Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сәбидің құлағын тазалауға бола ма?

Сәбидің құлағын тазалауға бола ма?

Жаңа туылған сәбиге гигиеналық күтім жасау кезінде жас ананың ойында түрлі сұрақтар туады. Дене қыртыстарын тазарту мен жуындыруды үйреніп алған соң сәбидің құлағын тазалау керек. Қанша адам болса, сонша пікір де бар. Алайда бұл сұрақты дәрігерге қойсаңыз, одан құлақты тазартуға болмайтындығын естисіз. Емізетін баланың құлағын қалай тазарту керек? Үлкендер құлағын тазалайды, ал сәбидің құлағын неліктен тазартуға болмайды? Сонда сәбидің құлағы лас болып қала бере ме? Расында, құлақтың ішін тазартуға болмайды екен. Құлақта өзін-өзі тазартатын керемет құрылым бар екен. Құлақтың ішінен құлық деп аталатын сұйықтық бөлінеді. Ол бактерияның кіруіне кедергі келтіретін және зақымданудан құлақты қорғайтын майлы материал. Қызмет етіп болған құлық ақырын сыртқа қарай құлақ қалқанына шығады. Біз шайнау қозғалыстарын жасағанда және есінегенде, оның сыртқа шығуына көмектесеміз. Сәйкесінше, құлық құлақ қалқанына шығады. Біз соны ғана тазалауымыз керек. Сондықтан үлкен адамдың да, сәбилердің де құлақ каналын емес, тек оның қалқанын тазалау керек. Сонымен, сәби құлағын тазалау жолы: - Құлақ гигиенасы – күнделікті процедура. Оны таңертең де, кешке де істеуге болады; - Құлақ қалқанын тазартумен қатар, ылғал майлықпен құлақтың артын да сүртіп алу керек. Балалардың құлағы жиі терлейді. Сондықтан құлақ артына ластық жиналады; - Суға түсіру кезінде құлаққа су кіріп кетуі әбден мүмкін. Бұл балаларға ұнамайды. Сондықтан оның құлағына су кірмеуін қадағалаңыз. Алайда су кіріп кеткен болса, қорықпаңыз. Баланы бірнеше минут бір жағына, содан соң келесі жағымен жатқызыңыз. Құлақтағы су шығып кетеді. Содан соң құлағын құрғақ таза сүлгімен сүртіп алыңыз; - Әр құлақ қалқанын мақтамен немесе арнайы мақта таяқшамен сүртіңіз. Құлақ каналын тазартуға келсек, ол туралы дәрігерден жеке кеңес алу керек. Кей кездері дәрігер сәбидің құлағына 7-10 күн аралығында күніне бір рет сутек тотығын тамызуды ұсынады. Қандай жағдай болмасын, мақта таяқшаны баланың құлағына кіргізіп тазаламаңыз. Құлақ қалқанын тазарту үшін дәріханадан балаларға арналған мақта таяқша алыңыз. Оның басындағы мақта ересектердікіне қарағанда үлкен болғандықтан, баланың құлағына қатты кіріп кетуден сақтайды.

Massaget.kz
02 тамыз 2018 ж. 11 998 0