342 ЖОБА ҚОЛДАУ ТАПТЫ

Дүйсенбі күні өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев биыл «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру үшін облысқа 3,0 млрд.теңге қаржы бөлінгенін тілге тиек етті.
Оның айтуынша, бағдарламада қарастырылған негізгі 5 бағыт бойынша 600 жобаға қолдау көрсетілмек. Осының нәтижесінде, 636 жаңа жұмыс орнын ашу көзделуде. Қазіргі таңда жоба бойынша қаржыландыру бағыттары анықталып, барлық ауылдық елді мекендерде халыққа түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Бұл бағдарлама өңдеу, егін кооперативтерін жабдықтау, мал шаруашылығы және басқа бағыттағы бизнес жобаларға арналған. Бүгінде 342 жобаның құжаттары несие комитетімен мақұлданды. Ал 142 жоба бойынша қарастырылған несие 18 кооператив пен 124 жеке кәсіпкерге берілді. Осының нәтижесінде 288 жұмыс орны ашылады, – деді.
Жалпы «Ауыл аманаты» жобасын сапалы іске асыру мақсатында негізгі басымдық өндірістік жобаларға беріледі. Осы ретте, жеке қосалқы шаруашылықтардың жұмысына тиімді қолдаулар көрсетіледі. Атап айтқанда, шағын цехтар, жылыжай өндірісі, омарта, балық және құс шаруашылығын дамытуға бағытталған. Елімізде бизнес ашамын, кәсіпкер боламын деген жандарға әркез қолдау барын ұмытпайық.
Дархан Ғалымжанұлы