесін бүкпеген қазақтың бүгінгі ұрпағы қыз алдында тізе бүгуге көшті. Көзге оғаш көрінетіні де содан... Қазақтың жігіті өлімнен ұятты, сезімнен намысты биік қойған. Жау алдында өліп кетсе де бас имейтін, тізе бүкпейтін, жауырынын жерге тигізбейтін. Сол себепті бұрынғы заманда әйелдер күйеуінің алдында көп сөйлеу тұрмақ қарсы пікірін жанамалап, астарлап түсіндірген, жерден алып, жерге салмаған. Сондықтан да сол заманда ер адамдар әйелдерден бір саты жоғары тұрып, қадірлі болған. «Алтын басты қырық жандыдан бақыр басты қамшы ұстаған артығырақ» сөзі өтімдірек болды. Бұрынғы қазақ батыры әйеліне сөзін өткізе алған, алайда ақылын тыңдай да білген.
Салт-дәстүр, жөн-жоралғыдан жаңылмаған қазақ халқының бұл ісіне көпшіліктің де көңілі толмайтын көрінеді. Мәселен, кент тұрғыны А.Нұрланқызы «Иә ұлттық идеологияға берілмей-ақ, сыртынан қарағанда «не деген сезім, не деген махаббат», – деп ойлайтының да рас. Алайда ұлттық идеологияны, ұлттық сананы шетке ысыра берсек, ұлттық құндылығымыздан айырылатынымыз тағы бар. Біздің қазір ақсап тұрған жеріміз де осы емес пе? Шетелге еліктеуден алдымызға жан салмаймыз, өзіміздің дүниені жаңғыртуға келгенде аузымызды құмға толтырғандай үнсіз отырамыз. Шетелге еліктегелі қандай ел болдық, осыны ойландық па? Некесіз баланы да, қоқысқа тасталған шақалақты да, қызға айналған еркекті де, еркектен асып балағаттаған әйелді де, көшеде ішіп алып, төбелескен қазақ қызын да, соларды мазақ қылған қазақтың «намысқой» жігіттерін де көрдік. Біз көрмеген тағы не қалды?» деген пікірін білдірді.
Ал, Ұ.Сейдахмет «Менің пікірім, ойым нәзік жаратылыс иелеріне ұнамауы әбден мүмкін. Алайда жігіттің қыздың алдында тізерлеп тұрып, «Маған тұрмысқа шықшы», — деп өтініш жасауы қазақ жігітіне үлкен сын. Бұл пікірімнен қайтпақ емеспін. Мен қазақ қызы ретінде өзімнің болашақ жарымның елдің көзінше тізерлеп, маған ұсыныс жасап, өзінің деңгейін, намысын түсіргенін қабылдамас та, қаламас та едім. Мен дәл сол сәтте бас тартатын да шығармын. Себебі мен армандаған, мен қиялдаған жігіт маған сөзін өткізе алатын, мені өзінің айтқанымен «жүргізіп-тұрғызатын» болуы тиіс. Бұл сөзімді әркім әрқалай түсінер, алайда дұрысы – осы. Себебі ер адам әйел затынан қашан да бір саты жоғары тұрады, әйел адам ерінің айтқанын орындау керек деген дәстүрде де, шариғатта да бар. Шариғатта ер адамдарға «әйеліңе аманат ретінде қара», - деген бұйрық бар. Ал күйеуі мен әйелі бір-біріне мейіріммен қарауы, қалжыңдасып ойнауы сүннет амалға жатады. Қазақ та бұл сүннетті ұстанған, амал еткен. Алайда көпшіліктің көзінше емес» дейді.
Иә, жаһандану дәуіріне қадам басып, әлем елдерімен тәжірибе алмасудамыз. Дегенмен өзіміздің құндылықтарды құлдыратып алмауды да ойлағанымыз жөн-ақ. Тіпті, тұрмыс құрып, шаңырақ көтергеннен соң да, сәбиінің жынысын әлемге жария ететін «Гендер пати» жасау қаншалықты қажет? «Қызойнақтың» дәурені өтті ме дегенде, тағы енді не шығар екен деп елеңдеп отырмайықшы...

Сымбат Сұлтан
26 наурыз 2021 ж. 686 0