ҚАЗАҚҚА ҚАЙ МЕРЕКЕ ҚЫМБАТ?
Желтоқсан айының есігімізден енгеніне 13-ші күн. Үш күннен соң тұғырлы мерекеміз «Тәуелсіздік күні» келеді. Алайда көпшілігіміз патриоттық мерекенің орнына «Жаңа жылды» тағатсыздана күтіп жүрміз. Мұны жасыруға болмас... Тәуелсіздік күні қашанғы «Жаңа жылдың» тасасында қалып қоюы керек?
Аудандағы «Әбдіманап» орталық базарына кіре қалсаңыз, құдды бір жаңа жыл таяп қалғандай, лебі аңқып тұр. Бірақ оған әлі 19 күн бар. Тәуелсіздік күні тойланбай жатып, еліміздің барлық қалаларында «Жаңа жыл» мерекесіне кірісу «дәстүрге» айналғанын, осы мақсатта миллиондаған қаражат шығындалатыны әмбеге аян. Жаңа жылдан бұрын келетін өзіміздің төл мерекеміздің символы ретінде неге көк байрағымыз яки ұлттық нақыштағы дүниелер сатылмайды?
Аудандағы «Әбдіманап» орталық базарына кіре қалсаңыз, құдды бір жаңа жыл таяп қалғандай, лебі аңқып тұр. Бірақ оған әлі 19 күн бар. Тәуелсіздік күні тойланбай жатып, еліміздің барлық қалаларында «Жаңа жыл» мерекесіне кірісу «дәстүрге» айналғанын, осы мақсатта миллиондаған қаражат шығындалатыны әмбеге аян. Жаңа жылдан бұрын келетін өзіміздің төл мерекеміздің символы ретінде неге көк байрағымыз яки ұлттық нақыштағы дүниелер сатылмайды?
16 желтоқсан – Алаштың тәуелсіздік алған күні. Бұл – төбемізден қара түнек кетіп, күніміз көкке көтерілген күн. Бұл – басымызға бақ қонған күн. Азаттықтың ақ таңы атқан күн. Бізге осынау бейбітшілікті сыйға тарту еткен күнді неге өз дәрежесінде атап өтпейміз?
«Жаңа жылға» дейін еліміз үшін маңызы үлкен мереке Тәуелсіздік күні жөнінде еш ақпарат кездестіре алмаймыз. Тек қана үш-төрт күн қалғанда ақпарат құралдарында кейбір бағдарламаларда жүгіртпе жолдар беріле бастайды. Бұл Тәуелсіздік күнін Жаңа жыл мерекесінің, шыршаның көлеңкесінде қалып қоятынын аңғартады. Егер біз ұлт ретінде тәуелсіздігімізді қадір тұтсақ, ең алдымен тәуелсіздік күніне көңіл бөлуіміз керек емес пе?!
Шынтуайтында, Тәуелсіздік күнін атап өтудің өзі тәрбиелік және тағылымдық тұрғыда мәні зор. Қазақ ұлтының сақталуы, ықылым заманнан өзі мекендеген атажұртында дербес мемлекет ретінде шаңырақ көтеріп, өркендеуі ел тәуелсіздігінен бастау алады. Біз үшін «Жаңа жыл» мерекесінен гөрі ұлттық мерекеміз – Тәуеліздік күні қымбат әрі құнды. Сол себепті алаштықтар үшін тәуелсіздік күнінің алар орны орасан. Тәуелсіздік тұғырлы болуы үшін оның қадіріне жете білу маңызды. Ол – жүрегі Отан деп соққан азаматтың парызы. Осы парыздың жауапкершілігін бүгінгі ұрпақ қаншалықты ұғына алып жүр?
Еліміздің барлық ойын-сауық, сауда орталықтары жаңа жылдық безендіруге кірісіп кеткен. Мектептер мен жоғарғы оқу орындарының барлығында дерлік тура осы көрініс. Жаңа жылдап ұрандаған жарнамалардан көз шатасады. Мұның барлығы ел тұрғындарына жаңа жылдық көңіл-күй сыйлап, тәуелсіздік мейрамын көлеңкеде қалдыратыны көңілге кірбің салады. 16 желтоқсан келгенше атаулы мейрам туралы еш жерде жеткілікті деңгейде айтылмайды да, жазылмайды да, тойланбайды да. Қызылды-жасылды көз тартар шырша шамдары мен «Қош келдің, Жаңа жыл!» деген жазуға оранған мекеніміз Тәуелсіздік мейрамын жұтып жібергендей.
Мысал үшін айта кетейікші, биыл Қостанай облысының әкімдігі орталығында жағылатын бас шырша мен мұз қалашыққа 40 млн теңге қарастырылыпты. Абай облысы жаңа жылдық мәдени іс-шараларды өткізуге 13 млн теңге бөлсе, Алматыда 59 миллион 800 мың теңгеге безендіру жоспарланған. Ұлытау облысының әкімдігі бас шыршаның безендірілуі мен жағу салтанаты, концерттік бағдарламаларға 4 млн теңге жұмсамақ ниетте. Ал Шиелі ауданына 2,5 млн теңгені жұмсау жоспарланып отыр.
Жаңа жыл десе, бәріміздің көз алдымызға шырша, отшашу мен «оливье» салаты, мандарин елестейді. Және оған «Үйде жалғыз қалғанда» (Один дома) фильмін қосыңыз. Ал Тәуелсіздік күні дегенде нені елестете аласыз? Тәуелсіздік күнінде патриоттық сезімдерге бедер беріліп жүр. Солардың заңды жалғасы биыл көк туымыз көбірек насихатталды, балкондарға ілінді делік. Бірақ биыл бір нәрсе, келер жылы басқа іс-шара болуы мүмкін. Адамдар жылда қайталана беретін әсер алмай, дәстүр қалыптаспайды. Мәселен, корпоративтік мәдениеттің қалыптасуына 8-12 жыл уақыт қажет екен. Осы тұста мерекелеудің қоғамдық дәстүрі қалыптасу үшін қаншама жыл уақыт қажет екенін бағамдай беріңіз.
Айтпақшы, Жаңа жылда дастарқанға да ерекше мән береміз. Оливье мен манты дайындап, мандаринге толтырамыз.Сөйтіп, сағат тілі түңгі 12-ні тағатсыздана күтіп, дастарқан басына жайғасады. Президенттің сөзін тыңдап, тілек айтады. Ал Тәуелсіздік дастарқаны қандай болуы керек? Ол қашан жайылып, оған не қойылуы тиіс?
Жаңа жылда Аяз ата мен Ақшақарды күтіп, түрлі сыйлықтар аламыз. Наурызда да сол, алтыбақан теуіп, ұлттық ойындарды ойнап, Наурыз көже ішеміз. Әйтеуір алақан тигізіп, түйсінетін заттар бар. Тәуелсіздікте нені түйсінесіз? Сонымен бірге кез келген мереке алдымен балаларға арналуы тиіс. Жаңа жылды кімдер асыға күтеді? Балалар. Себебі сыйлық алады. Тәуелсіздік күнінің де балаларға берері болуы тиіс. Балалар күтіп жүретіндей қандай сыйлық істеуге болады? Оны кім береді? Не үшін береді?
ТҮЙІН: Жаңа жылды тойламау керек деген ойдан адамыз. Бірақ алдымен жаңа жылға дайындықты Тәуелсіздік күнінен кейін бастау керектігін ұғынсақ игі. Өз тәуелсіздігімізді өзіміз шулатып тойламасақ, өзіміз керек қылмасақ, бұл мейрамның ешкімге де қажеті жоқ. Анығында, Тәуелсіздік – ұлы мейрам. Сол үшін оның қадіріне жете білсек екен.
Сұлушаш МАДИЯРОВА
Сұлушаш МАДИЯРОВА