ҚАЗАҚҚА ҚАЙ МЕРЕКЕ ҚЫМБАТ?
Бүгін тұғырлы мерекеміз – Тәуелсіздік күні. Алаш ұранды қазақ жұртының егемендік туын желбіреткеніне – 32 жыл. Аллаға шүкір, демегенде ше?
Осыдан тұп-тура 1 жылға шегініс жасасақ. Дәл сол уақта аудандағы «Әбдіманап» орталық базарына кіре қалсаңыз, құдды бір жаңа жыл таяп қалғандай, лебі аңқып тұратын. Тәуелсіздік күні тойланбай жатып, еліміздің барлық аймағында «Жаңа жылға» әзірлік қызу жүріп, осы мақсатта миллиондаған қаржы жұмсалатыны әмбеге аян. Самсап тұрған шыршаны безендіруге арналған дүниелерден, ұлық мерекемізге қатысты бірде-бір зат көзге көрінбейтін. Бұл – 1 жыл бұрынғы көрініс. Ал кеше орталық базарға барып, мұның бірде-бірін таппадық. Іштей риза болдық. Алайда алақұйын желдің әсіренен де сатушылар базарға шыға алмаған болар деген ой да түйдік.
Осыдан тұп-тура 1 жылға шегініс жасасақ. Дәл сол уақта аудандағы «Әбдіманап» орталық базарына кіре қалсаңыз, құдды бір жаңа жыл таяп қалғандай, лебі аңқып тұратын. Тәуелсіздік күні тойланбай жатып, еліміздің барлық аймағында «Жаңа жылға» әзірлік қызу жүріп, осы мақсатта миллиондаған қаржы жұмсалатыны әмбеге аян. Самсап тұрған шыршаны безендіруге арналған дүниелерден, ұлық мерекемізге қатысты бірде-бір зат көзге көрінбейтін. Бұл – 1 жыл бұрынғы көрініс. Ал кеше орталық базарға барып, мұның бірде-бірін таппадық. Іштей риза болдық. Алайда алақұйын желдің әсіренен де сатушылар базарға шыға алмаған болар деген ой да түйдік.
16 желтоқсан – Алаштың тәуелсіздік алған күні. Төбемізден қара түнек кетіп, күніміз көкке көтерілген күн. Бұл – басымызға бақ қонған күн. Бұл – азаттықтың ақ таңы атқан күн. Бізге осынау бейбітшілікті сыйға тарту еткен күнді неге өз дәрежесінде атап өтпейміз?
Еліміз үшін маңызы үлкен мереке Тәуелсіздік күні жөнінде еш ақпарат кездестіре алмаймыз. Тек қана 3-4 күн қалғанда ақпарат құралдарында, кейбір бағдарламаларда жүгіртпе жолдар беріле бастайды. Егер біз ұлт ретінде егемендігіміздің қадір тұтсақ, ең алдымен осы күнге көңіл бөлуіміз керек емес пе?!
Шынтуайтында, Тәуелсіздікті атап өтудің өзі тәрбиелік және тағылымдық тұрғыда мәні зор. Қазақ ұлтының сақталуы, ықылым заманнан өзі мекендеген ата жұртында дербес мемлекет ретінде шаңырақ көтеріп, өркендеуі ел тәуелсіздігінен бастау алады. Біз үшін «Жаңа жыл» мерекесінен гөрі ұлттық мерекеміз – Тәуелсіздік күні қымбат әрі құнды. Сол себепті тәуелсіздік тұғырдан түспеуі үшін оның қадіріне жете білу маңызды. Ол – жүрегі Отан деп соққан азаматтың парызы. Осы парыздың жауапкершілігін бүгінгі ұрпақ қаншалықты ұғына алып жүр?
Еліміздің барлық ойын-сауық, сауда орталықтары жаңа жылдық безендіруге кірісіп кеткенші қашан. Жаңа жылдап ұрандаған жарнамалардан көз шатасады. Мұның барлығы ел тұрғындарына жаңа жылдық көңіл-күй сыйлап, ұлық мейрамды көлеңкеде қалдыратыны көңілге кірбің ұялатады. 16 желтоқсан келгенше, атаулы мейрам туралы еш жерде жеткілікті деңгейде айтылмайды да, жазылмайды да, тойланбайды да. Қызылды-жасылды көз тартар шырша шамдары мен «Қош келдің, Жаңа жыл!» деген жазуға оранған мекеніміз Тәуелсіздік мейрамын жұтып жібергендей болады.
Мысал үшін, өткен жылы Қостанай облысының әкімдігі орталығында жағылатын бас шырша мен мұз қалашыққа 40 млн теңге қарастырылыпты. Абай облысы жаңа жылдық мәдени іс-шараларды өткізуге 13 млн теңге бөлсе, Алматыда 59 миллион 800 мың теңгеге безендіру жоспарланған. Ұлытау облысының әкімдігі бас шыршаның безендірілуі мен жағу салтанаты, концерттік бағдарламаларға 4 млн теңге жұмсапты-мыс. Ал Шиелі ауданы 2,5 млн теңгені жұмсауды жоспар қылған.
Жаңа жыл десе, бәріміздің көз алдымызға шырша, отшашу мен «оливье» салаты, мандарин елестейді. Және оған «Үйде жалғыз қалғанда» (Один дома) фильмін қосыңыз. Ал Тәуелсіздік күні дегендеп нені елестете аласыз? Дәл осы күнге патриоттық сезімдерге бедер беріліп жүр. Солардың заңды жалғасы өткен жылы көк байрағымыз көбірек насихатталды. Қылтималарда ілінді. Бірақ биыл мұндай іс-әрекет байқалмады.
Айтпақшы, Жаңа жылда дастарханға да ерекше мән береміз. Оливье мен манты дайындап, мандаринге толтырамыз. Сөйтіп, сағат тілі түнгі 12-ге жеткенді тағатсыздана күтеміз. Себебі дәл сол кезде түрлі отшашуларды атамыз. Президенттің сөзін тыңдап, бір-біріне тілек айту тағы бар. Ал Тәуелсіздік дастарханы қандай болуы керек? Ол қашан жайылып, оған не қойылуы тиіс?
Жаңа жылда Аяз ата мен Ақшақарды күтіп, түрлі сыйлықтар аламыз. Наурызда да сол, алтыбақан теуіп, ұлттық ойындар ойнап, наурыз көже ішеміз. Әйтеуір алақан тигізіп, түйсінетін заттар бар. Тәуелсіздікте нені түйсінесіз? Сонымен бірге кез келген мереке алдымен балаларға арналуы тиіс. Жаңа жылды кімдер асыға күтеді? Әрине, балалар. Себебі сыйлық алады. Сол сияқты Тәуелсіздік күнінің де балаларға берері болуы тиіс. Балалар күтіп жүретіндей қандай сыйлық ұйымдастыруға болады? Оны кім береді? Не үшін береді?
Сөз соңы. Жаңа жылды тойламау керек деген ойдан адамыз. Бірақ алдымен жаңа жылға дайындықты Тәуелсіздік күнінен кейін бастау керектігін ұғынсақ игі. Өз тәуелсіздігімізді өзіміз шулатып тойламасақ, өзіміз керек қылмасақ, бұл мейрамның ешкімге де қажеті жоқ. Анығында, Тәуелсіздік – ұлы мейрам. Сол үшін оның қадіріне жете білсек екен.
Сұлушаш МАДИЯРОВА