Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Құрылыста өшпес қолтаңбасы қалды

Құрылыста өшпес қолтаңбасы қалды

Әке. Бұл ардақты атауға тәртіп те, тәрбие де сыяды. Үлгі де, үміт те. Ойланған жанға мұндайда перзент парызы да сабақтаса шыға келеді. Әке дегенде, нұрлы жанарымен мейірлене қарап, «айналайын» деп елжіреп тұратын аяулы тұлға көз алдыма келеді.
Әкеміз Оразбек Ибраев 1944 жылы қыркүйектің 12-жұлдызында дүниеге келген. Ол 1961 жылы №45 «14 жылдық октябрь» атындағы қазақ орта мектебін үздік бағамен бітірген екен. Содан Шымкенттегі «Қазақ Химия Технология» институтында инженер-құрылысшы мамандығын алады. Алдында өмірдің сан тарау жолы тұрған жас маманға туған жердің түтіні ыстық тартады да, 1966 жылдан бастап аудандағы құрылыс саласына белсене білек сыбанып кірісіп кетеді. Әкеміз алғаш еңбек жолын Жөлек елді мекеніндегі 50 орындық балабақшада «мастерліктен» бастайды. ПМК-1607 мекемесінде мастер, прораб, участок бастығы болып, 8-үйлік, 16,24-тұрғын үйлерді салуға атсалысты.
Осы қызметті абыроймен атқара жүріп
1969-1972 жылға дейін аудандық комсомол комитетінің бас секретары болды. 1970-1974 жылдары Қызылорда облысы Мелиоводхозға қарасты ПМК-45 мекемесінде өндірістік-техника бөлімінің бастығы қызметін атқарды.
Әкеміздің құрылысшылық қызметі Шиеліден тыс жерлерде де көрініс береді.Мәселен, Түркістан құрылыс мекемесінде бас инженер болды. Главриссовхозстройдың Қызылқұм массивтік игеруіне қатысты. Сондай-ақ атақты Шардара су қоймасының толқындар соққылаған берік жағалауында әкеміздің жастық жігерінің жалынды қолтаңбасы жатыр десек жаңылыспаймыз.
Еңбек жолын одан әрі 1977 жылы Шиеліде туған жерге келіп «Казсантехмонтаж» мекемесінде құрылыс бөлімін басқарумен жалғайды. 1981 жылы наурыз айынан бастап Ленинабад Тау-Кен комбинатының Шиелідегі құрылыс бөлімінің бастығы болып, РУ-6 №3 мекемесінің қазіргі Көкшоқы мөлтек ауылының алғашқы қазығын қақты. Сол кездегі «СМУ-10 Навой» құрылыс басқармасында бас инженер, УПТК мекемесінің бастығы қызметін жиырма жылдай атқарды. Әкеміз Оразбек ауданның ажарын арттыру, сапалы құрылыс жүргізу жолында тынымсыз еңбек етті. 2019 жылы кентте 150 орындық аурухана пайдалануға берілді. Әкеміз 70-ті алқымдаса да, осы аудандық аурухана құрылысының учаске бастығы болды. Ол «Аурухана құрылысын өзім жүргізгендіктен ба, көзіме ыстық көрінеді деп» жиі айтатын еді.
Қазақта «Елдің азаматы» деген ұғым бар. Бұл – екінінің-біріне айтылмайтын сөз. Әкеміз Оразбек Ибраев тіршілігінде осы ұғымға өзінің болмысымен, қадір-қасиетімен сараланып ие болған жан десек, еш артық айтпағанымыз. 75 жасында да қолынан қалағын тастамаған құрылысшы Оразбектің бойындағы өз ісіне берілген кәсіби шеберлігін ел бағалай білді. Әкеміз кеудесіне 2021 жылы «Қазақстанның құрметті құрылысшысы» төс белгісін тақты. Оған қоса «Қызылорда облысына–70 жыл» төс білгісін иеленді.«Шиелі ауданының Құрметті азаматы» атағын алды. Бұл әрине жылдар бойы төгілген теріне, кәсіби шеберлігіне берілген әділ баға десекте болады. Ал жасы келседе өзінің сүйікті кәсібінен алыстамаған, жүрегінің қалаған жұмысын атқаруға, белсене араласуға мүмкіндіктің көптігін дәлелдей білгенәкеміз Оразбек Ибраевқа қалың жұрт «құрылыс саласының сардары» деп баға берді.
Құрылыс саласының ардагері Оразбек Ибраев дүниеден өткенге дейінгі сәтінде жас шамасы 78-ден асса да қол қусырып үйінде отырған емес.Шиелі ауданының көркейіп, өндірісінің өркендеуінде өз үлесін қосып келді. Жеке кәсіпкер болып аудандағы «Геджуба» цемент зауытында 220/110 КВТ подстанция соғылған және 17,5 км жоғары кернеулі электрсымдарын тартқызып, жоба-сметаға сай, сапалы жүргізілуіне техникалық бақылау жүргізіп және аудандағы елді-мекендерде көше жарығын орнатуға көп септігін тигізді.
Балаларға арналған ойын, спорт аландарын орнатылуына, мектеп балабақшалардың күрделі жөнделуі, жолдардың күрделі және сапалы болуына эксперт техникалық бақылау жүргізіліп келеді. 2019 жылдан Бала Сауысқандықтағы ірі өндіріс орны болатын Ваннадий өндіру кешеніндегі бүкіл құрылысты 220/110 КВТ электроподстанция мен үлкен кернеулі электросымдарды тартуда құрылыс жұмыстарының смета-жобаға сәйкес әрі сапалы жүргізілуін қадағалап, технадзор қызметін атқарып келді.
Әр елде, әр жерде жалпақ жұрт, қалың қауымның ардақ тұтып, құрмет көрсететін өнегелі әулеті болады. Ондай әулет кісіні байлық-дәулетімен немесе даңғаза даңқымен қызықтырмайды, халықты қарапайым қалпымен, қадірлі ісімен қаратады. Сүйкімді мінез-құлқымен мойындатады. Соның бірінің арғы бастарында ар-иман, ақыл-сана, игілік пен инабаттылық, тектілік пен адалдық тұрады. Әкеміз Оразбек отбасында өте жайлы, мінезге бай, сырбаз жан болғанын жақын араласқан қауым жақсы біледі. Әкенің мінез-кұлқы, өнері мен білімі баланың көз алдындағы үлгі мен өнеге алатын басты нысана. Дәл осындай игі жақсы қасиеттерді әкеміздің бойынан көре алдық.
Анамыз Тоқтабибі екеуі бақытты отбасында 1 ұл 5 қыздан 22 немере 11 шөбере сүйді.Жалғыз ұлдың жары деп емес, мені өз қызындай көріп ақыл-кеңесін беруден жалықпаған әкеміз: «Елге қызмет етіңдер. Әр істі он рет өлшеп пішіңдер» деуші еді. Елдің алдында жүріп, елге қызмет еткен жанашыр жанның есімі де, құрылыста қалған қолтаңбасы да ешқашан өшпейді.

Құттықыз Ратова,
келіні
11 қазан 2023 ж. 199 0