Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАРЫҚ ҒҰМЫР СЫЙЛАҒАН

ЖАРЫҚ ҒҰМЫР СЫЙЛАҒАН

Бұл басылымды мерекелік санға арнайтын болған соң, журналистік әдетпен тың тақырып іздеуге кірістік. Сол сәтте ойыма дереу Жаратқанның бұйрығымен қаншама сәбиге жарық-дүние сыйлайтын перзентхана бөлімі сап ете қалды. Сөйтіп қолымызға қойын дәптерді құшақтадық та, аталған бөлімге қарай бағыт алдық.
Есік алдынан күтіп алған бөлім меңгерушісі Ғалымжан Әшімов жүкті әйелдің алғашқы күні қабылдау бөлімшесінен басталатынын айтып, перзентханадағы бір күнге сапар шектік. Жылына екі мыңға жуық шақалақ өмірге келетін бөлімде 47 маман жұмыс істейді. Жаухар Жұмабекова, Жанат Сыздықова, Зәуре Есқабылова әйелдерді босандырып алса, Гүлмира Сыздықова мен Гүлмира Кенебаева жағдайы ауыр болып өмірге келген нәрестелерге көмек көрсетеді. Ал Инеш Сәрсенбаева бөбектерге барынша көмек қолын созып, күтім жасайды. Бір сөзбен айтқанда, бәрі де өз қызметінің майталманы екені көрініп тұр. Жалпы қабылдау бөліміне күніне 15-20 әйел жеткізіледі екен. Бұдан әрі қарай түрлі созылмалы ауру жатырдағы баланың дұрыс жатпауы секілді ¬диагнозбен түскендер патологиялық жүктілік бөлімшесіне, тиісінше толғағы жеткендері босану залына жіберіледі.
Сөйттік де, нағыз қарбаластың қайнаған ортасы – босану залына беттедік. Біз келгенде дәрігерлер 3,490 келіні құрайтын баланы алып шықты. Жарық дүние есігін ашқанына небәрі он-ақ минут болған сәби өзінің тіршілік иесі екенін байқатқысы келгендей, тырбаңдап жатыр. Енді босанған әйел өзіне-өзі келіп, аяқ-қолын бауырына алғанша, сәби ана құрсағына барынша жақын температурада ұсталады. Содан кейін кіндігі кесіледі. Баланың өміріндегі ең алғашқы екпесі салынады. Бұдан кейін нәрестені киіндіріп, анасының қолына табыстайды, яғни, перзенті ананың төсіне жатқызылады. Мамандардың мәлімдеуінше, осы сәттен бастап нәресте анасының микробтарына үйрене -бастайды. Себебі сәби дүниеге тап-таза болып келеді, туыла сала, оның денесіне жан-жақтан -микробтар шабуылдай бастайды. Сондай сәтте ең бастысы – анасының микробтары. Сәби барлығынан бұрын анасымен бірге болатындықтан, соған үйренісуге тиіс. Дәрігерден бала мен анасының жағдайы қалай екенін сұрап жатырмыз. Босандырып алған тәжірибелі акушер маманы Жаухар Жұмабекова баланың да, анасының да жағдайы жақсы екенін, анасы екі сағаттан соң кәдімгі палатаға шығарылатынын айтты. Әдетте дәрігерлер жаңа туған сәбидің бөлмесіне адамдардың кіруіне тыйым салады. Өйткені, шарана қоршаған ортаға бейімделіп кеткенше, оған түрлі инфекциялардың жұғу қаупі жоғары.
Сонымен, ана босанды. Дегенмен, жұмыс аяқталған жоқ. 39 жылдан бері өнімді еңбек етіп келе жатқан, аға акушер Қалыш Палманова жаңа босанған әр анаға арнап 4-5 журнал толтыруға тиіс. Күн тыныш болса жақсы, ал егер бірнеше әйел қатарынан босанса ше? Журналдарға толық ақпарат түсіріледі, тіпті, бала туу кезінде қанша шприц қолданылғанына дейін жазылады. Қалыш Есмаханқызы бұндай жазу көп уақыт алатынын әрі әр секунд аса маңызды екенін айтты.
Әлгі кішкентай шақалақты аман-есен босандырып алған тәжірибелі маман Жаухар Жұмабековамен тілдестік.
– Біздің күндегі жұмысымыз осындай қарбаласқа толы болады. Кейде осылай бір сәтке тынышталып қалады да, кейде барлық палатадағы әйелдердің толғағы бір уақыт шамасында келеді. Ондай кезде тіпті қиын. Дәрігер жетпей жатады. Бірақ біздің міндетіміз – оларды аман-есен босандырып алу екенін есімізден бір сәт те шығармаймыз, – дейді ол.
Иә, акушерлердің жұмысын бір сөзбен бағалау мүмкін емес. Олар әрбір ана мен баланың өмірі үшін қалтқысыз қызмет етіп, сол жолда өздерінің білімі мен білігін, тәжірибесі мен күш-жігерін, ең бастысы, мол мейірімін сарп етеді. Шыр етіп дүниеге келген әрбір шарана – олардың қажырлы еңбегінің жемісі.
Аудандық перзентхана бөлімінде 43 жыл қажырлы еңбек етіп, зейнет демалысына шыққан Ақзияш Мұстафақызының есімі мұқым елге таныс. Жоғары санатты маман осы жылдар ішінде қаншама келіншекке ана бақытын сыйлап, кіндік шешесі атанған. Зейнетте жүрсе де, перзентханадағы акушерлік шұғыл жағдайларда лезде көмекке жетіп, жаңадан келген жас мамандарды дайындауға да өз үлесін қосуда.
– Акушерлік – дүние дидарына келген сәбидің анасымен қауышуына себепкер болатын бірден-бір мамандық. Дәл осы мамандықты бала кезден армандап, жүрек қалауымен таңдадым. Әрине, бұл жеңіл мамандық емес. Қиындығы қоса бар. Бірақ дені сау әр сәбиді ана құшағына салған сайын мен үшін қиындығынан қуанышы басымырақ екенін түсінемін, – дейді ол.
«Алтын алма, алғыс ал» деген тәмсілді өмірлік ұстанымы еткен Ақзияш Мұстафақызы нәзік жандарға денсаулықтарын күтіп, дұрыс тамақтануға және психологиялық тұрғыдан дайын болуға кеңес айтты.
P.S. «Құтты қонақ келсе, қой егіз табады» деген сөз бар қазақта. Біз перзентхана бөлімінде болған күні тура тоғыз бала дүниеге келіпті. Кіндігін өзіміз кеспесек те, 9 бала көз алдымызда өмірге келгендей болды. Біреуін анасынан бұрын біз көрдік. Кейбірінің сүйіншісін бірінші болып, біз алдық. Осындай сөзбен жеткізе алмайтын көріністің өзі адамға үлкен ерік-жігер беретін секілді. Таңертеңнен қара кешке дейін қарбалас арасында жүретін ақ халаттылар қалай шаршамайды десек… Бар құпиясы осы екен ғой.
Сұлушаш БАХТИЯРҚЫЗЫ
07 наурыз 2024 ж. 254 0