Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БҰЛ БҰЛАҒАЙ ШАҚТА, БҰЛ АЛАҒАЙ ШАҚТА, ЖҮРЕГІҢДІ САҚТА

БҰЛ БҰЛАҒАЙ ШАҚТА, БҰЛ АЛАҒАЙ ШАҚТА, ЖҮРЕГІҢДІ САҚТА

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жыл сайын әлемде 20 миллионға жуық адам жүрек-қан тамырлары ауруларынан ажал құшады екен. Ал Қазақстанның 1,5 миллион тұрғыны осы дертпен диспансерлік есепте тұр. Аудан бойынша да жағдай мәз емес. Жалпы диспансерлік есепте 10 299 науқас тұр. Биыл 268 адам дәрігерлердің тұрақты бақылауына енген. Сонымен бірге елде тіркелетін өлімжітімнің басты себебі де жүрек-қан тамырлары аурулары. Мамандардың жүрекке ерекше күтім мен айрықша назар қажет деп дабыл қағуы сондықтан. 


Күнделікті күйбең тіршілікте адамдардың емдеу мекемелерінде тексеріліп, өз денсаулығына аса мән бермейтіні ақиқат. Қарбаласта үнемі терең ойда жүріп, күйзеліске душар болады. Ашушаңдыққа бой алдырып, уақытылы тынығу мен дұрыс тамақтану да қалыс қалады. Ақ желеңділердің айтуынша, мұндай жағдай жүрек-қан тамырлары ауруларына душар етеді. – Бұрын ата-бабаларымыз шұбат пен қымыз ішіп, үнемі қозғалыста жүрді. Ал, қазір құнарлы тамақтан гөрі сапасыз ас өнімдеріне бет алдық. Шөлімізді табиғи емес, газдалған, энергетикалық сусын мен какао, кофеге қандырамыз. Оңай әрі тез дайындалатын фаст-фудты тұтынамыз. Сондай-ақ дене қозғалысы азайып, қимылсыз қызмет атқару әдетке айналды. Тізе берсек мұндай себептер көп. Алайда қарапайым өмір салтын жиі бұзғандықтан жүрек ауруларының көбейіп тұрғаны шындық. Бүгінде Шиелі жұртының 10 299- ы аталған ауру бойынша диспансерлік есепте тұр. Оның 5530-ы нәзік жандар, – дейді аудандық аурухананың кардиолог дәрігері Нұргүл Абдирова.


Оның айтуынша, жүрек-қан тамыр аурулары Қазақстанда ғана емес, әлем бойынша көбейіп келеді. – Жүрек жеткіліксіздігі жүректің барлық паталогиясында кездеседі. Жүрек ишемиясы аурулары бар тіпті, қан қысымы жоғары науқастар да осы ауруға шалдығуы мүмкін. Онкология, қант диабеті сияқты дерт түрлері бір қарағанда кардиологиялық ауруларға жатпаса да олар түптің түбінде жүрек жеткіліксіздігіне алып келіп жатады. Сондықтан ондай науқастарға ерекше бақылау қажет. Ол үшін әуелі терапевт, кардиологтар науқасқа дұрыс көмек беруі шарт, – дейді маман. Созылмалы жүрек жеткіліксіздігі диагнозымен де қазір ұзақ әрі сапалы өмір сүруге болады. Жүректің қалыпты жұмысын қамтамасыз ететін дәрілер, дәрігердің тұрақты бақылауы оған сеп болады. Сонымен қатар салауатты өмір салтын ұстану да дерттің дендеп кетуінен сақтайды. Дүниежүзілік жүрек федерациясының мәліметінше, салауатты өмір салтын ұстану, темекі шегуден тыйылу, дұрыс тамақтану мен физикалық белсенділік арқылы инфаркт пен инсульттан болатын ерте өлімнің 80%-ының алдын алуға болады. Бұрын жүрек-қан тамырлары аурулары ересек адамдарға тән құбылыс болса, қазір онымен жастар, тіптен балалар да ауыратын болған. Мәселен, жас бойынша талдайтын болсақ, 50-60 жас аралығы 30 пайызды құраса, 50 жасқа дейінгілер 10 пайызға жеткен. Сондықтан мамандар осы аурулардың алдын алу бойынша скринингтік шаралар өтетінін, одан 40 жастан асқан азаматтар міндетті түрде өтуі қажеттігін айтады. Еліміздің әр 33-інші тұрғынында қан айналымы дертінің белгісі бар. Әр 12-інші адам артериялық гипертонияға шалдыққан. Сол үшін қайғылы жағдайға душар ететін дерттердің «үздік» бестігіне еніп үлгерген бұл ауруға бейжай қарауға болмайды. Егде жастағылар өз алдына, жастар да, жүкті әйелдер де бұған бейқамдық танытпағаны жөн. Ендеше ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздесек игі.
Сұлушаш МАДИЯРОВА 
05 ақпан 2024 ж. 229 0