Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БАС ТАРТУДЫҢ ӨЗ ӘДЕБІ БАР

БАС ТАРТУДЫҢ ӨЗ ӘДЕБІ БАР

Қонағын Құдайындай сыйлайтын қазақ халқы құрметті мейманына төрден орын берген. Сыйлы қонаққа өзі баптап баққан адал малын сойып, сыйластық белгісі ретінде бас тартқан. Бас тартудың да өз жолы бар, дәстүрі сақталған. Ал мұны білмеген сыйластыққа сызат түсіреді, құтты болған қонағының құтын қашырады.
Жалпы қонақты құрметтеп, оған бас тарту рәсімі ықылым заманнан бар. Бұл адамдардың бір-біріне деген сыйластығын білдіреді. Әркез тамақтанудың тәлімдік астарына үңіліп, асты талғап жеуді таразылаған халық өкпе-ренішін де осы арқылы жеткізіп отырған. Сондықтан бас тартуға келгенде өте ұқыптылық қажет.
Алдымен, «Бісмілләсін» айтып, «сенде жазық жоқ, менде азық жоқ» деп мал сойылғаннан оның басы бір бөлек алынып, тазаланып, құрметті қонаққа тартамын дегенше үй иесі сыналады. Төрт-түлік басын тазартуға келгенде де аса ұқыпты болу керек. Жылқының бас терісі сыпырылып алынатын болса, сиыр, қой-ешкі басы үйітіледі.
Бастың құйқасын күйдіріп алмай үйітіп, қылшығын қалдырмай жуып, жігін қуалай айырып, кеңсірігін сілкіп, көзінің шелін ағызып, тісін қағу – үлкен шеберлікті талап етеді. Тазартылған жылқы мен сиырдың басы көз қуысына таяу кеңсіріктен бір шабылып, маңдайынан қақ жарылып, үшке бөлінеді. Алайда, жылқының тұмсық тұсы алынбайды. Сондықтан, жылқының екі шекесі, сиырдың үш шекесі бір бастың орнына жүреді. Түлік малының басын бөлек асып, татымды етіп пісірудің де өз ерекшелігі, әдісі бар. Қазақ халқы құрметті қонағына қойдың басын тартады. Оны асып жатқанда маңдайын айқастыра тіліп қоятын болған. Оны жұртшылық бастың жолын ашу деп біледі. Ал сыйлы мейманға жылқының, сиырдың шекесі тартылмайды, ол тек үлкен аспен бірге жүреді.

А.АСАН
Фото: sputnik.kz
09 сәуір 2024 ж. 217 0