Жүрегіңді сақта
Жүрек ауруы – әртүрлі аурулардың асқынуынан немесе жүрек-қан тамыр жүйесінің бұзылуы мен зақымдануынан пайда болады. Елімізде жүрек-қан тамырлары ауруларынан өлім көрсеткіші бойынша бірінші орында. Ал, ауданда осы сырқатпен есепке алынғандардың қатары бірінші тоқсанның есебі негізінде 4599 адамды құрап отыр.
Жүрек қан тамырлары ауруларының жиілеп кетуіне байланысты салауатты өмір салтын қалыптастыру және қан айналымы жүйесі ауруларының алдын алу барысында 2018-2021 жылдарға арналған облыстық іс-шара өтті.Бұл эстафеталық шара ауданда да өз жалғасын тапты. Халық көп жиналатын «Әбдіманап» орталық базарында, «Денсаулық қалашығы» ұйымдастырылған құраммен «Өз жүрегіңді сақта!» атты акция аясында өткізілді.
Осы күнге орай аудандағы білікті кардиолог, невропатолог, психолог, жалпы тәжірибелі дәрігерлер халықтың денсаулығын тексеріп, медициналық кеңестер беріп, қан құрамындағы холестерин мен қант деңгейін анықтатып, қан қысымын өлшетуге мүмкіндік алды. Үш жүз елу сегіз адамға қызмет көрсетіп, ЭКГ аппаратына түсіріп, флюрографиялық тексеруден өткізіп анықтап берді. Жүрек аурудың алғашқы белгілері – жүрек тұсының шаншып, тамыр соғысының жиі соғуы. Алайда, адамдардың көбі оған уақытша жағдай деп қарайды да, мән бере бермейді. Егер ентігіп, аяғыңызда ісік пайда болса, бірден дәрігерге көріну қажет. Сонымен қатар, аудандық СПИД-ке қарсы күрес орталығы ВИЧ инфекциясына қарсы халық арасынан жедел сынамалық тексерулер жүргізді.
Жүрегіңіздің саулығын сақтау үшін ас мәзіріндегі тұздың мөлшерін біртіндеп азайтыңыз. Ғалымдардың зерттеуі бойынша, күнделікті қолданыста тұзды 2 грамға азайту, қан айналымы жүйесінің ауруларын 25-30%-ға,өлім-жітім қауіпін 19-20%-ға төмендеткенін көрсеткен. Бұл акцияның негізгі мақсаты – жүрек-қан тамырлар ауруын жұртшылыққа түсіндіріп, ақпараттандыру. Сондай-ақ, сырқатты ерте бастан анықтап, емдеу. Акция соңы ерікті жастардың флешмоб биімен аяқталды. Алдағы уақытта да осындай акциялар жалғасын таппақ.
Жұлдызай
Ноғайбайқызы.