Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «ҰЛЫ ДАЛА ЖОРЫҒЫ» ШИЕЛІДЕ

«ҰЛЫ ДАЛА ЖОРЫҒЫ» ШИЕЛІДЕ

Биыл екінші рет ұйымдастырылып отырған «Ұлы дала жорығы» республикалық марафон-бәйгесі Шиеліде жалғасын тапты. Ұлы жорыққа қатысуға 19 команда ниет білдірген. Дегенмен Шиеліде бар болғаны 7 ұжым ғана бәйге жолын жалғастырды. Бұл жай ғана марафон емес, намыстың, төзім мен жігер сынға түсетін нағыз аламан сайыс.
Жуантөбе ауылдық округінің маңайында орналасқан мәрені алғашқы болып түркістандық шабандоздар кесіп өтіп, жарыстың 11-ші кезеңінің жеңімпазы атанды. Ал, ақтөбелік шабандоздар мәреге екінші болып жетсе, Қостанай облысының командасы үшінші болып мәре сызығынан аттады. Нағыз жүзден жүйрік анықталатын аламан бәйгенің 1050 шақырымы артта қалды. Мұнан бөлек, Жетісу, Абай облыстары мен Алматы қаласының шабандоздары да мықтылығын көрсетті. Маңғыстау облысы командасының бір аты 11-кезеңнің алғашқы 50 шақырымында жарақат алып, команда капитансыз үш атпен мәреге жетті. Одан әрі шабандоздар ауыл маңына шатыр тігіп, ертеңгі жорық алдында тынығып дайындалды.
Айта кетейік, жоба көшпенді бабаларымыздың заңды мұрагері ретінде ат спорты мен ат туризімін заманға сай дамыту мақсатында жүргізіліп отыр. Марафон-бәйге 2023 жылы 6 қыркүйек күні 14:00-де елорданың іргесіндегі Қаражар ауылынан бас­тау алған. Ал 19 қыркүйекте Түркістан шаһарында аяқталады. Шабандоздар Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда және Түркістан облыстары арқылы 1300 шақырымды жүріп өтуі тиіс. «Ұлы дала жорығы» марафонының жалпы жүлде қоры – 65 млн теңге. Жеңімпаз командаға 30 млн теңге, 2-орынға 20 млн теңге, ал 3-орынға 15 млн теңге табысталады.
Сондай-ақ ұйымдастырушы Серік Абжанов жобадан кейін еліміздің бар өңірінде ат баптау ісі дамып, жылқы тұқымын асылдандыру қолға алынса дейді.
«Жобадан соң біздегі тұлпарлардың тағдырын шешетін ғылыми орталықтардың жұмысы жанданады деген үміттемін. Жорық Қазақстандағы ат спортының дамуына үлкен серпін береді деп сенемін. Шабандоздар 20-40 шақырымдық бәйгеге ғана емес, ұзақ шақырымдық марафон-бәйгеге ат дайындайтын болады. Ат баптаған адамда тектілік болады. Жорықта жүрген жігіттің бәрінде тектілік бар. Сөзге тоқтайды, атты өте қатты сыйлайды. Аттың пырақ екенін, адамға серік екенін жан жүрегімен сезінеді. Ер-азаматтардың аңқылдаған көңілдерін көрдім. Бұл жігіттің жігіті сыналатын жер.
Үлкен сынақ үстінде тұрса да, мәрттікпен бір-біріне жол беріп, тыңдап, бір-бірінен білмейтінін үйреніп жүр. Небір әдемі азаматтық мінезді көріп жатырмыз. Бұл – жалпы қазақ жастарына үлгі. Қазақтың жоғалтып алғаны осы еді ғой. Егер осы оралса, әрине оның берері көп», – деді.
Сонымен қатар, редакциямызбен жобаны бақылап жүргенде велосипед айдап жүрген 63 жастағы велошабандоз Рәббім Борашовты көріп қалдық. Ол:
– Ұлттық жобаның негізгі мақсаты – ұлттық санамызды ояту, келешек ұрпаққа үлгі ретінде насихаттау. Мен бұл жобаны әлеуметтік желіден көрдім. Содан қатысуға өтіншімді қалдырған едім. Өзім күніне 100 шақырым жүремін. 5-6 жылдан бері экспедияцияға қатысып жүргеннен кейін, бұл жобаға қатысу маған қызық. Ұлттық жоба өзінің деңгейінде жоғары әрі қызықты өтуде, – деп тарқатты әңгімесін.
Жалпы алғанда, «Ұлы дала жорығы» республикалық марафон-бәйгесінің бас серіктесі – «Sport Qory» туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры. Қазақтың қазанаттарын дәріптейтін жеңімпаздарды қомақты жүлде қоры күтіп тұр. Сырдан өтіп, ер түріктің бесігі Түркістанға бет алатын 1300 шақырымдық марафон-бәйгенің жеңімпаздары бүгін, 19 қыркүйекте белгілі болады.
Сенбі күні Шиеліде болған жорықта шабандоздар өз мықтылықтарын дәлелдеді. Одан әрі олар 17 қыркүйекте 50 шақырымды еңсеру үшін Жаңақорғанға қарай бет алды.

Айнұр ИБРАШЕВА
19 қыркүйек 2023 ж. 250 0