Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚЫС ШІЛДЕСІ ҚАҢТАРДА, ШІЛДЕ ҚҰРТЫН АЛ, ТАҢДА!

ҚЫС ШІЛДЕСІ ҚАҢТАРДА, ШІЛДЕ ҚҰРТЫН АЛ, ТАҢДА!

Қасы да қара, шашы да қара, көзі де мойылдай қара, бірақ өзі аққұба, бітім-болмысы келісті, бойшаң келген Қарашаш деген сұлу сыныптасым бар.
Жанына жақын үңілсеңіз, жүрегін жарып шыққан сәуле көңіл сарайын жалт-жұлт еткізіп, айналасына жан шуағын шашып тұрады. Басқаны қайдам сыйласқан жандарға деген пейлі кең, көңілі ақ. СЭС-ке сес көрсететіндей-ақ қызметтегі біліктілігі, білімділігі, тәжірибесі тағы бар. Бір салада тапжылмай, табан аудармай табандылығымен 20 жылдан бері еңбек етіп келеді. Жолдасының аты – Сәкен. №45 «Ақ Орда» мектеп-гимназиясында ұстаздық етеді. Жиі араласамыз. Сыйластығы, сіз-біздігі мол, тату-тәтті жұп. Әдемі әңгімелерімен, жарасымды әзілдерімен отырыстың шырайын шығарады.
Бір жас үлкендігі болса да осы Сәкенді біздің қызды алған соң қазақы дәстүрге сай өзімізге, өзімізше күйеу бала санап жүреміз. Іші білсе болдыдағыға салып, онысын бетіне айтқан да емеспіз. Пайғамбар да күйеу баласын сыйлаған дегенге санап, ортамызға келсе, құрметтеп төрден орын ұсынамыз. Кеше осы Сәкен бізді қатырды. Талғат досым екеумізді үйіне арнайы шақыратынын айтып, межелі уақытта ақ дастарханынан дәм татуды сұрады. Сыныптас екі жігіт қонақбайдан құрбы қос қызды жар еткенбіз. Келіншегімізді қолтықтап жетіп бардық. Үйіп ет асыпты. Қарасары ғой. Топ құрдастың ішінен таңдап тұрып Талғат екеумізді бекер шақырмапты. Алдымызға төс тартып, бізді күйеу етіп отыр сабазың. Осы уақытқа дейін ортамызға қанша келсе де, табағына төс тартпаған өзімізден де кінә бар ғой деймін іштей қысылып. Ал ол болса, алдымызды орап, қайын аға бола қалғанына қулана күліп, өзінше мәз.
Айтайын дегенім басқа. Тұрсынбай Датқа ауылынан (Ботабайдан) арнайы құрт алдырыпты. Шілде құрты дейді. Бұрқыраған қышқылтым тәтті иісі мұрыныңызды жарып, ауыздың суын келтіреді. Ыстық сорпаға салып ішсе, бойдағы суықты алатын қасиеті бар деді. Айтқанын екі етпедік. Бір-екі түйірін кесе толы сорпаға сүңгітіп жіберіп, сорпа суып, құрт езілді-ау деген уақытта сіміре іштік. Дәмі бөлек. Тіл үйіреді расында. Шілде құрты езілген сорпаның қасиетін үйге келген соң сезіндік. Алақан қызып, табан ысып, бой-бойымыз шығып, шіліңгір шілденің тымырсық түнінде қапырық үйде қысылып жатқандай болдық. Қыстыңгүні жылуы қиын төргі бөлмеге барып, салқын еденге аунап, ентігіп, есіміз шыға жаздады. Бұған дейін бір-екі күн мұрын бітеліп, бас сырқырағандай болып жүрген еді. Әлгіден кейін оның бірі де қалмағандай Құдайдың құдіреті! «Шілде құрты шындығында шипалы екен-ау!» дедім. Жарықтық, ата-бабамыз ас-ауқаттың қасиетін қалай танып білген десеңізші. Атын да арнайы «шілде құрты» деп қойғанының өзінде біз әлі де танып-білмейтін терең сыр бар секілді. Қыстың шілдесі қаңтарда жаз шілдесінде әзірленген шілдекі құртты жеу ағзаға пайдалы екендігін меңзегендей. Төл тарихымызды былай қойғанда төл табиғи болмысымызды, тәніміз, геніміз қажет ететін төл тағамымыздың не екенін әліге дейін түйсініп, танып, біле алмай келе жатқандаймыз. Бәрін қойшы, мектепте орыс сыныпта оқып, жоғарғы оқу орнын да орыс топта оқыған Қарашаштың қазақы салт-дәстүрді ұстануын қарасаңшы. Сөз соңында шілде құртының осындай да қасиеті бар екендігін білдірген сыныптасым Қарашашқа және өзі біздің сыныпқа күйеу болса да, ауызымыз ашылып жүріп ақырында біз оған күйеу бала болып қалған Сәкен серіге ризашылығымызды айтпай кетсек тағы болмас...

Нұрболат СӘДУАҚАСҰЛЫ
18 қаңтар 2024 ж. 288 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930