Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ат қоюға атүсті қарамайық

Ат қоюға атүсті қарамайық

Жұмыр жерді пана еткен әрбір жан ұрпағының жалғасуын қалайтыны хақ. Отбасын құрып бал сүю шынайы бақыттың кәусәрі емей немене? Сол бауыр еті баласы шыр етіп дүние есігін ашқанда ата-ананың бала алдындағы алғашқы міндеті құлаққа жағымды, мағынасы жарасымды, әдемі де айшықты есім таңдау.

Қазақ халқы үшін балаға ат қою ежелден сіңіскен дәстүрдей болып кеткен. Жаңа туған нәрестеге азан шақырып лайық деп танылған есімді қояды. Ол есімді таңдау көбінесе айналасына сыйлы, мәртебелі ел ағаларына жүктелген. Қазақтың бай тілінде адам атының түрлері өте көп. Ырымшыл халық болғаннан кейін көп күттіріп дүниеге келген балаларды: Құдайберген, Тәңірберген, Тілеуберген, Бақыт, Қуаныш деп атайды. Мерзімінен бұрын келсе: Шалабай, Шалабек, Лекер, туылған уақытына қарай: Мейрамбек, Мейрамтай, Рамазан, Наурызбай, Жұмабек, тек қыз сүйіп отырғандар келесі баласы ұл болсын деп: Ұлболсын, Ұлбала, Ұлту десе тіл көз тимесін дегендер: Жаманбай, Итбай деп қояды. Бірнеше балалары барлар ұйқастырып: Елдос-Ердос, Айжамал-Нұржамал деген есімдер беріп жатады.

Дүниеге енді келген шарананың тағдыры есім-сойына тікелей байланысты дейді көнекөз қариялар. Сондықтанда есім қоярда естісін, өмір жолы жеңіл, жарық болуын нұсқайтын, тілге жеңіл, жүрекке жағымдысын таңдап алған. Оның бір мысалын әжем айтқан есті әңгімемен жалғайық.

Пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бірде ботасы өлген інгеннен сүт шығармаққа маңайындағы жұртты жинайды. Топтала отырған адамдардың шетінен бастап тұрғызып, кімнің інгенді сауа алатынын сұрай бастайды Алла елшісі. Бірінші тұрған кісіден есімін сұрағанда ол Мурра яғни «Ащы» деп жауап береді. Пайғамбарымыз оның есімін естіп, оған орнына отыруын өтінеді. Екінші мәрте «Інгенді кім иідіреді» деп сұрағанда тағы бір кісі орнынан тұрады. Алла елшісі оның есімін сұрағанда ол Харб яғни «соғысып өтуші» деп жауап береді. Расулалла оған да отыруын бұйырады. Тағы қайыра «Інгенді кім сауады деп» және сұрағанда бір кісі орнынан тұрады. Алла елшісі оның да есімін сұрайды. Ол Яиш яғни «өмір сүрсін» деп жауап қатады. Сонда ғана Алла елшісі оған түйені сауғызады. Ботасын іздеп боздаған түйе Алланың әмірімен осы кісінің саусағына иіген екен дейді. Түйер түйін сәбиге есім қоярда қойылар есімнің бар анықтамасын толық білген және ол есімнің жақсылыққа жақын екенін ұғына қойған абзал секілді.

Ал, қыздарға есім қою анау айтқандай қиыншылық тудырды деген тарих жоқ. Дегенмен, көп жерде Пайғамбарымыздың анасының есімі, жарының есімі қойылып жатады. Бұл да өз ретінде дұрыс. Бірақ, өз тіліміздің көркемдігін көзімізге көрінген сұлулыққа пайдаланбағанда сүрге сақтаймыз ба? Қазақтың өзінің қарапайым тілінде-ақ түрлі есім бар. Қыз балаға сұлулықты сыңар еткен есімдер ай мен күннің айналасында алдымен. Егер қазақ тілінде қыздың атын Айбарша деп қояр болсаңыз Айдың қосындысы «барша» жалғауы алтынмен, күмістен безелген матаның атауы. Сонда Айдай сұлу болса оған алтынмен, күмістен күптелген мата жабылса әсемдіктің символы емей немене?! Қазақ дарияға түскен айдың сәулесінен де Айдария деген көркем есім көрген. Расында, сәби есімі сәтті қойылғаны һәм өз тілінде бұрмалаусыз ашық анықталардай болғаны бір төбе ғой.
10 қаңтар 2024 ж. 225 0