Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » МЕРЕЙТОЙ АЛДЫНДАҒЫ ОЙБӨЛІС

МЕРЕЙТОЙ АЛДЫНДАҒЫ ОЙБӨЛІС

Шиелі ауданының кеңпейіл халқы жылда «Алтын күз» мерекесін тойлап, көптеген қараша үйлер тігіп, Ы.Жақаев саябағында, орталық алаңда немесе орталық стадионда атап өтеді. Биылғы жылдың кезегі ­аудан орталығындағы стадионда аталатын болыпты.
Ол да дұрыс шығар. Шиелі тұрғындары осы жерді қолайлы көреді, қатарласып ақшаңқан киіз үйлер тігілген кезде құлазып тұрған стадион гүлдей жайнап сала береді. Аудан халқының көңіл күйі шалқып, отбасымен, бала-шағасымен, үй ішімен осы мерекеге келуі – аудан тұрғындарының белсенділігін, жанашырлығын танытып, ауданымыздың жетістіктері мен табыстарына ортақтасып, қуанып жатқандықтарының белгісі десек болады. Шиелі ауданының халқы бірлігі, ынтымағы, ауызбіршілігі, сыйластығы мен достастығы жарасқан, үлкенге құрмет, кішіге ізет, қонақтарға ілтипат көрсететін жандары жайсаң жақсы адамдар. Сабырлық пен төзімділік бойымызды жайлап, әділетсіздікпен, күншілдікпен арпалысып, әлі күресіп келеміз.
Ертең үлкен той. Қызылорда облысының құрылғанына – 85 жыл болса, Шиелі ауданының халқы өздерінің 95 жылдық мерейтойын тойлайды. Орталық стадион ұлы тойымыздың ­театр алаңы болмақ. 83 мыңнан аса халқы бар Шиелі ауданының тұрғындары осы жерге ағылары анық. Халық бұл жерге концерт көру үшін, көңіл көтеру үшін ғана келмейді. Тамақтануға, мерекелік ас-дәмнен ауыз тию үшін де ағылатыны түсінікті. Сондықтан да аудан әкімдігі жиырма бестей киіз үйлер тігіп, он шақты палаткалар орнатып, көпшіліктің талап-тілектерінің орындалуына жағдай жасамақшы. Бұрынғы салт-дәстүрімізді сақтай отырып, әр қарүйге елімізге қомақты үлестерін қосқан мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, облыс әкімдері мен 70 және 100 жасқа толған, сондай-ақ облысымыз бен ауданымыздың дамуына айрықша үлес қосқан қоғам қайраткерлерінің, халық үшін аянбай тер төккен ардақты азаматтарымыздың есімдері берілгені бізге қуаныш сыйлайды.
Шиелі ауданының халқына Исатай Әбдікәрімов, Ғафур Мұхамеджанов, Қонысбек Қазантаевтың, Сейілбек Шаухаманов пен Бердібек Сапарбаевтардың ешқандай жаттығы жоқ. Олар Қызылорда облысы мен Шиелі ауданының дамуына бір кісідей үлес қосып, көмек беруден еш аянбады. Өздерін Шиелінің бір тұрғыны ретінде санады. Сондықтан ертеңгі тігілер қараша үйлерге осы кісілердің де есімдері беріліп жатса, ақшаңқан киіз үйлеріміздің мерейі артып, Шиелі тұрғындарының даңқы артарына күмәніміз болмас еді. Бүгінгі 95 жылдық мереке – кешегі тарих. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» десек, арыстарымызды аяласақ, ешқашан ұтылмаймыз деп ойлаймын. Әр заманның өз батырлары, қаһармандары, қоғам қайраткерлері, мемлекеттік қызметкерлері бар. Солардың арасынан ерекшеленіп, халық көңілінен шығып тұлғаға айналар азаматтар көп емес. Ауданымыздың белгілі еңбеккерлері мен мерейтой иелері құрметіне қарүйлерге есімдері берілуімен қатар мен атап өткен жоғарыдағы атышулы азаматтардың да есімдері қарүйлердің маңдайшаларында жарқырап тұруларын қалар едік. Мен бұл кісілердің барлығын да жақсы білемін. Әкем Исмаил Әзімханның арқасында үйімізде оларға шай құйып беретінмен, ауданға келіп күріш аралап оралғанда саптама етіктерінің шаңын сүртіп, тазалап қоюшы едім. Батасын алатынмын. Ағаларыма қызмет жасап, інілігімді танытатынмын. Бірімен көрші болсақ, бірімен аға-іні болып араластық. Ол да тарихтың бір парағы. Мұның барлығы менің әкемнің дастарханының киелі құдіреті шығар. Бұл кісілермен мен осы шаңырақта жолықтым. Осындай асыл азаматтар туралы естелік айтып, еске алудың өзі алып тұлғалардың алдындағы борышымыз болмақ. Олар Шиелі ауданының 95 жылдығына аудандық орталық стадионда қаз-қатар тігілген ақшаңқан киіз үйлердің төрінде отырғандай. Заман тұлғалары Шиеліде жүргендей сезіледі. Оларға жасалған құрмет Шиелі тұрғындарының абыройын асқақтатып, мерейін үстем етері хақ.

Өркен ИСМАИЛ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы
09 қазан 2023 ж. 121 0