Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Менің жарым боласың ба?

Менің жарым боласың ба?

Қып-қызыл раушан гүлі, алтын сақина, әдемі әрленген әсем шарлар арқылы қыз алдында тізерлеп отырып, жүрегін ұсыну... Бұл бүгінгі жастардың жаңа өмірге қадам басып, ер азаматтың сүйіктісіне үйленуге ұсыныс жасау үрдісі. Жігіттер болашақ қалыңдығына жүрегін ұсынып, мұның бірін де қалт жібермейді. Осылайша, өзгелерден ұят болмасын деп шетелден келген дәстүрге бейімделіп барады. Тіпті, кейбірі 101 рау­шан гүлдің бағасына қарамай, сүйіктісіне тізерлеп беруге дайын. Расында, романтик пе, әлде бәрі де Instagram үшін бе деген ой да көкейде қылаң етеді. Оған қоса, халық арасында хайп деген дүние пайда болды. Үйлену хайп емес. Алайда, мақтаныш үшін яки, өзгелердің көзіне көріну үшін жасалатын бір сағаттық қойылым көпшіліктің назарын өзіне аударғаны рас.
Дегенмен, тұрмыс құрып шаңырақ көтеру жастардың өмірінде ерекше орын алатын жайт. Оған дейін олар айлы түндер мен абат бақтарда серуен құрып сайран салады. Ал, үйленер шақта бір-бірінің сезімін іштей түсініп, сөзімен емес, көңілімен келіседі. Бұл күндері қызға сезім білдіріп, ұсыныс жасау бөлек мереке. Біреуі сыйлық жасап, екіншісі құмырадан шыққан перідей тосыннан сап етіп, қолына сақинасы мен гүлін ұстап улап-шулап сезімін білдіреді. Бұрын қалай еді? Аталарамыз сезімге берілген бе? Ол кездің өз рабайы, сыралғы тірліктер болған. Дәрежесіне созса қолы, қараса көзі жетпейтін еркек атаулының бұлай жасап жүрген іс-әрекеті оғаш көрінеді. Өйткені, отбасын сақтаушы ғана емес, мұқым елдің тыныштығына жауапты солар. Ашуланса қаһарлы арыстанның айбатынан сынық сүйем кем емес-ті. Ал, мұндай аптал азаматтардан әлгі айтқан тосын сыйларды күтіп көр. Қазір, дүние шыр айналып өз дегенін жасап жатыр. Қит етсе әр нәрсені заманға жауып, өз қатемізді ақтайтын әдетіміз бар емес пе? Сол қисынға салсақ, әйелдердің дәрежесі еркектерден біршама көтерілді. Иә, әйел отбасында бала қараушы, үйдің берекесі ғана емес, мемлекеттік істерді шешіп, еркектермен қолтықтаса жүретін қызметкер. Демек, бұрынғыдай отбасын асыраушыларға еркек қана емес әйел де қосылады. Тіпті, отағасынан да көп ақша табатын әйелдер де жетерлік. Дұрыс-ақ, осынау мазаң дүниеде еңбек етпесең еш қаласың. Жігіттердің қыз алдында тізерлеп тұрып, сөз салуының бір себебі осыдан ба деймін? Үйленген соң «мені асырашы, менің тірегім бол» деген сөз жалынудай көрінеді. Әйтпесе, «менің өмірлік жарым бол», «жабыққанда қолдаушым бол» деген ақ ниет, махаббаттан туған ой болу керек еді. Бізді бойжеткендерге бас салып етегіне жармасып, жығыла кететініміз қынжылтады. Құдды бір солай жасамасақ «иә» деген жауапты ала алмайтындаймыз. Тікесінен тік тұрып, сөз салсақ, көңілі қалып, салы суға кетердей. Бұл келіссіз іске тағы бір итермелейтін дүние теледидардағы кинофильмдер. Әр фильм махаббатпен ұштасатыны белгілі. Солай десек, қызға сөз салар алдында әлгіндей тізерлей кететіні тағы бар. Бұл көбіне шетелдің киноларындағы көрініс. Адам ақпараттың 90 процентін көзбен қабылдайтынын ескерсек, фильмдердегі көріністер өсіп келе жатқан балаға бірден әсер етеді. «Маған да солай жасауға болады екен» деген ой туады. Дінімізде де «еркек әйелден бір саты жоғары». Бұдан кейін қалай жалпақтай кетеміз. Неге өзіміздің дәрежемізді түсіріп жүрміз? Қыз алдына тізерлемей-ақ, қалың малын беріп, бойжеткенді бақытты етуге әбден болады. Бұрынғы сал-серілер секілді қасқайып тұрып, һас сұлуды жар етуге жігері жетпейді ме? Ата-бабаларымыздың жүріп өткен ізі арқылы қазақы дәстүрлерін сақтай білуіміз қажет екенін еске сала кетейік.

Шапағат ТІЛЕУБАЙ
17 тамыз 2021 ж. 540 0