Бас тарту кәдесін білеміз бе?

Бас ауылдың жасы үлкен қариясына, сол ортаның сыйлы адамына, әулеттің үлкеніне, құдасына тартылады.
Қазақта астың төресі ет болса, табақ кәденің төресі – бас тарту. Қонақ шақырып, мал сойып, ет асқанда, әрбір қонаққа тартылатын сыбаға жіліктерді қазанға салғанда оған аса мән берген. Мәселен, кәделі мүшелерді үлестіруде үлкен үстеме мағына бар.
Асылған еттің мүшелері мен жіліктерін арнайы бір адамға ұсыну қандай да бір ниет қылу, жастарға тәлім-тәрбие беру және бағыт-бағдар көрсету үшін жасалған.
Жылқының басы екі, ал сиырдың басы үш бөлікке бөлінеді. Ірі қарамалдың тұмсығы шабылып тасталады.
Ірі малдың басын шапқан кезде оның миын шашып алмау керек. Егер асылған шекенің миы орнында болмаса, сол үйдің иесі олақтығы үшін үлкен сынға ұшырайды.
Ал қойдың басын тазалау қиынырақ. Ірі қара малдың бас құйқасын сыпырып, аршып тастағандықтан ол таза болып тартылады. Ал қойдың басы құйқа терісімен бірге қойылады. Сондықтан оны тазалап үйітуге және жууға баса назар аударған жөн.
Кесілген құлақ сол үйдің кенжесіне ұсынылады. Оңтүстік өңірде бас екі құлақпен тартылатын болса, оны ерсі санайды. Ал еліміздің кей өңірлері екі құлақпен едірейген басты айыпқа бұйырмайды. Мәселен, Маңғыстауөңірінде бас екі құлақпен тартылады және бір құлақ бас табақтағы етті тураған жігітке беріледі. Құлақтың түбіндегі құйқа – бастың ең ұзақ пісетін жері. Сондықтан бір құлағы кесіліп, маңдайы қасқаланған бас үй иесінің тексеруінен өтіп, әбден піскен, керемет ас екенін дәлелдейді. Ал асты екі құлақпен тартатын өңірлер екі құлақтың түбін кесіп қояды екен. Дұрыс піспеген құйқа қызарып тұрса, оны ары қарай дайындығына дейін тағы пісіреді.
Көз бастың ең кәделі мүшесі болғандықтан оны өзімен қатарлас, құрдас, сыйлы адамға ұсынады. “Бірімізді біріміз алыстан көріп, аманымыз түзу болсын” деп жатады. Ал кейбір жерлерде көз басқаша беріледі. Мәселен, бір кісі құдасының үйіне немесе басқа ауылға қыдырып барғанда бас ұстаса, перзентіне немесе басқа да жақын адамына көз қырын салып жүрсін деген ниетпен сол ауылға абыройы бар адамға көзді ұсынады.
Желкесін кесіп алып, жас та болса, бас болып жүрген табысты ер кісіге асатады. “Желкең күжірейіп, өссін!” дейді. Таңдайды алып, әнші болам деп ниет қылған қыз баланың немесе кішкентай ұл баланың алақанына ұрады, ол бірден шап беріп ұстаса, “жезтаңдай әнші бола ғой” деп, бата береді.
baribar.kz