Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕРТЕ ЖАСТАН ЖҮКТІЛІКТЕН САҚТАН

ЕРТЕ ЖАСТАН ЖҮКТІЛІКТЕН САҚТАН

Қыздың тәрбиесіне қатты көңіл бөлген халқымыз «Ұлыңды бөтен үйден тойдырма, Қызыңды бөтен үйге қондырма» деп тәмсілдеген. Алайда бұл сөздің де қадірі мен қасиетінің кетіп бара жатқанын жасыруға келмес. Қазақтың қаракөз қыздарының ардан аттап, ұятты ұмыт қалдыруына ешқашанда жол бермеуіміз керек. Тиісінше оған бәріміздің жауапты екеніміз қаперде болсын.
Осыдан 10 жылға кері шегініп, сол кездегі оқушылардың образын көз алдымызға елестетейікші. Қос бұрымға жарасқан ақ бантик, ақ фартук немесе тізеден төмен түсетін белдемше оқушылардың оқушы екенін айқындап тұратын еді. Талап та, тәртіп те қатаң болатын. Оған дәлел әр дүйсенбі сайын 5-11 сынып оқушылары сап түзеп, жиын (линейка) өткізетін. Онда апта бойы кеткен кемшілік көпшіліктің көзінше айтылып, сынға алынатын. Кезекші болған сынып сабақтан кешіккен, тырнағы мен шашы өскен, бантик тақпаған, екілік алған оқушылардың тізімін тізбектей жазып жүретін. Аптасына 2 рет мектеп оқушыларының тазалығын, формасын тексеретін-ді. Қала берді айына 1 рет қыздар жиналысы өтіп, онда қыздың ар-ұяты мен абыройы, тектілігі турасында сөз қозғалатын. Мектеп мұғалімі ортаға шығып: «Кімде-кім тізеден жоғары белдемше киіп, шашын жайып білім аламын деп мектепке келсе, ол адамға білім есігі жабылады. Сонымен қатар қыз балалар биік өкшелі аяқ киім киіп келсеңіздер, сіздерге басқаша жаза қолданатын боламыз. «Қыздар жиынында» бұл мәселе ата-аналарыңыздың алдында қаралатын болады. Ұстаздар қауымы әрбір оқушының тәртібі мен үстіне киген киіміне сіздер жауап бересіздер» дейтін еді. Мұғалімнің осы бірауыз сөзі қанша жыл өтсе де біздің есімізде әлі күнге дейін сақталып қалыпты. Сол сәт кеше ғана болғандай. Ол кезде ұстаз беделі осындайымен де биік болатын. Ал қазір ұстаз қайсы, оқушы қайсы, ажырата алмайтын күйге ендік. Себеп неде?

ЕТЕГІ ҚЫСҚАҒА ЕКІНІҢ БІРІ ҚҰМАР
Еңсеміз төмен түсіп тұрып, амалсыздан айтуға мәжбүрміз. Алайда «Айтпасаң сөздің атасы өледі» емес пе?
Ақиқатында білім ошағында тәртіпке бағынып, ережені сақтап, соған сай киініп жүрген оқушыны кезіктіру қиын. Әрине көпке топырақ шашудан аулақпыз. Дегенмен, қазіргі таңда мұғалім мен оқушыны ажырату да мәселе. Классикалық үлгідегі киімнің өзі көңіл көншітпейді. Ұлдар кәрістің үлгісіне еліктеп әлектенсе, қыздардан тіпті ұят кеткен бе дерсің. Мәселен, оқушы қыздар қазір мектепке емес, құдды бір мерекелік кешке бара жатқандай сыланады. Шаш өрімі былай тұрсын, шашты да жинамайды қазір. Қып-қызыл опа-далаппен, ұп-ұзын етіп тырнағын өсіріп алып, білім ошағына бара береді. Бірақ олар «Бір Аллаға сыйынып, Кел балалар, оқылық» деп маңдайшасында жазылған киелі ордаға бара жатқандарын өздері де сезінбейтін сыңайлы. Ал олардың үстіне ілген киімдерін айту үшін терең тыныстап алу керек. Тізенің үстінен келмек түгілі қыз баланың санын жабуға да жетпейтін алақандай матаны олар белдемше (юбка) деп киеді. Оларға қарау үшін көзіңіздің ұяты жібермейді. Енді айтылған ойды өзіңіз салмақтай беріңіз. Бұғанасы бекімеген мектеп оқушыларының арасындағы түрлі жағдайларды көз көріп, құлақ естіп жүр. Тереңіне үңіліп қарайтын болсақ, мұның барлығы мектеп жасындағы балалардың киімінен басталып тұр. Неге дейсіз ғой? Себебі мектеп жасындағы балалар өтпелі кезеңде жүреді. Әсіресе 10-11 сынып оқушылары. Оларда мұндай уақытта жыныстық гормондар дамитыны белгілі. Ал енді іштей саралап көріңіз. Етегі қысқа оқушы қызға жоғары сыныптың, өз сыныптас достарының көзі түсетін анық емес пе? Арғысы айтпаса да түсінікті шығар... Иә, мектептегі қыздың етегі жабылмаса, ерте жүктіліктің белең алатыны анық. Ал бұған кім кінәлі?

САНДАР СӨЙЛЕСІН
Ерте жастан жүкті болу ең өзекті мәселеге айналып барады. Өйткені соңғы жылдарда жас бойжеткендердің ерте жаста ана атану көрсеткіштері өскен. Статистикалық мәліметтерге сенсек, 5 жылда 29 487 жасөспірім қыз жүкті болған болса, 5 792 қыз жасанды түсік жасатқаны белгілі болып отыр. Ал осыдан екі жыл бұрын ресми түрде 7000 мектеп қабырғасында оқитын қыздардың жүкті болу оқиғасы тіркелсе, соның 3500-і жасанды түсікке жүгінген. Бұл тек мәлім болғаны. Істейтін дүниесін істеп алып, соңынан ұят деп, елден жасырып қалуға ұмтылғандары қаншама. Өткен жылдың өзінде 346 қыз аборт жасатса, оның 10-ы әлі 14 жасқа толмағанда.
Енді ауданға ойыссақ. Өткен жылы Шиеліде кәмелетке толмаған қыздар – 1632-ні құраса, оның ішінде 7 қыз жүктілігі бойынша есепке тіркелген. Бұл көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда (2021 жылы 3 айда 4 жүкті тіркелсе) 2 есе көбейген. Кәмелеттік жасқа толмай жүкті болған қыздар саны 16-17 жас аралығын құрап отыр. Бүгінде білім ордаларында қазақ менталитіне жат қылық «Ерте жастағы жүктіліктің» алдын алу, бұл тұрпайылықтың зардаптары мен адам денсаулығына тигізер қауіпін айтып, қарындастарымызды тиісті тәрбиемен сусындату мақсатында түсіндірме жұмыстары жүруде.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, жыл сайын әлемде кәмелеттік жасқа толмаған 16 миллион қыз жүкті болады. Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы елдерінің арасында қазақстандық жасөспірімдердің жүктілігі алты есе жиі кездеседі екен. Мәселені отбасында ашық айтып, мектепте жастармен насихат, түсіндіру жұмыстарын жүргізбесе, қорқынышты статис­тика көбейе береді ме деген қауіп сейілмек емес.

МАМАНДАР АЙТСЫН
Медицинада «ерте жүктілік» деп 13-18 жасқа дейінгі болатын жүктілікті атайды. Дәрігерлер бұл мезгілде қыздарда «өтпелі жас» кезеңі басталып, гормондық қайта құрылу процесі жүретінін айтады.
– Қыз баласы етеккір келген кезінде анасымен гармониялық қарым-қатынаста болмаса, әртүрлі жағдайларға тап болуы мүмкін. Оның ең ауыры жүктілікке дейін жетіп жатады. Ғаламтордан көрген, оқыған түрлі видеолар мен ақпараттар қыздың жыныстық қатынасқа деген қызығушылығын оятатыны анық. Жүктілікке алып келетін себеп көп болғандықтан, оның әрқайсысын индивидуалды түрде қарастырғанымыз жөн. Етеккір келгеннен бастап, қыздардың бала көтеруге физиологиялық мүмкіндігі жетенінін айту шарт. Жасөспірім кезіндегі жүктіліктің үш қауіпі бар. Біріншіден, бұл шақта қыздардың мүшесі дұрыс жетілмейді де, өз өміріне қатер төнеді. Дұрыс дамымаған ағзадан дені сау бала өмірге келмейді, – дейді гинеколог Айгүл Қуанышбайқызы.
Ал психолог мамандар бұл мәселеге әлеуметтік тұрғыдан қарағанда, қыз баласына білім алу, жұмысқа орналасу және карьера құру мүмкіндігінен айырылатындығын, қатынасқа түсе білгенмен, жас жігіт әке атанып, жауапкершілікті көтеруге асықпайтындығын айтып отыр. Өңді қыздың бәрі жөнді қыз бола бермейтіні сияқты, жылтырағанның, жымыңдағанның бәрі бірдей жақсы жігіт бола бермейді. Жаман жігіт болғанымен, жақсы жар бола бермейді.
– Бүгінде біз жоғары ақпараттық технологиялар заманында өмір сүрудеміз деп мақтанамыз. Сондықтан өсіп келе жатқан ұрпақты сауатсыз деп те айтуға болмайды. Өйткені олар осы жаңа технологияларды еркін меңгеріп, түрлі ақпараттармен алмаса алады. Иә, заман өзгергенімен, әдет-ғұрпымыз бен салт-дәстүріміз өзгерген жоқ. Адам өмірінде ешқандай қиындық болмайды деген кепілдік ешкімде жоқ. Әр адамның бас­ында қуаныш пен қайғысы қатар жүретіні рас. Ол Алланың сыны деп айтуымызға болады. Алайда осындай қиындықтардан шығудың да түрлі жолдары бар. Көбі сол қиындықтан алып шығатын жолды таппай қатыгездікке, қателікке бой алдырып жатады, – дейді психолог Айгерім Мұхитқызы.
Жоғарыда келтірілген мәліметтерді аздап жұмсартайық яки, жұмсартпайық немесе тіркелген деректі жасырғанмен орын алған жайды жоққа шығара алмасымыз анық. Тіпті жаңа деректің орын алып қалмасына ешкім кепілдік бере алмайды. Оданда ерте есейіп, көшеде, көпшілік орында қымсынбай құшақтасып, бір-біріне езеуреп тұратын ұл мен қызымызды «тәйт» деп айтып, тәртіпке шақырайық.

Сұлушаш МАДИЯРОВА

21 қараша 2023 ж. 101 0