Сыр тұнған мекен
1994 жылдың көктемінде Шиелі ауданына басшылық қызметке келдім. Ақ күріштің атасы, Дала академигі Ы.Жақаевтың әлемдік рекорд жасаған өңірі. Облыста 101 Еңбек Ерінің 40-тан астамы осы Шиеліден шыққан. Сыр елінің Швейцариясы деген даңқы бар. Өтпелі кездің шешуі қиын түйіндерін тарқатар түрлі жұмыстардың ұшы қиыры жоқ. Қаржы тапшы. Бюджеті қазіргіден 170 есе аз. Зейнетақы, бюджеттіктердің жалақысына мал, егін өнімдерімен есептесу етек алды.Әрине жалақы, зейнетақысын ала алмай жүргендердің реніші болмай қалған жоқ. Жағдайды түсінген елге сыйлы Әзімхан Исмаилов, Пердәлі Архабаев, Константин Хван, Сұлтанбек Оразымбетов, Жақсылық Ахметов, Рахым Мауяев, Тұрсынхан Әлімбетовтер мен тағы да басқа шаруашылық басшылары Төлес Аппазов, Садуақас Рсымбетов,
Каналбек Тәжіков, Сүйіндік Ахметов, Шәйзат Қалымбетов, Жақсылық Әлиевтер, ауыл әкімдері Нәзира Парманқұлова, Әтіркүл Шорабаева,Серік Сейітжанов, Мейрамбек Омаров, Жүсіп Әбдікамалов, Қазима Дүрімбетова, Данияр Ахметов, Ұлмекен Назарбековалар елді сабырға шақырып, өз қызметтерін атқарып жатты.
Шілде айының 20-сынан бастап Шиелі каналына су көтерілмеуі күтпеген қиындық туғызды. Қалыптасқан төтенше жағдайдан 12 мың гектар егіс көлемін кемітпей, көгеріп түптеген күрішті жетілдіріп аман сақтау үшін ауылдық округтері халқының қол күшімен жыңғыл, қамыстан ежелгі тәсіл қара бура дайындалды. РУ-6 мекемесінің басшысы Шепеленко тасымалдауға оннан астам «КрАЗ» автокөлігін бөлді. Екі апта мерзімде басына қос тігіп, азық-ауқаты беріліп, дария жағасынан, тоғайдағы қада жыңғылдармен қамыстан талдырғы буылып, Шиелі каналының сағасындағы дария деңгейі 60-65 см көтеріп, егілген күріш аман қалды. Бұл аса қиын жұмыс Арха-
баев Пердәлінің іскерлігімен, су шаруашылығы мекемесі бастығы Мақұлбеков Абдолдан бастап барлық мекемелер жұмылдырылып, мамандар мен жұмыскерлердің ерен еңбегі арқасында атқарылды.
Ауданның бірқатар мәселелерін шешуге РУ-6 (Шепеленко), астық қабылдау мекемелері мен (Әлімбеков Тұрсынхан) автобаза (Бәйділдаев Ораз) басшылары азаматтық танытып, көлік күшімен көмегін беріп отырды.
Бәйгеқұмға су жолын тазалап, күріш егуіне, Ортақшыл каналы қазылып, бау- бақша егуіне, сондай-ақ К-9 коллекторын аршу, насос арқылы суын пайдалану мүмкіндігі іске асты. Еңбекші ауылының тау беткейіндегі бөлімшесіне электр жарығы қосылды.
Коммунизм елді мекенінде құрылысы аяқсыз қалған Н. Бекежанов мұражайы қайтақолға алынып, Абай-Шәкәрім мұражайын безендірген үш шебермен шаруашылық төрағасы Аппазов Төлес ағамыздың сатқан 53 сиыр қаржысымен есептесіп, мұражайды аймақтың И.Әбдікәрімов бастаған ардагерлердің қатысуымен облыстық деңгейде арнайы ұйымдастырылған кең көлемдегі мәдени-көпшілік іс шарамен ашқан болатынбыз.
Сол 1995 жылдың тамыз айының басында Абай Құнанбаевтың 150 жылдық мерекесін Семей өңірінде ЮНЕСКО деңгейінде тойланып, оған ауданда С.Оразымбетовтің жетекшілігімен 3-4 ай бойы бәйге аттарын дайындалды. Абай туған Қарауылтөбеде 1300 қараша үй тізілген алаңда өнерпаздар мен айтыс ақындарына арналған сәнді безендірілген сахнаны тамашалаған мыңдаған көрермендер, қызықтаған қонақтар айрықша әсерге бөленген еді. Ә.Кекілбаев, Ә.Нұрпейісов, Қ.Мұхаметжановтар бастаған атақты ақындармен жазушылар, Ресейден, Өзбекстан, Қырғызстаннан, шет елдерден келген меймандар мен мемлекеттің басшыларының қатысуы мерекенің деңгейін көтерді. 14 аттың ішінде, соңғы айналымда келе жатқан 7 аттың алдына шығып, бірінші болып келген Шиелінің «Ызғары» арнайы жүлдені (ИЛ-76 ұшағымен әкелген) КАМАЗ көлігін, Татарстанның президенті М.Шаймиевтің өзі табыс етті.
Шиелінің тумасы, бүкіл әлемге әйгілі мемлекет және қоғам қайраткері, академик, Ғылым Академиясының президенті, Геология министрі болған Ш.Есенов ағамыздың дүниеден озуына байланысты қоштасу азасына рәсіміне қатысып,елге келгеннен кейін РУ-6 мөлтек ауданының бас көшесін Ш.Есенов атымен атаған болатынбыз.
Мен үшін айналдырған екі жылға жетер жетпес мерзімде ауданның ардагер абыздарымен ардақты азаматтарының, бүкіл аудан халқының қиын да аумалы кезеңде түсіністік, сыйластықпен ынтымақтаса қызмет атқарған кезеңдерім есімде және дәйім ризашылықпен еске аламын.
Шиелі ауданының 95 жылдық мерейлі мерекесі құтты болсын. Аудан халқына ырыс алды ынтымақ, бақ береке, толағай табыстар тілеймін.
Ибрагим Әбибуллаев,
1994-1995 жылғы Шиелі ауданының әкімі, «Құрмет» және «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері, Қызылорда қаласының, Шиелі ауданының
Құрметті азаматы
1994-1995 жылғы Шиелі ауданының әкімі, «Құрмет» және «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері, Қызылорда қаласының, Шиелі ауданының
Құрметті азаматы