Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Іскер басшы, қамқор ана

Іскер басшы, қамқор ана

Анам үнемі Күлжан апай мен Бибіжанды аузынан тастамай мақтап отыратын. «Шіркін, қыз болса, сондай болсын, ер азаматтармен иық тіресіп, бірге қызметтес болып, елге елеулі, халыққа қалаулы атанып жүрген», – деп тамсанушы еді. Бәлкім, бізге үлгі еткен шығар. «Сөйлер сөзін, отыратын орнын біліп, қарапайымдылық шеңберінен шықпай, елге аянбай қызмет етіп жүр» дейтін. Бәлкім, анам тірі болса, келістіріп естелік жазар ма еді?! Ондай шебер журналист болмасам да қалам тербеп көрейін...
1983-1984 оқу жылындағы күз айының алғашқы кезеңі болса керек, үйге аудандық білім бөлімінің инспекторы Зейнеп Тұрсынова (әрі сыныптас құрбым) келіп, аудандық білім бөлімінің басшысы Жағыппар Зермұхамедов ағайдың сағат 15:00-ге шақырып жатқанын айтты. Бірақ неге шақырғанын ол кезде айтпады. Басшының аты – басшы, мен бардым. Ағай мені №45 қазақ орта мектебіне оқу ісінің меңгерушілігіне ұсынып отырғанын айтты.
Ал мен жағдайымды айтып, бұрын Жаңақорғанда да осындай ұсыныс болғанын шипажайдан ашылған мектеп директорлығынан бас тартқанымды, жалпы, басшылық қызметке қызықпайтынымды, қазір де №219 мектепте оқу ісінің меңгерушісі екенімді түсіндірген болдым. «Сенің ол орның уақытша, декреттік демалыстағы кісінің орны, мені білмейді дейсің бе?» деп ренжіді. «Иесі келсе, мұғалім болып істей беремін» деп балаларымның жастығын, қарайтын адамның жоқтығын алға тарттым. Ағай келіспеді. Ертеңіне №45 мектеп директоры Күлжан апайды шақырып, мені таныстырды. Меніңше, апай да ықыласты болған жоқ, өзінің тәжірибелі маманын қимайтынын байқатып отырды.
Сонымен Жағыппар ағайдың күштеуімен, екінші жағынан, анамның демеуімен келісуге тура келді. Келер алдында көп ойланып, толғандым. «Мен бұл жұмысты ойдағыдай атқара аламын ба, сол кездегі көзі тірі ұстаздарымның көңілінен шыға аламын ба?» деген күдік басым болды. Оның үстіне ол кезде №219 Ы.Алтынсарин атындағы мектепте уақытша болса да, осы қызметті атқарып жүргенмін. Мектеп директоры Назгүл Аханова апаймен жап-жақсы тіл табысып, сыйласып жүргендіктен, жылы орнымды суытқым да келген жоқ. Оның үстіне №45 мектеп – ауданның қара шаңырағы, өзім білім алған іргелі мектеп. Мектеп директоры Күлжан Жәукебаева өте беделді, бұрын партия қызметкері болған, аудандық атқару комитетінде орынбасарлық, Пионерлер үйінде басшылық қызмет атқарған. Сол кезде іскерлігі мен ел аузында жүрген, аты аңызға айналған жан еді. Осылайша, бір күдік, бір қобалжумен мектеп табалдырығынан аттап, жаңа қызметке келдім.
Менің алдымда оқу ісінің меңгерушісі болған Зияда Оразбековамен бір кезде №47 И.В.Ломоносов атындағы орта мектепте мұғалім болып бірге қызмет еткенбіз. Орыс тілінен Зияда, мен қазақ тілінен сабақ бердім. Ол өте орнықты, өз ісіне мығым, биязы мінезді, ұқыпты болатын. Аудандық білім бөліміне методикалық кабинет меңгерушісі болып ауысып жатыр екен. Зияданың аузының беріктігі сонша алдында ғана екеуміз «Ортақшыл» орта мектебіне тексеруге бірге барғанда да еш сыр берген жоқ. Ол білген сияқты, себебі менің кандидатурамды өзі ұсынған екен. Жұмыстарын тапсырып жатқанда байқағаным: қағаздары өте тәртіппен реттелген, жинақы, хаттамалардың барлығы бір қолдан шыққаны көрініп тұр. Мен таңғалып: «Сен хатшы ұстайсың ба?» дегенімде, ол «Жоқ, бәрін өзім жазамын» деді. Менің таңданысымда шек болған жоқ. «Қалай үлгереді, сабақ кестесі бар, мұғалімдердің сабағын реттеп отыру керек, сабаққа енуі тағы бар, арасында аудандық методикалық кабинетке жиі шақырылады. Оның үстіне, өзі сабақ береді» деп ойладым да қойдым. Зияданың атқарып кеткен жұмыстарын зерделей, біраз ой түйдім, қалай ықшамдауға болатынын ойладым. Методикалық папка өте көп, әр мұғалімге жеке-жеке арнап, бәрін өзі толтырып отырған. Сөйтсем, кейін Күлжан апайдың сөзінен байқағаным: Зияда кешкі 21:00-ден кейін мектепке келіп, 22-23:00-ге дейін отырып, барлық орындалған жұмыстарға талдау жасап, хаттама толтырып қояды екен.
Ал №219 мектепте бір күндік жұмысын әрбір мұғалім сабақ жоспары, сабаққа енуі, тәрбие жұмыстары, ата-ананың үйіне баруы, т.б. өзіне сабақ кестесінде қойылған (окно) бос уақыттарында өзі толтырып, бірлестік жетекшілеріне өткізеді. Апта соңында әр бірлестік жетекшісі мұғалімдердің жұмысына толық талдау жасап, дирекцияға өткізеді. Әрбір дирекция мүшелері, яғни оқу ісінің меңгерушілері өз саласы бойынша жинақтап педагогикалық кеңеске ұсыныс беріп отырады. Бұл бір конвейер тәрізді еңбек әдісі болатын. Әрі тез, әрі жинақы, әрі әркім өз жұмысына өзі жауап бере алады.
Ол кезде мектептер Бабанскийдің «Оқу тәрбие жұмысын оңтайландыру» «Оптимизация учебно-воспитательного процесса» және Горскаяның «Оқу тәрбие жұмысын ұйымдастыру» деген методикалық әдістемелерін басшылыққа алып жұмыс істейтін. Мен де осы әдістемелерді басшылыққа алып, №219 мектептен алған «Конвейер» әдісіне көштім. Мұғалімдер алғашында ренжіп, директорға үстімнен шағым айтып жүрді. Апай менің өзіме еш нәрсе демеді, содан болар, олар тез-ақ көндігіп, меңгеріп алды. Әрқайсысы өз жұмыстарына жауапты болды.
Күлжан апай маған әдепкіде томаға-тұйық кісі тәрізді көрінді. Мен де қашқақтап, бұл кісіге көп бара бермей, кез-келген мәселені өзім шешуге тырысып, мазасын алғым келмеді. Жинақтаған талдау­ларымды дирекция жанындағы не педагогикалық кеңеске мәселе етіп қойып, дайындалып баратын болдым. Мұғалімдер де жинала бастады. Педагогикалық кеңесте директордың маған: «Бас-аяғы бір айдың ішінде мұғалімдердің бәрін бір тарының қауызына сыйғызып үлгердің бе?» дегені бар. Мен бұны түсіне алмадым «мақтағаны ма, әлде, ренжігені ме?» деп ойланып қалдым. Менің бір байқағаным, мұғалімдер бұрынғыдай емес, мұғалімдер бөлмесінде шүйіркелесіп тұрмайды, менен де бойын аулақ сала бастады, көп мазаламайды, әрқайсысы өз жұмыстарымен әлек.
Оқушы саны 1200-ден 1300-дің үстіне шығып кеткен, кабинет жетіспейді, сырттағы корпустарда да орын жоқ. Мұғалімдер бөлмесі де аядай тар, олар көбіне үзіліс кезінде дәлізде жүреді. Содан болар, апай қосымша құрылыстың сметасын жасай бастады.
Мектепте бұрын да облыстық, республикалық көлемде әр түрлі шаралар өткізілетін. Көп ұзамай бірлестік жұмыстары жандана бастады. Ашық сабақтар, әр түрлі іс-шаралар, кездесулер, дебаттар, іскерлік сабақтары, т.б. іс-шаралар ­жоспар бойынша жүріп жатты. Мұғалімдер бір-бірінің сабақтарына жиі кіретін болды. Іс-қағаздарымен кабинетте, лабораторияларда(зертхана), музейде, пионер бөлмесінде, әйтеуір, бос жерлердің бәрінде отырып айналысты. Дәлізде жүргеннен бұл әлдеқайда тиімді болды. Күлекең де бұрынғыдай емес, жіби бастады. Көп сабақтарға өзі кіріп, мұғалімдердің шын мәнінде шығармашылық, әдістемелік жұмыстарға ден қоя бастағанын байқады. Менің байқауымша, ол кісі ешқашан «мынау олай емес, былай болады».. деп өз ойын айтып отырмайтын, еркіне қоя беріп, сырттай ғана бақылап жүретін. Нені ұнатып, нені ұнатпайтынын да білмейсің? Педагогикалық кеңесте де мұғалімдерді сөйлетіп, тыңдап ­отыратын. Бірлестік жетекшілерін, оқу-тәрбие ісі меңгерушілерін тыңдап болған соң, аз ғана сөзбен түйіндейтін. «Мынауың – теріс, мынауың – дұрыс» деген сөзді мүлде айтпайтын. Ешкімді мақтамайтын да, даттамайтын да. Әркім өз бағасын өзі беріп ойланып қалатын.
Мен апайдың біреуге себепсіз тиісіп, намысына тигенін көрген емеспін. Әр сөзді орынды қолданатыны сонша – сөздері нысанаға дөп тиіп жататын. Ешкімнің жауап қатуға тәуекелі бармайтын. Ұстаздардың бәрі Күлекеңді қатты құрметтейтін, бір кісідей сыйлайтын, алдынан кесе өтпейтін. Солай бола тұра, арақашықтық әрдайым сақталатын.
Ұстаз өте терең білімді, өмірлік ұстанымы мығым, басшыға тән барлық қасиетті бойына зерделей тоқып жинақтаған, болмысы өзгеше жан болатын. Сөздері өте салмақты, сөзге қатты мән беріп, әр сөзін ойланып айтатын, әсіре сөзді жақтырмайтын кісі еді. Кейде апай маған ішкі қайшылығы мен толғанысы мол жандай көрінетін.
Осындай қадір-қасиетімен білім жолында аянбай тер төгіп, елге елеулі, халыққа қалаулы жан болды. Апай жолдасы Иманғали ағайды «біздің доқтыр» дейтін, атын атамайтын. Өзіне қамқор екенін сезетінмін. Апаймен бірге өткізген 10 жылым үлкен өмір мектебі болды. Мен анамның бізге неге үнемі Күлжан апай мен Бибіжанды үлгі тұтып отыруының себебін енді түсінгендеймін.
Апайдың қайтыс болғаны туралы хабар маған өте қатты әсер етті. Анам өмірден өткен кездегідей бір ауырлық қайта сезілді. Мектеп-гимназияны қабылдап алғаннан кейін менің бар ойым,апай және ұстаздарым салып кеткен сара жолын жоғалтпай, мектептің абыройын түсірмей, жанымды салып жұмыс істеу болды. Бұрынғы бар дүниені, жасалып жатқан барлық жұмыстарды жоғалтпай, ұстаздарымды биікке көтеру арманым еді. Сол жолда қандай жетістікке жетсем, ұстаздарым мен ұжымның арқасы деп білемін. Мансап менің мұратым болған емес. Менің мұратым анам аңсағандай, халық жүрегінен орын алу, елге қызмет ету болды.

Б.С.Сейтен,
ҚР Білім беру ісінің үздігі
04 желтоқсан 2023 ж. 197 0