Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚОРҚЫТТЫҢ ӨНЕГЕЛІ СӨЗДЕРІ – ҰРПАҚҚА ӨНЕГЕ

ҚОРҚЫТТЫҢ ӨНЕГЕЛІ СӨЗДЕРІ – ҰРПАҚҚА ӨНЕГЕ

Күллі тіршілік атаулының иесі құдіретті Жер-Ана топырағына таңертең табаным тигенде – ойсызда кешірілмес күнә жасағандай тосыннан селк ете қалып, тұла бойым аяз қарығандай дірілдеп қоя береді. Себебі, сол алақанның аумағындай ғана аяқтың ұшы тиген титімдей жерде талай ғасырлардан бері жүздеген ұрпақтардың табанының табы жатқаны тіпті, осы киелі топырақты қорғауда, қастерлеуде. Сол үшін таласта талай-талай жандардың көз жасы тамып, маңдай тері ағып, қызыл қаны төгілген, ашығырақ айтсақ, елі үшін қайғы жұтқан даналардың қасиетті сүйегі жатқаны көзге елестейді.
Енді осыған өзіміз айқын білетін – қағандық дәуірден бергі ұлы ойшыл, батыл тұлғаларды тіркеңіз. Олай деуіміз, Қазақстан жері, әсіресе Сыр бойы бағзы заманнан түркілердің ата жұрты болған. Бұдан соң одан беріректе, өткен ғасырларда – Сыр бойында ғұмыр кешкен жүзден астам ақын-жырауларды қосыңыз. Сол жыр күмбезін жасағандардың көпшілігі осы өңірде дүниеден өткен. Бірақ солардың бәрінің дерлік мүрдесі қайда қалғаны белгісіз. Сонда деймін-ау, жер бетіндегі барлық затқа жан беріп, асырап, тіршілік еткізіп тұрған да, санаға нұр төгер дана, кемеңгерлерді де ­бауырына алып, сақтаушы да Жер-Ана емес пе? Соған сәйкес жұмыр басты пенделердің барлығы да тұрған өңірдің топырағын әр кез басарда мейірімді Жер-Анаға тағзым етіп, құдіретті Тәңірге табынып барып алға аттағаны дұрыс болар еді. Сөйтсек ғана Жер-Ана ажарлы қалпында сақталынып, бәрімізге шапағатын аямай тигізері анық.
Енді сол Қорқыт ата әлемін, оның кемеңгерлік, рухани келбетін танытуға негіз болатын келелі мәселелерге назар аударайық, сөйтіп, Қорқыт арқылы қазақ философиясының төркініне үңілейік. Сондықтан алғашқы сөзді осы бағытта маңдайға тұтар асыл қазына «Қорқыт ата кітабы» шығармасының сыр-сипатына үңілуден бастаған жөн. Осы кітаптың жинастырылуы, қарастырылуы, сақталуы жайында сөз қозғағанда бәрінен бұрын неміс халқының мәдени мұраға аса ұқыптылықпен қарап, оны баға жетпес қазына тұтып, барша жұрттың игілігіне айналдыруға зор ықыласпен қарайтынына тәнті боламыз. Мысалы, осы «Қорқыт ата кітабы» біздің кезімізге негізінен екі нұсқа арқылы жетіп отыр. Әрине, үш нұсқа деушілер де бар. Сол қолжазбаның бірі әрі маңыздысы Германиядағы Дрезден қалалық кітапханасының сирек кездесетін қолжазбалар қорында сақталған.
Бұл кітапханадағы «Қорқыт ата кітабы» 12 жырдан, былайынша айтқанда жеке-жеке 12 бөлімнен, хикаядан тұрады. Немістің белгілі ориенталис ғалымы Г.Ф.Диц 1815 жылы осы нұсқаны сол кітапханадан тауып алып, «Қорқыт ата кітабы» жырының сегізінші тарауы, дәлірек айтқанда, «Бисаттың Төбекөзді өлтіргені туралы жыры» деген тарауды өз тіліне аударып бастырады. Сосын бір ғажабы – бұл ғалым «Қорқыт ата кітабындағы» әлгі өзі аударған «Бисат...» жырындағы Төбекөзді ежелгі гректің эпик ақыны Гомердің «Одиссея» поэмасындағы Полифеммен салыстырып, бұл әпсананы гректер күншығыс елінен алған деп дәлелдейді.
Қазақ ғалымдарының да бұл саладағы еңбектері айрықша атауға тұрарлық. Әйгілі ғұлама Ш.Уәлиханов пен академик Ә.Марғұлан Қорқыт шығармасын да, өзін де бауырға тартып, оны қазақ жыры мен өнерінің атасы ретінде танытты. Осыған қатысты тағы бір мәселе – Қорқыт бабаны зерттеген ғалымдар жайлы ойланғанда естен кетпей, еріксіз тәңірге тағзым еткізетін жайт бар. Түркі дүниесінің даналық шығармаларының бірі атанған «Қорқыт ата кітабы» бағзы заманнан түркілер мекеніне айналып, өмірдің ағымымен содан бері бірнеше атқа ие болып, біздің заманымызға Яксарт-Сейхұн-Сырдария деген айғақты атаумен жеткен. Яғни, осы қасиетті өзен бойында оғыз ұлысы дәуірінде жасалынған. Қорқыт баба кітабының негізінен Сыр бойында туғанын барлық шығыстанушы ғалымдар мойындайды. Енді арада шамамен 10 ғасырдай уақыт өткенде, осы сырдың перзенті, атақты ғалым Әуелбек Қоңыратбаев бұл «Қорқыт ата кітабын» қазіргі сол дана баба атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде қызмет атқарып жүргенде тұңғыш рет қазақ тіліне ­аударып, 1986 жылы Алматыдағы «Жазушы» баспасынан шығарды. Сөйтіп, «Қорқыт ата кітабы» ең әуелі Сыр бойында жасалса, ең бірінші рет Сыр ­бойында өз тілімізге аударылып, қалың бұқараға ұсынылды. Осыған сәйкес, Ә.Қоңыратбаевтың Қорқыт жырын зерттеуде еңбегі ерекше деп айтуға болады.
«Қорқыт ата кітабы» шығармасындағы 12 жырдың өзіндік жұмбақ сыры бар. Сол маңызды туындылардың жасырын құпиясын әлі ешкім толық ашып дәлелдеген жоқ. Өйткені бұл кітапқа енген әрбір жыр бас-аяғы тұтасқан, образдары жасалынған, көркем тілмен жазылған толымды дүние. Былайынша айтқанда, әрқайсысын бір-бір дастан деуге болады. Осы шығармадағы жырлардың бір-бірімен тұтаса жалғаспай, жеке-жеке дастан болып жасалуының себебі неде? «Қорқыт ата кітабы» мұрасын солай туындатуға кезінде қандай жағдай әсер еткен? Бұл даналық кітапты зерттеумен көбірек айналысқан атақты ғалымдар В.В.Бартольд пен М.Ергин де Дрезденде сақталған «Қорқыт ата кітабы» нұсқасын сол күйінде сақтап, оның құрылысына ешқандай өзгеріс енгізбей аударған. Демек, әр шығарманың бір мақсат, идеяны көздеп жазылғанын ұққан болар.
Осы кітаптың жасалуы, құрылысы жөнінде зерттеу жасаған профессор Х.Короглы әйгілі бабаның кітабындағы 12 жырдың жетеуі Сыр бойында, қалғаны Кавказ өңірінде туғанын дәлелдеген. Басқасын айтпағанның өзінде Қорқыт жыры негізінен Сыр өңірінде туып, Кавказ жерінде хатқа түскенге дейінгі бірнеше ғасыр ішінде аздаған қосулар, қысқартулар, әсіресе жер-су атаулары ептеп өзгеріске түскенін ұмытпауымыз керек.
12 жырдан тұратын шығармадан тағылым алатын қажетті материалдар жеткілікті. Оғыздардың батырлық жырларында оғыз-қыпшақ ұлысына енген 24 тайпаның ұрпақ тәрбиесі жөніндегі ой-пікірі, талап-тілегі, салт-дәстүрі көрініс тапқан. Шығармада адамгершіліктің, қайырымдылықтың, адалдық пен ерліктің, тапқырлық пен шешендіктің, ар-ұждан, ұят-иба сақтаудың өнегесі мол. Сондай-ақ оғыздардың тұрмыс-салты, той жасау, құда түсу, үйлену, ұлға ат қою, жоқтау, бата беру, әскер ұстау, қонақ күту дәстүрлері әсем суреттелген. Нақыл сөздер мен шешендік толғаулардың, қобызда ойнаған күйлердің құдіретті әсерін, оғыздар тұрмысында тұтынған үй жиһаздарының, табиғат сұлулығын бейнелейтін көріністердің көркемдік қуаты мол.
Жырларды оқи отырып, бала психикасына әсер етудің халықтық әдістері оғыздар дәуірінде де болғандығын байқаймыз. Мәселен, оғыздар заманында үлкендер тарапынан балаға бақылау жасау әдісі, сөз арқылы баланың көзін жеткізіп, сенімін арттыру және үлкендердің жеке басымен балаға үлгі көрсету әдістері бірқатар жырларда кездесіп отырады. Қорқыт жырларының елжандылыққа тәрбиелеуде, әдептілік пен әсемдікке баулуда, әдеп мәдениетіне бейімдеуге қосар үлесі мол. Әрбір жырдағы оғыз батырларының құрметті есімдері мен ерлік істері, тұтынған қару-жарақ түрлері, ұрыстағы әдіс-тәсілдері, батырлардың міндеті мен борышы, анты оғыздардың ұлға ат қою, әскер ұстау дәстүрі ұрпақ тәрбиесіне негіз болады.

Жанерке БЕКБОЛАТҚЫЗЫ,
«№149 Ә.Монтаев атындағы орта мектебі» КММ
10 сынып оқушысы
13 қараша 2023 ж. 166 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№79 (9243)

07 қазан 2024 ж.

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031