ОМИКРОН ӘЛЕМДІ ЖАЙЛАП БАРАДЫ
Дүниежүзін дүдәмәл күйге түсірген коронавирус індетінің беті әлі қайтар емес. Қайтпады дейміз-ау, қайта өршіп, әбігерге салмаса игі. Себебі ел аумағында коронавирустың «Омикрон» штамы анықталуына байланысты эпидахуал күрт нашарлады. Омикрон коронавирустың өзге түрлеріне қарағанда жылдам жұғатын болғандықтан, науқас саны күн сайын артып, дерт меңдеп барады. Біраз елдің ауруханаларында орын жоқ.
Біздің елде де өткен тәулікте 2000-нан аса адамның індет жұқтырғаны анықталған. 514 адам коронавирус инфекциясынан жазылып шықты. Ал Қазақстанда аталған дертпен ауырғандардың жалпы саны 1 млн-ға жуықтады.
Біздің елде де өткен тәулікте 2000-нан аса адамның індет жұқтырғаны анықталған. 514 адам коронавирус инфекциясынан жазылып шықты. Ал Қазақстанда аталған дертпен ауырғандардың жалпы саны 1 млн-ға жуықтады.
«Тәжвирус» ең көп таралып жатқан Нұр-Сұлтан қаласы «қызыл» аймаққа кіріп отыр. Мұнда бір күннің ішінде 1 442 адамнан індет анықталған. Одан соң «сары» аймақтағы Алматы қаласында – 93, Шымкент қаласында – 123, Атырау облысында – 42 адамның дертті жұқтырғаны белгілі болды. Ал «сары» аймақтағы Ақмола облысында – 31, Ақтөбе облысында - 19, Алматы облысында – 28, Шығыс Қазақстан облысында – 16, Жамбыл облысында – 35, Батыс Қазақстан облысында – 55, Қарағанды облысында – 49, Қостанай облысында –19, Қызылорда облысында – 35, Маңғыстау облысында – 25, Павлодар облысында – 35, Солтүстік Қазақстан облысында – 9, Түркістан облысында - 31 жағдай тіркелген.
Ұжымдық иммунитет қалыптастырмай, аурудың таралуын тоқтату мүмкін емес. Медицина мамандары осылай деп отыр. Тек екпе салдыру арқылы ғана біз қалыпты өмірдің қайтып келуіне мүмкіндік тудырамыз. 9 қаңтардағы мәлімет бойынша Қазақстанда коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаның 1-ші компонентін 9 014 952 адам, 2-ші компонентін 8 551 099 адам салдырды.
Дәл қазір елде 22 064 адам коронавирус инфекциясынан емделуде, олардың ішінде 3 001 пациент стационарда, 19 063 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдап жатыр. Айта кетейік, науқастардың ішінде 57 пациенттің жағдайы өте ауыр.
Ал, әлемде коронавирус жұқтырғандардың қатары 300 миллионға таяп қалды. Соңғы айда бірқатар елде эпидемиологиялық ахуал нашарлаған. Кейбір елдер «омикронның тез таралуына байланысты науқастар саны әлдеқайда артады» деп қауіптеніп отыр. Мамандардың мәліметінше, жаңа штамп бір айдың ішінде әлемнің 110 елінде тіркелген. Айта кетсек, «омикрон» алғаш рет қарашада Оңтүстік Африка Республикасында табылып, әлем елдеріне тарап кетті.
Вирусологтар «омикрон» штамының басқа вирустарға тән емес үш белгісін атады. Олардың айтуынша, аталған вирусты жұқтырғандар жиі түшкіреді, тамағы қышиды және мұрын бітеледі. Денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, аурудың таралу жылдамдығы «дельта» штамынан 5 есе жоғары. Сондықтан сақтық керек.
Гүлхан ЯХИЯ