Бұралқы ит бұқараға қауіп төндірмесін
Бала күнімізде «Ауылға ит атқыштар келеді екен» деген хабарды естісе, жұрт бос жүрген төбеттерінен бастап, шәуілдек кәнденіне дейін көшеге шығармауға тырысатын. Мойнына көзін ашқалы қарғыбау салынып көрмеген момақан иттің өзін екі-үш күн аула ішінде байлап ұстайтын. Өйткені «ит атқыштар» көшеде бос жүрген төрт аяқтыларды көре қалса, әй-шайға қарамай атып тастайтын. Бүгінде мұндай үрдіс келмеске кеткен. Бәлкім сондықтан да шығар, қаңғыбас иттердің ауық-ауық болса да көбейіп кетуі қоғамда өзекті мәселе ретінде жиі көтеріліп тұрады. Бүгінде иесіз иттен жәбір көрушілер көп. Мектепке баратын балаға да, жаяу жүргіншілер мен газет таратушыларға да зиянын тигізуде.
«Алабай тұқымдас екі ит 7 жасар баланы талап тастаған», «Он екі жастағы баланы ит талап жазым етті», «Жаңаөзенде төрт жасар баланы төбет тістеді», «Ақтөбеде ер адам иттердің шабуылынан ауруханаға түсті». Осы және басқа да жантүршігерлік жаңалықтар ауық-ауық ақпарат бетінен көрініп жатады. Мұндай мәліметтер аудандағы қаңғыбас иттер туралы қалам тербеуімізге түрткі болды. Себебі иесіз қалған төртаяқтылар таң атқаннан, кеш батқанға дейін орталықта және қоғамдық орындарда емін-еркін жүр. Оларға қарап-ақ ешқандай күтімі де, қарап, баптап отқан адамы да жоқ екенін байқау қиын емес. Мойнында қарғыбауы да көзге көрінбейді.
«Алабай тұқымдас екі ит 7 жасар баланы талап тастаған», «Он екі жастағы баланы ит талап жазым етті», «Жаңаөзенде төрт жасар баланы төбет тістеді», «Ақтөбеде ер адам иттердің шабуылынан ауруханаға түсті». Осы және басқа да жантүршігерлік жаңалықтар ауық-ауық ақпарат бетінен көрініп жатады. Мұндай мәліметтер аудандағы қаңғыбас иттер туралы қалам тербеуімізге түрткі болды. Себебі иесіз қалған төртаяқтылар таң атқаннан, кеш батқанға дейін орталықта және қоғамдық орындарда емін-еркін жүр. Оларға қарап-ақ ешқандай күтімі де, қарап, баптап отқан адамы да жоқ екенін байқау қиын емес. Мойнында қарғыбауы да көзге көрінбейді.
Иә, орталықта, базар маңында, асхана айналасында, адам көп шоғырланатын жерлерде қаңғыбас иттер мен мысықтар жетерлік. Өкінішке қарай, тұрғындар да, жауапты мамандар да иесіз қалған үй жануарларына ешқандай амал істей алмай отыр. Себебі 2021 жылдың желтоқсан айында «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заң шығып, ол 2022 жылы 2 наурызда толыққанды күшіне енді. Заңға сәйкес, қазіргі таңда қараусыз қалған иттерге жауапкершілікпен қарау талап етіледі. Иесі табылғанша төртаяқтыны өлтіруге қатаң тыйым бар. Тіпті екі айға дейін оны уақытша ұстап, бағып-қағу қажеттігі де ескерілген. Алайда балалар түгілі ересектерді талап жатқан қаңғыбас иттер туралы жиі айтылып жүр. Ал олардың иесі жауапкершіліктен жалтарып, ақыр аяғында адам зардап шегуде.
Әрине, иттің барлығын қауіпті деп айта салғымыз келмейді. Олар да тіршілік иесі. Бірақ дәл осы қаңғыбас иттен төнетін қауіп көп. Себебі олар жұқпалы ауруларды тасымалдайды. Әсіресе, құтыру, эхинококкоз, қышыма, қотыр аурулары. Иттердің әрі-бері тынымсыз жүре беретінін білеміз. Яғни жұқпалы ауру ауданның ана басынан, мына басына дейін оп-оңай таратылады деген сөз. Тіпті қараусыз қалған иттерден малдар да зардап шегетін көрінеді. Айтып отырғанымыз аңыз емес, ақиқат. Мұны әсіресе қорадағы қойын түз тағысы жарып кетпесін деп көзінің қарашығындай қорғап жүретін тұрғындар жақсы түсінеді. Әрине, қауіпті қасқырдан күтіп отырғанда, төрт түлігін төбеттер қыл мойнынан бауыздап кетуі – түсініксіз жайт. Бірақ мал түгілі адамның өзін ажал құштырып жатқан қаңғыбас иттен басқа не күтеміз? Мұндай ахуал кент тұрғындарын алаңдатпай қоймайды.
Биыл елімізде 8 айлық көрсеткіш бойынша 2 333 адамды ит қабу дерегі тіркелсе, айына 291 адам төрт аяқты мақұлықтардан жапа шегіп жатыр деген сөз. Ал ит қапқан 1 108 жасөспірімді зердеге салсақ, онда айына 138 бала итке талануда. Бұл – әрине, алаңдайтын көрсеткіш. Егер айына таланып жатқан 138 баланы тағы 30 күнге шағатын болсақ, онда күнделікті кемі төрт бала қаңғыбас иттердің құрбанына айналып жатқанына көз жеткізуге болады. Санаға салмақ салған мұндай қорқынышты сандарды алға тартып, адамдарды ит талау фактілерінің алдын алу бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатқанын білмек мақсатта аудандық ветеринария басқармасына қайырылдық. «Қаңғыбас иттерді атуға болмайды деген Заң шыққаны белгілі. Алайда ол Заң қайта өзгеріске ұшырауы мүмкін. Өйткені қараусыз қалған иттерден адам өміріне келер қауіп көп. Бірақ бетін аулақ салсын, бұл бағытта ауданда оқыс оқиға орын алған жоқ» деді мекеме басшысы.
Бірақ тұрғындарға сақтану және қауіпсіздік шаралары туралы мәлімет айтылып отырады екен. Бұл ережені ересек адам сақтайтын шығар, бірақ әлі оң мен солын ажырата алмайтын бала иттің қаһарына ілінсе қалай аман қалмақ? Қаңғыбас иттің жаны бейкүнә сәбидің өмірінен құндырақ болып тұр ма сонда? Әрине, бас салып иттерді ату керек деуден аулақпыз. Алайда адамның досы емес, дұшпанына айналып бара жатқан жануарларға шара қолдану үшін қайтадан Заңды қараған дұрыс та шығар. Бұл тек біздің пайым емес. Тұрғындар арасында да қайтсе де қараусыз қалған иттен құтылғысы келетіндер бар. Мәселен, кент тұрғыны Г.Дәркенбаева да өзінің баласы үшін алаңдайды.
– Көшеде қаңғыған иттер толып жүр. Арасында құтырғаны да бар шығар, кім біледі?! Балаларымды сабаққа жіберіп аламын да, «көшедегі көп иттің бірі қауып алмас па екен?» деп жанымды шүберекке түйіп отырамын. Тіптен қорқатын болдық. Үйдің айналасында да балалар ойын алаңында да қаңғыбас ит көп. Ағаш алып үркітсең, өзіңе қарап ырылдап, тістеуге ұмтылады. Адамнан қорықпайды. Осы иттерден жұққан ауру өмір бойы жазылмайды деп естіген едім. Сондықтан қалай да болсын олардан құтылу керек. Жарайды, атуға болмаса да басқа амалын қарастыру керек шығар. Адам көп шоғырланған жерде тіпті көп. Асхана, кафе айналасында да жетерлік. Солардың біреуі бір ыдысты жалап кетсе, бітті ғой. Барлық тұрғын ауырады, – дейді.
Осы уақытқа дейін «Ит – адамның досы», «Ит – жеті қазынаның бірі» деп келдік. Қоршалған қорада қарғыбауымен үйді қарауылдап тұрған төбеттердің ас-суын беріп, жағдайын жасап келе жатырмыз, әрине. Үй күзеткен, адамның досына айналған иттерде шаруамыз жоқ. Бірақ қаңғыбас иттер құтымызды қашырды. «Адам – мемлекеттің байлығы» десек, ең бірінші төртаяқты жануардың емес, адамның амандығына алаңдауымыз керек сияқты. Әсіресе, жануардың құқығын қорғаймыз деп қоғамда белсенді болып жүрген жандар, ең әуелі жұмыр басты пенденің құқығы мен қауіпсіздігі маңызды екенін түсінсе екен.
Г.ӘБДІХАНИ