Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Азан шақырып ат қою – сүннет

Азан шақырып ат қою – сүннет

Қазақ халқында жарық дүние есігін шыр етіп ашқан сәбиге есім беру рәсіміне қатысты дәстүр мен салт-жоралғы бар. Ол азан шақырып ат қою деп аталады. Бала туғаннан кейін қырық күн өткен соң, сәби болашақта сыйлы, құрметті, үлкен азамат болып өсу үшін ел ішінде аузы дуалы қарияға немесе баланың атасына ат қойғызады. Кейде «Қырықтың бірі-қыдыр» деп құдайы қонаққа баланың атын қойғызған. Сәбиді қолға алып, «Аллаhу акбар» деп азан шақырып, сәбидің оң құлағына есімін үш рет қайталап айтады. Бұл ырым баланың құлағында сол есім қалсын, құлағына сіңсін деп жасалады.
Әкесі өзі азан шақыра алмайтын болса, имам-молдаларды шақырып, баланың басын құбылыға қаратып, ер баланың оң құлағына, ал қыз баланың сол құлағына аят жолын айтып, «мұның аты пәленше..., сенің атың пәленше...» деп, үш мәрте айтатын болған. Рәсім аяқталған соң дұға оқылып, қатысқан туысқандар нәрестеге, оның ата-анасы мен туысқандарына ақ тілегін айтып, үлкендер батасын берген.
Ислам шариғаты бойынша да туылған баланың құлағына азан шақырып ат қою – сүннет. Бұл орайда дін өкілдері: «Шариғат бойынша нәрестенің оң құлағына азан, сол құлағына қамат айтылады. Бұл ислам шариғатымен азан шақырып ат қоюдың мән-мағынасы – оның бойына иман сөзін жастайынан сіңіру болып табылған. Кезінде ата-бабаларымыз айтқан қандай да бір себеппен сәби кезінде құлағына азан айтылмаған кісінің құлағына өсе келе азан шақырудың да зияны жоқ» дейді.
Мұнымен қоса азан айтудың тағы бір сыры – азан сөздерінен шайтанның ат-тонын ала қашатынында. Өйткені ол нәресте туылғаннан бақылайды. Ал шайтан-малғұн азанның дауысын естіген кезде құты қашып, қаша жөнеледі.
Сондай-ақ ат қойыстың өзінде де бүкіл бір халықтың психологиясы, таным-түсінігі, ой-арманы айқын көрініп тұрады. Кім баласын жаман болсын дейді. Өмірде өздерінің қолдары жетпеген биіктер, арман асулар ұрпағының алдынан шықсын деп балаға жарасымды әрі әдемі есім беруге тырысады. Кейбірі заманына сай, ел арасына кең таралған, заманауи есімдерді қойып жатса, үлкендер ата-бабаларының, ұлы тұлғалар мен ақындардың есімін, енді бірі ежелгі есімдерді қояды. Көбінесе ғалымдардың зерттеуінше, адам аты оның өміріне айтарлықтай әсер етеді екен, баланы неғұрлым көркем есімдермен атаған сайын, тұла-бойы да соған сәйкес көркемделіп атына заты сай болып өседі.
Қалай болғанда да есімсіз адам болмайды. Кез келген жанға бұйырған аты беріледі. Ең бастысы – адам деген атқа лайықты және ақ ниетпен қойылған есімге кір келтірмеу болып саналады. Сонымен қатар азан шақырып, ат қоюдың да мәнін жоғалтпағанымыз жөн.

Шапағат Тілеубаев

12 қаңтар 2021 ж. 4 478 0