Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тәуелсіздік – елімнің ерлік жолы

Тәуелсіздік – елімнің ерлік жолы

Тәуелсіздік – ата-бабаның рухын көтерген, мемлекетіміздің мәңгілік отын маздатқан, халқымыздың бостандығы мен дербес дамуы жолындағы сан ғасырлық күрес тарихының нәтижесі.
Бейсенбі күні аудандық орталық кітапханасында 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне орай «Тәуелсіздік – елімнің ерлік жолы» атты дөңгелек үстелі өтті. Негізгі мақсаты – бейбіт өмір жолында жанын қиған ержүрек азаматтардың есімін ұлықтау, рухтарына тағзым ету.
Іс-шараның алғы сөзі аудан әкімінің міндетін атқарушы Ерсұлтан Әпетовке берілді.
– Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті, – деді.
Осы ретте, Е.Амантайұлы шараға келген желтоқсаншылар Роза Ілиясқызы, ­Айдарбек Сегізбаев, Әнуар Махмудинұлы, Патыма Арғынбайқызы және Зәуре Алтынбекованы марапаттады.
Сондай-ақ кеште желтоқсан оқиғасы жайлы ой-толғамдар айтылды. Және «Жастарды ұлтжандылыққа қалай тәрбиелеу керек?» сынды сауалдар қойылды.
Айта кетейік, бұл шара Шиелі ауданының қоғамдық даму бөлімінің тапсырысы аясында ұйымдастырылды. Олай болса, ата тарихымызды, ана тілімізді, дінімізді, ділімізді қаз-қаз тұрғызып, «Қазақ, Отан, Туған жер» деп жүрегімізді қақтырған, барша алпыс екі тамырымызды игізген, ата-жұртты сүйдірген – Тәуелсіздік ұғымы мәңгі жасасын! Осындай игі шаралар арқылы біз келешек ұрпақтың патриоттық сезімін оята аламыз.

Айнұр ИБРАШЕВА
18 желтоқсан 2023 ж. 134 0