Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕСЕЛІ ЕҢБЕК ЕЛЕНГЕН КҮН

ЕСЕЛІ ЕҢБЕК ЕЛЕНГЕН КҮН

Сәрсенбі күні іс-сапармен Шиелінің іргесіндегі Ақмая ауылына жол тарттық. Басты мақсатымыз – шалғай ауылдың жылдық қорытынды жұмысын тыңдау. Ауылға бағыт түзеп, көлікпен күре жолда жүйткідік. Жолы да теп-тегіс. Алғашқы сапарымыз болғандықтан тез арада ауылдың тыныс-тіршілігімен танысқымыз келді.

Ауыл әкімі халыққа есеп берді
Ауылға кіре бергенімізде ауыл әкімі, сала мамандары жылы қарсы қалды. Маңызды шаранының куәгері болдық. Келелі жиынға аудан әкімі Нұржан Ахатов қатысып, берекесі мен бірлігі жарасқан ауыл тұрғындарына алғысын айтып, ұсыныстарын тыңдады.
– Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев шаруашылық төрағаларымен кездесуінде нақты тапсырма берген еді. Ол – шаруашылық басшыларының жыл соңында үлескерлермен қорытынды кездесу өткізіп, арнайы есебін беру және алдағы жылға жоспарларымен бөлісу. Бүгінгі жиынның негізгі мақсаты да сол. Сондай-ақ еңбекте алда көрінген адал азаматтарымызды насихаттау жұмысы да тоқтамайды. Біз бұған дейін Тұран ауылындағы «Төңкеріс және К» серіктестігінің есебін тыңдадық, – деді аудан басшысы.
Әрмен қарай сөз кезегі Ақмая ауылдық округінің әкімі Бағлан Сағындықовқа беріліп, 2023 жылы атқарған жұмыстары бойынша есепті баяндамасын жүргізді. Өз есебінде ауыл шаруашылығы, егілген егістік көлемі, одан өндірілген өнімдер, мал шаруашылығындағы көрсеткіштер, бюджеттің атқарылуы, қоғамдық ұйымдар мен кәсіпкерлік және инфрақұрылым, елді мекенді абаттандыру жұмыстары мен әлеуметтік салалалардың әрбіріне жекелей тоқталды.
– Облыс әкімі тапсырмасына сәйкес, елді мекендегі балалар ойын және спорт алаңдарын қалпына келтіру жұмыстарына 212 мың теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ биыл абаттандыру жұмыстарына (көшет егу, аяқ суға насос орнату) – 318 мың теңге бөлініп, көгалдандыруға арнайы екі ұңғыма қазылып, жер асты насостары сатып алынды. «Ақмая-Қосарық» елді мекендері аралығындағы жол бойын жарықтандыру жұмыстары бойынша 7664,7 теңге қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда, – деді ауыл әкімі Б.Сағындықов.

Шаруасы шираған қожалық
Ауыл әкімінің баяндамасынан соң, «Ақмая» шаруа қожалығының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Дәулет Жұмбеков жыл басынан бергі жасаған жұмыстарына есеп берді. Айта кетейік, қамбаны қызылға толтырып отырған «Ақмая» шаруа қожалығы бүгінде кәсіптің көзін тапқан қожалықтардың қатарында. Осы ретте шаруақожалық басшысы Д.Жұмбеков басқаратын шаруашылық биыл 1300 гектар жерге Сыр салысын еккен. Сонымен қатар 250 гектар күздік бидай, 250 гектар жаңа, 535 гектар жерде ескі жоңышқа бар.
– Шаруашылықта 120 адам жұмыс істейді. Кешегі күзгі жиым-терімде орта есеппен гектарына 41 центнерден өнім алып, 5277 тоннадан астам күрішті қамбаға құйдық. Жоңышқа мен бидайды да өз уақытында жинадық. Бұның барлығы өзімізде еңбек еткен азаматтардың арқасы деп білемін. Шаруашылық ұдайы ел ішіндегі әлеуметтік мәселелермен қатар, аудандық кейбір шараларға да демеуші болып келеді. Шаруашылық есебінде 180 бас ірі қара бар, қазір сауылған сүтті аудандағы «Аруана» сүт өнімдерін өндіретін серіктестікке өткізіп келеміз. Ал алдағы жылы Ақмая шаруашылығы күріш ақтау зауыты мен май сығу цехын іске қосады, – деді.
Оның айтуынша, шаруашылықта бүгінге дейін құны 2 млрд теңге болатын ауыл шаруашылығы техникаларын пайдаланып келеді. Биыл да қаржы бөліп, жер жыртуға арналған су жаңа қос трактор алған.

Ұсыныстар назарға алынды
Жұмыстардың нәтижесі айтылып болған соң ауыл тұрғындары белсенділік танытып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Соның бірі ауыл ардагері – Асқарбек Жұмаділ. Ол ауылға сорғы қоңдырғылары жөнінде көмек керек екенін айтып, ауылдық округ әкімінің есебіне қанағаттанатынын жеткізді. Ал ауыл тұрғыны Мизам Кенімбаев ауылдағы Құлжан Қадір көшесіне жарық және газ жөңдеу жұмыстарын жүргізу туралы ұсынысын білдірді. Кездесу соңында ауыл әкімі айтылған сын-ескертпелер бойынша тиісті шаралар қабылданатынын айтты.

Жоспар – нақты, мақсат – айқын
Ауылдың ажары көркейсе, халықтың тұрмысы да жақсы болса, онда бұл ауыл әкімінің басшысы біліктілігі. Бүгінде ауыл-аймақтағы кәсіпкерлерге кең қанат жайып, бизнеске ынталы азаматтардың қатары күн санап артуда. Жаңа жылға жоспарлар нақты, мақсаттар да айқын. Ендеше Ақмая ауылының келер жылға қандай жаңалықтары бар екен? Сараптап көрелік.
Алдымен «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізі мен Ақмая ауылы аралығындағы 8,5 шақырым жолын күрделі жөндеуден өткізу жұмыстарына жоба-сметалық құжаттары мен мемлекеттік сараптамасы әзірленіп, аудандық ТКШ бөлімінің теңгеріміне ұсынылды.
Ауыл ішілік электр желілері мен бағаналарын ауыстыру және трансформаторлар орнатуға жоба-сметалық құжаттары мен мемлекттік сараптамасы дайындалып, аудандық ТКШ бөліміне қарастырылды. Бүгінгі күні Республикалық бюджеттен қаржы сұратылуда.
Тағы бір айта кетер жайт, мемлекеттік сатып алудан ұтып алған мердігер мекемемен тікелей жұмыс жасай отырып, ауылдың келешек көркеюі мен көгалдандырылу жоспарлары нақтыланып отыр.
Ауылдың азаматы Болат Ибраевқа алма бақ және шылаушын ұстауға 3 гектар жер телімі беріліп, қазіргі таңда жер ашу жұмыстары жүргізілуде. Көктемде жеміс ағаштарын отырғызу жұмыстарын бастайтын болады. Ауыл тұрғыны Берік Сәрсенбаевқа да повловния талын өсіріп, көбейту, көркейту мақсатында 1 гектар жер телімі қарастырылған. Ол да жұмысын қарқынды түрде бастауға дайын. Көктемде климаттық жағдайға төзімді, өсімтал, жерсінетін павловня ағашын көшеттеу басталады.

Ауыл халқына кино көрсетіледі
Естеріңізге сала кетейік, Ақмаяға аудан әкімінің қолдауымен ауылдық клуб үйіне музыкалық аппаратура, микрафон сатып алуға 1,5 млн теңге қаржы қаралып, қажетті құрал-жабдықтар сатып алынды. Аталған мекемеге 3,9 млн қаржы бөлініп ЛЭД экран, ноутбук берілді.
Осыған орай ауыл мәдениетінде оң өзгерістер пайда болуда. Нақты айтсақ, ауыл тұрғындарына кино берілмек. Ақмая ауылдық клуб үйінің мамандарының айтуынша, қаншама халық киноны Қызылордаға барып көреді. Ауа райы да салқын. Сол себепті көпшілікке кино ұсынғанды жөн көріп отыр. Бұдан байқайтынымыз, келбеті келіскен көрікті ауылдың бүгінгі ахуалы жақсы.

СӨЗ СОҢЫ. Іс-шара соңында Ақмая шаруа қожалығының төрағасы жыл бойына еңбек еткен, күріште мол өнім жинаған бірқатар азаматтарды ақшалай сыйақымен марапаттады. Олардың қатарында сушы, көлік жүргізушілер мен аспаздар, механизатор, звено жетекшісі және бригадирлер бар. 100 мың теңгеден басталатын қаржылай марапат 1 млн 500 мың теңгеге дейін берілді. Одан соң шаруашылық ардагерлері де «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Ардақты ардагер» аталымдарымен құрметке лайықты деп танылды. Айта кетсек, үш қызметкерге шипажайға жолдама берілді.
Сонымен қатар бұған дейін аудандық «Алтын күз» мерекелік шарасында шаруашылықтың үш үздік қызметкері Төрехан Әлтаев, Бейсенбек Кунтупов, Бауыржан Сандыбаевқа «Ақмая» шаруа қожалығы атынан көлік кілттері табысталған еді.
Иә, дәл сол күні еселі еңбек еленген күн болған еді. Ақмаялық диқандар межелі сәтті мерейлі күнмен аяқтағанына дән риза.

Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ,
Сурет Бақытжан БӘЙІМБЕТТІКІ
25 желтоқсан 2023 ж. 103 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930