Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қара кетпен

Қара кетпен

Ақ күріштен тау тұрғызған еңбек адамы Ыбырай Жақаевтың кетпені туралы ел арасында жиі айтылады. Жақаевтан қалған жәдігерлерді көзбен көруге құштар кісілер көп.
Еңбекқор кісіде киелі екі құрал бар. Бірі – шопанның таяғы болса, екіншісі – диқанның кетпені. Сыры кетсе де, сыны кетпеген ­Ыбырай атамыздың қара кетпені бүгінде аудандағы тарихи музейдің төрінен орын алып тұр.
Ыбырай ата ұрпақтары 1982 жылы даңқты диқанның өзі ұстап тұтынған заттарын музейге сыйға тартқан. Ыбырай атамыздың егіс басында пайдаланған кетпенінің диагоналы – 35 сантиметр. Металдан жасалған. Бұл кетпен үлкен әрі салмақты. Музейге келген қонақтар кетпеннің үлкендігіне аса мән беріп, таң қалады. Кетпенді Шиелі ауданы, бұрынғы Қызылту колхозының тұрғыны, ұста Сейтімхан Сахиев қолдан соққан екен.
Кетпен – суармалы егістікте еңбек ететін диқандардың негізгі құралы. Аталған еңбек құралымен егін егетін жердің топырағын қопсытып, арық қазады. Суару кезінде әрі бөгеттер тұрғызу кезінде де диқанның сенімді серігі деуге болады. Оның жүзінің жалпақтығына байланысты әр түрі кездеседі. Кейде кетпенді салмағын жеңілдету үшін ортасын ойып тесік жасап қояды.
Келер ұрпақ рухани байлық пен ұлттық жәдігерлерді танып-біліп, тұмар қылып тағу арқылы елінің жарқын игіліктерін таниды. Бұл тұрғыда «Рухани жаңғыру» бағдарламасының орны ерекше. «Егін өсіру – жұмыстың жарты бөлігі ғана. Оны соңғы дәніне дейін жинау одан да маңыздырақ» деп тәмсіл қалдырған Ы.Жақаев секілді еңбек ерінің мұрасын жинақтаған мұражай, болашақта да құнды жәдігерлерге толыға бермек.

С.БАХТИЯРҚЫЗЫ
30 тамыз 2022 ж. 330 0