Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ағаш – ел дәулеті, жер сәулеті

Ағаш – ел дәулеті, жер сәулеті

Шиелінің көктемі жыл сайын көшет егумен басталады. Табиғат-ана оянған мезгілде айналаны тазалау, ағаштарды бұтап, түбін әктеу және жас шыбықтар отырғызу өңірде үрдіске айналған. Биыл да жақсы ғадет жалпыхалықтық сенбілікке ұласып, аудан тұрғындары туған жердің тазалығына атсалысуда.
Ауданның тыныс-тіршілігін, әр саладағы атқарылып жатқан жұмыстарды басылым бетінен үздіксіз оқып отыратындардың бірімін. Ал биыл 85 жасқа қадам басқалы тұрған ата басылым «Өскен өңір» газетінің мерейтойы! Тың тақырыптарға қалам тартып, түрлі ұсыныстарды көтеріп жүрген бас редактор Н.Пірімбет, бас редактордың орынбасары Г.Дүйсебай, тілші С.Мадиярованың мақалалары көпшілікке ой тастап келеді. Мәселен, басылымның 20 қаңтар күнгі №6 санында Гүлнәр Дүйсебайдың «Шиеліде шие өссе жайқалып...» деген мақаласында «Расында, тоқымдай жерінде тоқсан түрлі шөп өсетін көк майса мекеннің түйір құмында да құнар бар. Сондықтан болар ырысты өлкеден күрішті мекенге айналды. «Шиелінің тәтті қауыны тілді ояды» деп тамсанып отырады өзгелер. Ендігі жерде ауданға кірген сәтте жол бойында қып-қызыл шие ағаштары жайқалып тұрса, келген қонақтың көзі сүйсініп, жүрген адамға сая болмай ма?» деген ой тастапты. Әр ойын дәлел-дәйекпен түйнектей отырып, сом-сом ой тастаған тілшінің қарым-қабілетіне тәнті болдым. Ол Шиелінің жеріне жерсінетін көшеттерді отырғызу, күтім жасауды ғана айтып қоймай, атына заты сай өлкеге айналуды ұсынады. Яғни, көктемде ерте гүлдейтін, иісі жұпар аңқитын, өнімі піскенде қып-қызыл түске боялатын шие ағашын молынан отырғызып, Шиелінің маңайын шие ағашымен көмкерудің тиімділігін айтады. Тіпті оқыған адамның ойына «піскен соншама шиені қайтеміз?» деген сауал туындауы мүмкін. Гүлнәр оның да амалын тауыпты. Яғни, Шиеліден шие тосабын шығаратын шағын цех ашылса «Шиелінің шиесі» деген бренд қалыптасар еді депті. Жөн-ақ!
       Шиелінің шырайы небір ақын-жазушылардың қаламына құт болды. Әдемі әндер де туды. Өнер адамдарына да, еңбек адамдарына да бай өлкенің ендігі жердегі жұмысы «болашаққа не қалдырамын?»  деген оймен орайласып жатса құба-құп емес пе? «Бабалар еккен ағашты, балалар саялайды» дейді. Расында, осы ойды өзек етіп үнемі басылым бетіне жанашырлықпен мақала жариялап жүретін Әлияр Сейітовтың «Алмалыда алма, шаруа да пайда жоқ» деген мақаласын оқығанда баяғы алма бақты аралап шыққандай болдым. Бұрынғы тонна-тонна жиылатын алманың бірі де қалмады шынында. Көшеттің күтімін жетік білетін Әлиярдай маманың білім-білігін пайдалансақ, көсегеміз көгері қалар ма еді. Әлияр көтерген 6 ұсыныс аудан әкімінің назарына ілінсе, нарықтағы баға да тұрақтылығын сақтап қаларына сенемін.
Әбдімомын Алдияров
Қазақстан Халық партиясы, Шиелі аудандық өкілдігінің төрағасы
12 наурыз 2024 ж. 314 0