Қызылшадан сақтанған жөн
ҚЫЗЫЛША – кең таралған жіті инфекциялық ауру, көбінесе балалар ауырады, дене қызуының 38—40°C дейін көтерілуі, мұрын, көз, тамақ қабыну, теріде бөртпе пайда болу белгілерімен сипатталады.
Қызылша бүгінгі күні ең жұқпалы аурулардың бірі. Бұл инфекцияға шалдыққыштық 100% - ол дегеніміз, егер бұрын қызылшамен ауырмаған және егілмеген адам қызылшамен ауырған адаммен қарым-қатынаста болса, ауру жұқтыру қаупі өте жоғары. Сол үшін де екпе мерзімін қатаң сақтау және инфекция ошағында эпидемияға қарсы шаралар жүргізу өте маңызды.
Белгілеріне келетін болсақ теріде қызылша бөртпелері шықпай тұрғанда, науқастың қызылшамен ауырған ортада болуы, тамағындағы қабыну, көздің қызаруы, ұртта Бельский-Филатов-Коплик ақшыл бөртпелердің пайда болуы диагнозды растайды. Кейін теріде үш күнде біртіндеп шыққан бөртпелер диагнозды толық дәлелдейді
Инкубациялық кезең – жұқтырғаннан бастап алғашқы белгілері байқалғанша, 7-ден 14 күнге дейін.
Соңынан коньюктивит-көзі қызарып қабыну пайда болады. Алғашқы белгілері байқалып, шамамен 2-4 күннен кейін ауыз қуысында ақыл тістеріне қарсы ұсақ ақшылдау бөртпелер пайда болады. 3-5 күні бөртпелер айқын дақ түрінде қаптап, көбейіп кетеді. Құлақтың түбінен, маңдайдан бастап, ары қарай бүкіл денесін жауып кетеді. Ұсақ қызғылт дақтар үлкейіп, бір-бірімен қосылып, формасы өзгереді. Бөртпе пайда болып, 2-3 күннен кейін дақтар өршіп тұрған кезде дене қызуы тағы да көтеріліп, 40,5 градусқа жетуі мүмкін. Бөртпе 4-7 күн тұрады. Олар жоғалған соң, орнында қоңырлау дақтар қалады, екі аптадан соң тері тазарады.
Берілу жолы - ауа-тамшы арқылы. Вирус сөйлескенде, жөтелгенде, түшкіргенде ауру адамның сілекейінен сыртқы ортаға түседі.
Инфекция көзі – төртінші күн бөртіп ауырып жүрген адам. Бесінші күннен бөртіп жүрген адамнан жұқпайды. Ауырып, жазылған адамда өмір бойға иммунитет сақталады. Қызылшамен ауырмаған және егілмеген адамда өмір бойы ауруға шалдығу қаупі кез-келген жаста болады.
Қызылшаның алдын-алуда тиімді де сенімді шаралардың бірі – вакцинация. Қызылшадан егілу сақтану иммунитетін қалыптастырады. Бірінші екпе бала 1 жаста, екінші екпе бала 6 жасқа толғанда жүргізіледі. Қызылша ауруы бойынша эпидемиологиялық жағдайға байланысты аурудың алдын-алу мақсатында ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 01 қараша 2023 жылғы «Қызылшаға қарсы санитариялық- эпидемиялық және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды жүргізу туралы» №7 қаулысы шығарылды. Осы қаулы негізінде қызылшаға қарсы егу мәртебесіне қарамастан, 6 айдан бастап 10 ай 29 күнге дейінгі балаларға 2023 жылғы қараша айында қосымша жаппай иммундау жүргізілді. Сонымен қатар, 2023 жылдың желтоқсан айынан бастап 2 жастан бастап 4 жас 11 ай 29 күнге дейінгі балаларға, сондай-ақ қызылшаға қарсы профилактикалық иммундау жоқ медицина қызметкерлері мен денсаулық сақтау ұйымдарының қызметкерлеріне қосымша жаппай иммундау жүргізілді. Егу жұмыстары егілетін адамның немесе ата-анасының (заңды өкілдерінің) хабардар етілген келісімімен, міндетті түрде дәрігердің рұқсатынан соң ауданның емдеу-сауықтыру мекемелерінде жүргізіледі. Қосымша жаппай иммундау ҚҚП вакцинасымен жүргізіледі, оның құрамында қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы компоненттері бар. Екпе балаларды бұл аурулардан сақтайды! Өзіңіздің және балаларыңыздың денсаулығы Сіздің қолыңызда демекпіз!
О.АйдаралиевШиелі аудандық санитариялық- эпидемиологиялық бақылау
басқармасының бас маманы