Ақтөбе облысында оқушылар қашықтан оқиды
Ақтөбе облысында оқушылар қашықтан оқу форматына көшірілді, – деп хабарлайды Алматы телеарнасы.
Ақтөбе облысында тасқын судың беті қайтар емес. Күн өткен сайын жағдай күрделеніп, қызыл судан келер қауіп күшейіп барады.
Қазір облыстағы күштің бәрі тасқын қаупі басым аймақтарға жұмылдырылған. Төтенше жағдайлар қызметкері жағдайды бірқалыпта ұстап тұруға тырысып жатқанымен қауіп сейілер емес. Керісінше күн өткен сайын ахуал күрделеніп барады.
«304 адам эвакуацияланды. Облыс бойынша 361 мың текше метр су айдалды. Өздеріңіз көріп отырсыздар қанша күш жұмылдырылды. Қазір жағдай қалыпқа келді. Дала түгіл, қаладағы жұрт белуардан су кешіп жүр. Еріген қар суы орталықтағы аурухананың жертөлесіне де толып қалған», – деді облыстық ТЖД бастығының орынбасары Саид Молдақараев.«Құдықтар толып тұр. Апаттық жағдай болса Ақбұлақ келіп көмектеседі, бірақ ауа райына байланысты олар да ештеңе жасай алмай тұр», – деді облыстық Жедел жәрдем ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Елтай Мусин.
Төтенше жағдайға сақадай саймыз деген шенеуніктердің жаттанды ақпары бұл жолы да шындыққа жанаспады. Еріген қар суынан жеке сектордағы баспаналардың ауласы да, көпқабатты үйлердің жертөлесі де суда қалды.
Бүлінген үй, қираған жол, су астында қалып тұншығып өлген мал да бар. Қайда қарасаңыз, қар суымен қарбаласқан жұрт. Күні кеше қала іргесіндегі Жаңақоныс ауылы маңындағы өзен ернеуінен асып, елдімекендегі көпірді шайып кетті.
Жаяу адам түгілі, ауыр арнайы техникалардың өзі суға батып жүре алмай қалған. Облыста тіпті халықаралық маңызы бар Самара-Шымкент тас жолының бір бөлігін бұзуға да тура келген еді. Айтпақшы, аймақтағы ахуалға байланысты 2 аудандағы мектеп сабақты онлайн оқуға көшкен. Оның ішінде тасқын судан зардап шеккен Қобда ауылының білім ордасы да бар.