Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚЫЗЫЛОРДАҒА ҚАРАҒАНДЫДАН ҚАРҒЫН СУ КЕЛЕ МЕ?

ҚЫЗЫЛОРДАҒА ҚАРАҒАНДЫДАН ҚАРҒЫН СУ КЕЛЕ МЕ?

Наурыз айының соңғы онкүндігі аумағында Қазақстанның көптеген өңірі су тасқынымен және осы бір табиғаттың тосын құбылысы салдарымен бетпе-бет келіп, адамдар белсенді қимыл көрсетті.
Ақтөбе облысы еріген қар суының ағыны өзінің дүлей күшін танытатын географиялық аумаққа жатады. Осы күндерде біз көптеген бейнетүсірілім арқылы су алып кеткен жерлерден жан ауыртар көріністердің куәсі болдық. Еліміз бойынша бір мезетте үйлерінен айырылып, дүние-мүлкі, малдары, көліктері су астында қалған адамдардың қасірет-қайғысына көпшілік ортақтасып жатты. Иә, елімізде болып жатқан бұл жайт көпке қаяу салғаны рас. Қызыл су қараша халықты әбігерге салуда.
Бүгінде бұқара арасында «ауданның солтүстігінде орналасқан «Сарысу» өзеніне Ұлытау облысынан тасқын су жіберіліп жатыр» деген ақпарат желдей есіп жүр, яғни су басу қаупі бар.
«Сарысу» жайлауына көшкен мал саны, әр шаруашылықты қоса есептегенде: мүйізді ірі қара – 1244 бас, түйе – 110, уақ мал – 7823 бас.
Су басу қаупі жоғары болғандықтан шаруашылық иелеріне барынша сақ болуды ескертеді сала мамандары. Су басқан жағдайда қандай шаралар жасау керектігін түсіндіру мақсатында, ауданның ветеринариялық станциясынан, су шаруашылығынан, төтенше жағдай қызметінен, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінен мамандар түсіндірме жұмыстарын жүргізуге «Сарысу» жайлауына аттанды.
Сонымен қатар кент және ауылдық округ әкімдеріне де осы жағдайға байланысты, өздеріне қарасты шаруа қожалық құрылымдарына малдарын «Сарысу» өңіріне қарай шығармауларын ескерту жөнінде хабарлама жолдап та үлгерді.

«Өскен өңір» ақпарат
09 сәуір 2024 ж. 158 0