Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Саусақта да шипа бар

Саусақта да шипа бар

Адамның жаны ауырған жерінде болады деп текке айтпайды. Сырқатымыз жанымызға батса дәрі іздеп кетеміз. Алайда, қазір ауырған жерді дәрімен емес, саусақтың күшімен де емдеуге болады. Бұл қалай десеңіз Шиелі кенті, Көкшоқы елді мекенінде ашылған «Айдай Ем» медициналық орталығына бас сұғып көрсеңіздер болады. Онда остеопатия емін қолданылады. Яғни остеопатия – аутизм, ДЦП, эпилепсия, сколиоз, омыртқа, бас немесе ішкі органдарға қатысты шағымданған адамдарға көмек береді. Жас шамасына шектеу жоғы тағы бар. Жаңа туған нәресте мен сай-сүйегі сырқыраған қартқа да қол ұшын созуға дайын. Бұл не қылған ем деп шошудың да керегі жоқ. Себебі Ұлыбритания мен АҚШ-та остеопатия медициналық сақтандырумен қамтылған қызметтер тізіміне кіреді. Ал Ұлыбританияда болашақ аналар міндетті түрде остеопат қызметіне жүгінеді. Әлемдік тәжірибеден өткен бұл ем-домның пайдасы болмаса зияны жоқ екенін осыдан-ақ аңғаруға болады. Осы орайда терапевт дәрігер Ажар Қалымбетовамен сұхбаттасқан болатынбыз.
– Халыққа түсінікті болу үшін ең әуелі остеопатия қандай ем, сол туралы айтып өтсеңіз...
– Остеопатия қазір медицинаның ажырамас бөлігіне айналды. Остеопатия анотомиямен тікелей байланысты. Сондықтан емдеу кезінде анатомиялық-функционалды қызметті түгелдей қарастырамыз. Екі қолмен денедегі зардап шеккен аймақтарды анықтап, арнайы техника көмегімен қалыпқа келтіреміз. Артықшылығы – тек саусақ күшін ғана пайдаланады. Остеопатия – дәрі-дәрмексіз альтернатив емдеу әдісі. Яғни ағзаның өзін қайта қалпына келтіре алатын қабілетіне негізделген ем түрі. Бізде остеопатия мануальды терапияның бір бөлігі ретінде қаралса, басқа дамыған елдерде жеке ғылым ретінде дамуда. Мануалистерден айырмашылығы –остеопатияда остеопат сезімтал қол көмегімен ағзада қайта қалпына келу механизмін іске қосады да «пациент өзін-өзі емдейді».
– Қашан, қайда пайда болған?
– ХІХ ғасырда америкалық дәрігер Эндрю Стилл медицинаның шарасыз тұстарында ағзаның қуатын зерттеп осы ілімнің негізін қалаған. Осы дәрігердің еміне сенген науқастар саны көп болғандықтан Э.Стилл тұратын қалаға темір жол қатынасын орнатуға тура келген деген дерек бар. Жалпы, остеопатия грек тілінен аударғанда «сүйек» дегенді білдіреді. Алайда остеопатия пайда болған сәттен бас­тап адам ағзасына біртұтас жүйе ретінде қарайды. Сондықтан сүйекті емдейді деп ойлау қате. Мәселен, остеопатияда науқастың ауырсынған жерін ғана емес, толық ем-шара жүргіземіз. Өйткені проблеманың себебі көбінесе дененің басқа бөлігінде кездесіп жатады. Остеопатиядағы негізгі қағида – симптомды емес, аурудың себебін жою. Ал Ресейде остеопатия тарихы 1991 жылдан басталды. Осылайша, 1994 жылы Санкт-Петербордағы Халықаралық остеопатиялық қоғамның белсенді әрекетімен алғашқы орыс остеопатиялық медицина мектебі құрылды. 2003 жылдан бастап остеопатиялық емдеу әдісін Денсаулық сақтау министрлігі мақұлдады. Сәйкесінше, Ресейде остеопатия ресми медицина ретінде дами бастады. 2013 жылы аталған министрлік бұйрығымен остеопатия медицина қызметкері лауазымы номенклатурасына енгізілді. Мұны неге айтып отырмын? Өйткені елімізде остеопатия 2010 жылдан бері танымал бола бастады. Қазір әлеуметтік желінің көмегімен келетін аудитория көп. Кей остеопаттың қабылдауына бір жыл бұрын жазыласыз. Алайда остеопатқа тіркеуді аурухана арқылы жазыла алмайсыз. Қызмет ақылы жүргізіледі. Еліміздің кей бөлігінде остеопатия жайлы білмейтіндер де бар. Яғни, министрлік тарапынан остеопатия мойындала қойған жоқ.
– Емдеу тәсілі қалай жүргізіледі?
– Остеопатия емдеу сеансы өте жұмсақ ауыр­сынусыз өтеді. Көбінесе пациенттер денесі босап рахат күйге еніп ұйқысы келеді. Ем-шара ұзақтығы әртүрлі, орташа 30-40 минуттай. Ем қабылдау арасы 3-7 күн. Әр адамға қажетті емнің саны науқасына байланысты әртүрлі. Бір кереметі ағзада ем-шарадан соң ем тоқтамайды, 1,5-2 айға дейін қайта қалпына келу процесі жүреді.

Остеопатия емінде ерекшеліктер көп. Әр адамның ағзасындағы қайта қалпына келу процесі әртүрлі жылдамдықпен жүреді, орташа 3 күн мен 2 ай аралығында. Бұрын бас ауруын тек дәрімен ғана басатын науқастар, сол аурудан қалай арылғанын өздері де байқамай қалып жатады. Егер адамда бірнеше дисфункция (ауру) болса ағзасы ең бірінші қай дисфункциядан арылу керегін де өзі шешеді. Бір ауруын емдетуге келіп, қосымша басқа бір ауруы жазылуы мүмкін. Мысалы, менің практикамда тіл астындағы киста, саусақтағы қосымша тырнақ, өт жолдары дискинезиясынан жазылулар негізгі ауру емі кезіндегі «жанама әсері» ретінде болды. Негізі, бұл ем бізде енді тарап жатқан соң көп адам оны түсінбейді. Кейде «биоток» деп те түсінеді. Алайда остеопат дегеніміз ұзақ уақыт қол сезімталдығын жаттықтырған, анатомия, физиология білімдерімен ұштастыра отырып, әр адамның жеке ерекшеліктеріне қарай ем жасай­тын маман.
– Остеопат емдеу барысында ешқандай препарат қолданбайды. Тек қолымен, пациент денесін сипап сезеді дедіңіз. Мұның сыры неде?
– Ешқандай құпия жоқ. Бұған дейін айтқанымдай, емдеу әдісі мидың жұмысын жақсартумен тікелей байланысты. Мысалы, Эндрю Стилл ізбасарларына «Остеопатия философиясы» кітабында құнды қазына тастап кетті. Аталған 100 жылдан астам уақыт ішінде остеопатияның мүмкіндігі едәуір кеңейді. Бірақ бірнеше шарт өзгеріссіз осы күнге жетіп отыр. Мысалы, ағзаны біртұтас жүйе ретінде қарау – барлық орган мен құрылымның өзара байланысын түсіну. Организмнің күрделі механизм екенін ескерсек те, оны ішкі тепе-теңдік жүйесін сақтап, өзін-өзі реттеу арқылы емдеуге, қорғауға болады. Анатомиялық құрылым мен физиологиялық функция арасында тікелей байланыс бар. Құрылым функцияны басқарады және керісінше жұмыс істейді. Остеопатияның үш негізгі бағыты бар. Құрылымдық әдістер, соның ішінде омыртқаның, бұлшық етбайлам аппаратының, тірек-қимыл жүйесінің дисфункциясын жою. Висцералды терапия – ішкі ағзаның, асқазан-ішек жолдарының, жүрек-қан тамырлары, өкпе, эндокриндік, несеп-жыныс жүйесінің функционалды бұзылысын жою. Краниосакралды терапия – бас сүйек пен сакрумның анатомиялық құрылымындағы бұзылысты жойып, қалпына келтіріп, интракраниальды қысымды жояды. Мәселен, инсульт алдындағы жағдай және тағы басқасының алдын алады.
– Қандай аурулар емделеді?
– Остеопатия эндогендік және жүйке ритмін, ағзадағы әртүрлі сұйықтықтың микроциркуляциясын реттеу арқылы дененің арнайы анатомиялық нүктелеріне әсер етеді. Мәселен, сколиоз, жүрек-қан тамырлары аурулары, психикалық және эмоционалды бұзылулар, гормоналды фонның бұзылуы, артық салмақ, артрит және артроз, жоғары және төмен қан қысымы, дамудың кешігуі, CNS мәселесі және аутизм, жарық (грыжа) және басқа да диагнозды емдейді. Ем жүргізбес бұрын науқасты толық тексереміз. Тағы да атап өтейін түрлі бас аурулары, омыртқа жотасы аурулары, созылмалы өт жолдары, невроздар, ұйқы бұзылулары, психоэмоциональды шаршаулар кезінде, жүктілікті жоспарлау алдында осы емді қабылдауға болады.

Сұқбаттасқан,
Г.ӘБДІХАНИ
12 қыркүйек 2023 ж. 283 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930