Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жол жөнделді, апат көбейді

Жол жөнделді, апат көбейді

Осыдан бірнеше ай бұрын аудан орталығындағы көшелердің көбі ой-шұқырлы еді. Жаз айынан бері орталықтағы үлкен, кіші көшелердің бәрі қайта асфальт төселіп, теп-тегіс жолға айналды. Бәріміз ел болып қуандық. Ауданның әлеуметтік-экономикасы едәуір жақсарып қалды деп жарыса жаздық. Бірақ, тегіс асфальтта жүйткіген көліктер жылдамдықты шамадан тыс асырып жүр. Мұның соңы қайғылы жағдайға ұласып кетпесе жарар.
Жасыратын несі бар, қазір көлік тізгіндеген жандардың бәрі алып-ұшып жүреді. Қайнаған тіршіліктің қамытымен жүрсе де, жол бойында орналасқан тақтайшаларға қарап, өзінің де, өзгенің де сақтығына абай болған жөн. Өткен аптаның жұма күні Абылайхан көшесінің бойында «Киа Рио» көлігі жол бойын кесіп өтетін жаяу жүргіншілер жолында шайтанкөлік тізгіндеген адамды қағып кеткенін көрдік. Көліктің түріне қарасақ, қатты келгені көрініп-ақ тұр. Алдынғы капоты майысып, терезелерінің бәрі шытынап кеткен. Құтты бір адам емес, мал қаққандай көрінді. Оқиға орында тәртіп сақшылары өздеріне тиесілі жұмыстарын атқарып жүр. Темір түзелер, шытынаған әйнек орнына келер. Ал велосипед тізгіндеген адамның жағдайы қалай екен деген ой маза бермеді. Мұнан бөлек аудан орталығында орын алып жатқан оқиғалар қатары да бар шығар. Мұны білмек үшін аудандық полиция бөліміне хабарласқан болатынбыз.
Биыл 10 айда 56 жол көлік оқиғасы тіркелген. 28 адам қара жолдың құрбаны болса, 88 адам түрлі дене жарақаттары бойынша зардап шеккен. Ал өткен жылы ауданда 45 жол көлік оқиғасы тіркеліп, 19 адам көз жұмып, 52 адам дене жарақаттарын алған. Биыл жолдан келер қауіп өткен жылға қарағанда едәуір көбейген.
«Жол мұраты – жету» дейміз. Діттеген жеріне жете алмай, мұратының жолында майып болған қанша адамның қайғылы оқиғасын естіп жатамыз. Осы жылдың алты айында елімізде 8,3 мың жол көлік оқиғасы орын алған. Өткен жылмен салыстырғанда 12,5 пайызға аз. Былтыр жол-көлік оқиғасының саны – 9,4 мың. Жолынан жаңылып, тұяғы сүрінген әр тұлпардың артында адам тағдыры таразыға түсетіні де білгілі. Қаншасы ажал құшып, жер жастанды. Статистикаға сүйенсек, ел аумағында биыл жол көлік оқиғасының салдарынан 1,5 мың адам қайтыс болған. Оның 1 мыңы ер, 433-і әйел адам. Ал кәмелетке толмай қара жол үстінде жан тапсырғандардың саны – 189. Ағымдағы жылдың қаңтар-тамыз айлары бойынша соқтығысқан көліктер салдарынан 11,9 мың отандасымыз жапа шексе, жараланғандардың саны – 10,4 мың адамға жеткен.
Жасыратыны жоқ, жылдамдықты асырып, бағдаршам бұйрығына бағынбай, тәртіпті орындағысы келмейтін жүргізушілер қатары өте көп. Осындай қаиғылы жағдайдың орын алуына басты себеп, жүргізіушілердің заңды өрескел бұзуы. Жүктің бәрін көлік тізгіндеген жандарға да артып қоюға болмайды. Қазіргі уақытта жаяу жүргіншілерге қатысты жол көлік оқиғасы көбейген.
Мәселен, өткен жылы 5 мың оқиға тіркелсе, биыл рұқсат етілмеген аймақты кесіп өткен жаяу жүргіншілердің қатары мыңнан асқан. Қазір ­аудан орталығында жүрсеңіз, жаяу жүрушілер көшенің кез келген тұсын кесіп өте береді. Екі аттам жердегі жаяу жүргіншілер жолағына баруға ерінеді. Осы ретте, жол бойындағы қауіпсіздікті жаяу жүргіншілер де сақтап, жауапкершілік танытып, өзінің өміріне сақтықпен қарағаны жөн.
– Қазір орталықтағы көшелердің жөнделгені жұртшылыққа тиімді болғанымен, көп адамның тағдырына алаңдаймын. Өйткені түн ұйқыңнан шошып оятатын көліктердің дауысы тыныштық бермейді. Түнгі көбелектей жүйткіген жастар бәрі. Жол қателікті кешірмейді. Мұны алдын алу үшін жол үстін кесіп өтетін төмпешіктер салу керек. Әйтпесе, мұның соңы қанша адамның тағдырына балта шабары сөзсіз. Осындай олқылықты болдырмау үшін дереу іске көшкен жөн, – дейді кент тұрғыны Айбек Үркінбаев.
P.S. Елімізде жол көлік оқиғасы салдарынан ажал құшқан жандардың есебінен адам жаңылады. Былай айтқанда, біздің елде әр жыл сайын түбегейлі бір ауыл халқынан айырылып жатырмыз деген сөз. Апат айтып келмейді. Әр адам өз өмірінің сақшысы. Үйінен шыққан жүргізуші діттеген межесіне есен-сау жетсе деген ізгі тілек. Бұл дүниенің көлігі о дүниеге жеткізіп тастамасын деген үміт.

Дархан БАЙТІЛЕС
06 қараша 2023 ж. 119 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№79 (9243)

07 қазан 2024 ж.

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031