Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Су – тіршілік көзі, ел ырысы

Су – тіршілік көзі, ел ырысы

Дәу канал ағып жатыр. Үй түбінен өтетін Дәу каналға тік шаншылып сүңгіп өстік. Оның ресми атауы – Шиелі арнасы. Сәбит Мұқановтың «Сырдария» романы арқылы бұл үлкен су әлемге әйгілі болды. Сырдариядан бастау алған алып арна бүкіл елді, кешегі қырғын соғыста майданды күрішпен асырады. Осы арнаны көкөрім қыз-келіншек шақтарында белі майысып қазған анам Бибіхан, бүгінгі атышулы еңбек иелері Заһира Ержанова, Шырынкүл Қазанбаева, Ұлбала Алтайбаевамен көп тілдесіп, көркем бейнелерін жасауға тырыстым.
– Боқаев Сыздық көкем колхоз бастық, Ыбырай көкем кетпенші, біз, біреуіміз тұрмыс құрып, біреуіміз босаға аттамаған қыздармыз, – дейді Заһира апа. – Біз кетпенмен топырақты ойып ап зембілмен тасимыз, Ыбырай көкем жер-дүниені шаңғытып, бірден жағаға атады. Ас ішуге де келмей кетпенді сілтей береді, сөйтсек жылап жүріп кетпен шабады екен ғой. Тұңғышы Ақылбектен «қара қағаз» келген, баласын жоқтап, білек қаруын қара кетпенге салады екен.
– Сәл демалайын деп отырсақ, канал жағалап Сыздық көкем келе жатады. «Ойбай, көк көз келе жатыр!» деп орнымыздан ұшып тұрамыз. Сыздық көкемнің көзі өткір, талапшыл еді ғой. Сол талаптың арқасында 120 шақырым Дәу канал қазылып, егінді сумен қарық қылдық. Біздің еңбегіміз де елеусіз қалмады, – дейді Шырынкүл апа.
1971 жылы Ыбырай Жақаевқа екінші мәрте Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Сонда кеудесіне Алтын Жұлдыз таққан облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Исатай Әбдікәрімов: «Ыбеке, енді өзіңіз бір ауыз сөз айтсаңызшы?» дегенде, диқан «Партияға рахмет!» деген жоқ, «Бір рет бердіңдер ғой, екінші рет не керегі бар еді, онан да мына отырған кетпенші қыз-келіншектерге бермейсіңдер ме?» деп 13 бала тауып, күріш егіп жүрген Ұлбаланы, қайсар қазақ әйелі Шырынкүлді, аяғын комбайн жеп қойған мүгедек механизатор Жадыраны көрсетті, кейін осылардың бәрі кеудесіне Алтын Жұлдыз тағып, Еңбек Ері атанды.
Мейлі оны таныстырма, таныстыр,
Дән иесін қадірлейтін халық бұл.
Бір Жақаев жұлдыз болып жүздеген,
Қазақстан аспанында жанып тұр, – деп сардар ақын Қанапия Дәрібаев жырлағандай Ыбырайдың соңынан еріп, кетпенді адал шапқан ер-азамат еліміздің түкпір-түкпірінен табылады.
Ауылға анда-санда бір табан тіреймін. Барған сайын суы тартылған Дәу каналдың жағасына келіп, топырағын басам. Бұл – ел шежіресі. Осы жағалауда Ыбыраймен қол ұстасып, анадан дән зергері боп туған агроном Әнес Алтынбеков, айтқан сөзі атқан оқтай дәл тиер аңыз адам Байдүйсен Ораз, ауылдың алғашқы сушысы боп Ыбырайдың оң қолы атанған Байтілес Жүсіп, қойдың бабын әкесінен де артық жасаған шопан Жұмабек Әлтаев, ел ағасы атанып, біреуге болсын деп тұрар кең көкірек Әлиакбар Әбішев, соғыс ардагері, білікті ұстаз Әлиакбар Монтаевтың табан ізі жатыр. Ал, «Қызыл тудың» (Ыбырай Жақаев ауылы) білім ордасының алғаш негізін қалап, Шаһмардан Есенов сынды біртуар ғалымның зердесіне білім нәрін құйған, өзіме бастауышта әріп үйретіп, көзімді ашқан ұстаз Ибрагим Шоқаевтың орны бөлек. Осы арнаны қазған кетпеншілерге «Өздерің білер Нартаймын» деп терме айтып жанын толқытқан Нартай Бекежанов пен Оразбек Сәрсенбаев сынды сөз зергері қаламгердің өмірі де осы ескі арнамен астасып жатыр. «Көш соңында бір қазақ, Арман жыры - Шиелі» деп өлең арнап, қазақ ғылымының көшін ғасырға оздырған академик Асқар Жұмаділдаевтың көкірегінде де ата мекені әркез қол бұлғап тұрады.
1940 жылы қазылған Дәу канал әлі ағып жатыр. Суы тартылса да мәңгі толқып жатқан өмір арнасы. Бұл – Шиелінің шын сыры. Сырдариядан бастау алған нәрлі су көз алдымызда бұлқынып жатқан өмірдің өзі.
Ауданның 95 жылдық мерекесі құтты болсын. Халқымыз аман болып, туған еліміз гүлденіп көркейе берсін.

Қуандық Түменбай,
Махмуд Қашқари атындағы Түркістан әдебиетіне қызметі үшін және «Алаш»Халықаралық әдеби сыйлығының иегері
17 қазан 2023 ж. 303 0