Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тентекті тезге салған текті ұстаз

Тентекті тезге салған текті ұстаз

Білікті басшы бір ғана сөзінен яки бір ғана ісінен аңғарылып тұрады емес пе? Күлжан Жаукебаева 1968-1969 оқу жылында №45 Октябрьдің XIV жылдығы атындағы қазақ орта мектебіне директор болып келді. Білім ордасында оған дейін де білім, тәлім-тәрбие беруде өзіндік үрдіс қалыптасқан болатын. Мұғалімдер өте сауатты, ауыз бірлігі жарасқан, ұйымшыл ұжым. Күлекең де өзі басшы болып келгеннен кейін осы үрдістерді жалғастыра білді.
Күлекең өзі қазақи тәрбие алған, салт-дәстүрді берік ұстанған адам. Ұлттық болмыс-бітімімізге баса мән беріп, оқушылардың жүріс тұрысын да назардан тыс қалдырмайтын. Басшылық қызметке жақында келген Күлекең барлық сыныптарды аралап, сабақ барысын байқап шықты. Ол кезде балалардың барлығы бірдей балабақшаға бармайтын. Әсіресе қыздардың шашы қысқа болып келетін. Бір күні Күлекең шашы қысқа қиылған қыздардың ата-аналарын жинап, жеке әңгіме өткізді. Сонда «Қазақ бұрымды киелі санап қана қоймай, оны ардың белгісі санаған. Тәуке ханның «Жеті жарғы» заңнамасының үшінші тағаны «Кек пен жаза» деп аталады. Мұндағы түрлі қылмысқа қатысты жазалардың ішіндегі ең ауыры – өлім жазасы. Содан кейінгі ауыр жазалардың бірі – бұрымын кесу. Нәпсісін тыя алмаған еркектің атының құйрығын кесіп, ардан аттаған қыздың немесе күйеуінің көзіне шөп салған әйелдің бұрымын кескен. Сондықтан қыздарыңыздың бұрымын еш себепсіз кимаңыздар» деп, істің жай-жапсарын жатқыза жеткізген еді. Осыдан кейін көп оқушы мектеп бітіргенше шашын қимай, ұзын бұрымды бойжеткен болып білім ордасынан қанат қаққаны әлі есімде.
Күлекең өте сауатты және өте қабілетті басшы бола білді. Мұғалімдердің сабағына еніп, талдау жасау үшін сол пәндердің одақ бойынша шығатын методикалық журналдарын алып оқып, сол журналдағы нұсқаулар мен ұсыныстар бойынша сабақ өтуді талап ететін. Сондықтан да болар мұғалімдер еш қарсылық айтып, ренжімейтін. Күлекеңнің айтқан ескертулерін мойындайтын.
«Тәрбие жоқ жерде, білім салтанат құрмайды». Күлекең осы қағиданы қатаң ұстады. Үзіліс уақытында мектеп дәлізіне шығып, оқушылардың киім киісі, сөйлеу әдебіне дейін бақылап отыратын. Мектеп мұғалімдері де 1-қабатта отыратынбыз. Директор сол сәттерде тізесінен жоғары белдемше киген қыз көрсе, шақырып алып ескерту беретін. Тіпті ата-анасына да сәлемдемесін жеткізетін. Сол айтқанынан оқушы да, оның анасы да нәтиже шығаратын.
Мектеп басшысы сол кездерде әрбір баланың көңіл-күйі, қарнының тоқтығы, сабаққа деген ынтасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп, ата-анамен қарым-қатынас орнатты. Ең әуелі оқушыларды үйден тамаққа тойдырып жіберуді сұрайтын. «Аш баланың санасына білім құю қиын» дейтін. Одан соң балалардың құтыдағы сусындарды ішуін де қолдамайтын. «Қазірден бастап шөлмектегі сусындарға әуестенбеңдер» деп жиі ескертетін. Міне, мұның бәрі білімнің бастауы болған тәрбие емес пе?
Күлекең өзінен үлкен кісілерге басшымын деп қатты дауыс көтеріп сөйлемейтін. Өзінен кішілерге де жанына, арына тиетін сөздер айтпайтын. Әсіресе ­Ертай Есенгелдиевті, Шәкен Ысқақты қатты құрметтеп солардан ақыл-кеңес сұрап отырды. Күлжан Ертай ағайдың оқушысы болған екен. Мектепке дейін басшылық қызметте болып, ұстаздықтан қол үзіп қалған Күлжанға Ертай Есенгелдиев өз білгенін үйретуден, ол үйренуден қашпады. Өмірінің соңына дейін ағайдан көп қолдау көрдім деп айтып кетті.
Білім ордасына басшылық ету, сан мыңдаған шәкіртке бағыт-бағдар беру сырттан қараған адамға жеңіл көрінуі мүмкін. Алайда Күлекеңмен біріміз басшы, біріміз қосшы болып 25 жыл жұмыс істеппіз. Жұмыс барысында түрлі қиындықтар да кезікті. Бірақ өмірде біріміз аға-ана, біріміз іні-бауыр бола білдік. Кезіге қалсақ «Оу, менің завучім» дейтін, сол сөз әлі күнге құлағымда айтылып тұрғандай. Ұстаз есімі ұмытылмайды деген осы шығар...

Дүйсеман Қали
04 желтоқсан 2023 ж. 201 0