КИБЕРҚЫЛМЫСПЕН КҮРЕС - БІР КҮНДІК ШАРУА ЕМЕС
Түнеукүні «Amanat» партиясы Шиелі аудандық филиалының мәжіліс залында аудан әкімдігі жанындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы Ақсақалдар кеңесінің кезекті I отырысы өтті. Жиында күн тәртібіндегі мәселе бойынша интернет алаяқтықтың алдын алу, болдырмау шараларына қатысты баяндама жасалып, ұсыныс-пікірлер айтылды. Жиынды кеңес төрағасы Исабек Сәрсенбайұлы жүргізді.
Қазіргі уақытта интернет пен цифрлы технологиялардың кеңінен таралуы жаһандану құрылымын ғана емес, қылмыс түрінің жаңа бір сипатын көрсетті. Рас, бәріміздің өмірімізде цифрлы технология маңызды рөл атқарып тұр. Әлеуметтік желі арқылы ақпарат алмасып, тіпті сауда-саттық жасап, онлайн тапсырыс беруге көштік. Полиция мен банк қызметкерлерінің айтқан ескертулеріне қарамастан, кейбір адамдар адал ақшасынан күн сайын айырылып қалып жүр. Әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жүргізіліп жатқан профилактикалық іс-шараларға қарамай, есепті кезеңде алаяқтық қылмыстар саны артып отыр. Осы тақырып бойынша баяндама жасаған Шиелі ауданының полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Талғат Жүсупов қазіргі уақытта Қызылорда облысының Полиция департаментінде киберқылмыстармен ауқымды күресетін «Киберпол» бөлімі ашылып, бірлесіп жұмыстар жүргізіп отырғанын жеткізді.
– Ақпараттық технологиялар мен интернет мүмкіндіктерін мықты меңгерген алаяқтардың құрығы ұзарып, күн сайын мың құбылған алдап-арбау тәсілдеріне тыйым болмауда. Бұндай қылмыстарға жол бермеу, алдын алу жұмыстары елімізде ғана емес, бүгінде бүкіл әлем елдерінің өзекті мәселелерінің біріне айналып отыр. Интернеталаяқтардың айырмашылығы – оларды анықтап, жауапкершілікке тартудың әлдеқайда қиындығында, себебі олардың кім екені, қайда екені белгісіз, ал шетелде жұмыс істейтін қылмыскерлерді табу тіпті қиын. Өткен жылы алаяқтық қылмыстардың 38 дерегі тіркеліп, олардың 18-і интернет алаяқтық санатындағы қылмыс екені анықталды, – дейді Талғат Алпамышұлы.
Интернет-алаяқтар адамдарды алдау үшін «Instagram», «Facebook», «Telegram», «Вконтакте» «TikTok» әлеуметтік желілері, «OLX.kz», «MARKET.KZ», «KOLESA.KZ», «KRISHA.KZ» сайттарын және «WhatsApp» мессенджерлерінде жалған интернет-дүкендер, «фейк» парақшалар мен сайттар ашып, түрлі тәсілдермен адамдарды алдап, сенімдеріне кіріп, алаяқтық жолмен қаражаттарын жымқырады екен. Өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, есепшоттағы ақшаңызға шабуыл жасап, несие рәсімдеп жатқанын айтады. Сізді есепшоттағы қаржыны резерв шотқа салуға сендіріп, әртүрлі халықаралық банк карталарына аудару арқылы иемденіп алуда.
Сонымен қатар сала маманы аудан көлемінде алаяқтық қылмыстарға қарсы іс-қимыл шараларының тиімділігін арттыру мақсатында «Хай-Теч» және «Антифраут» жедел профилактикалық іс-шаралары өткізіліп, нәтижесінде 38 алаяқтықтың 27 дерегі ашылып, қылмысты жасаған 7 тұлға қамауға алынып, қазіргі уақытта түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқанын тілге тиек етті.
Кеңес отырысында аудандық криминалдық полиция бөлімшесінің бастығы Б.Мамбеталиев аталған алаяқтық қылмыстардың алдын алу жолын айтып, сақтық шаралары ретінде жеке куәлік деректерін, төлем карточкаларының мәліметтерін, құпия сөздерді және sмs кодтарды ешкімге хабарламауға, белгісіз әрі тексерілмеген сайттар мен күмәнді сілтемелер арқылы төлем жүргізбеуге, ұялы телефон мен компьютерге белгісіз қосымшаларды жүктеп орнатпауға шақырды.
Жиын соңында Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Исабек Сәрсенбайұлы қорытынды сөз сөйлеп, кеңес отырысына қатысқан ардагерлер мен сала мамандарын және БАҚ өкілдерін осы қылмыстық істің алдын алу үшін бірігіп жұмыстар атқаруға шақырды.
Мейіржан ИБРАГИМОВ