Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ: ҚАЙДАН КЕЛДІ, ҚАЙДА АПАРАДЫ?

МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ: ҚАЙДАН КЕЛДІ, ҚАЙДА АПАРАДЫ?

2018 жылдан бастап іске аса бастаған міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысты өз ойын айтып, пікірін білдірмеген жан жоқ шығар. Әсіресе, үйде жатып үкіметті сынағыш ағайынға сақтандырудың бұл түрі тіліне тиек болып, тілегенін терезеден бергендей болғаны анық. Ал, қарапайым халық бірінші кезекте ескі әдетке салып жаңа жүйенің тиімсіз тұстарын тізбектеп шықтық. Бұрынғыша «біздің қоғам әлі оған дайын емес» деген жаттанды сөзімізді айтып, мәжілістегі қаралған кей мәселенің бірі деп қарадық. Сөйтсек, жаңа жүйенің жағымды тұстары жетерлік екен. Енді соны тарқатып айтып көрелік...

ӘЛЕМДІК ТӘЖІРИБЕ

Міндетті медициналық сақтандыру жүйесі әлемдік тәжірибеде қолданысқа әлдеқашан еніп, жүзеге асырылып та келеді. 1883 жылы Германия канцлері Отто фон Бисмарктың бастамасымен медициналық сақтандыру туралы арнайы заң жобасы қабылданған. Бұл жүйені кейінірек бірқатар Еуропа елдері де тәжірибелеріне енгізген. Батыс Еуропа елдері негізінен міндетті медициналық сақтандыруға басымдық береді. Әсіресе, Германия, Франция, Голландия, Швейцария, Бельгия елдерінде қарқынды дамып, жүйелі түрде жұмыс жасайды. Ал, Литва елі 1997 жылдан бері аталған жүйеге толығымен өтіп, қазіргі таңда әрбір литвалық өз табысының тоғыз процентін медициналық сақтандыру қорына аударып отырады екен. Жалпы, әлемдік тәжірибеде медициналық сақтандыру жүйесінің бірнеше модельдері бар және соған орай өзіндік ерекшеліктерге ие. Мәселен, АҚШ-та ерікті медициналық сақтандыру енгізілген. Құрама Штаттардағы медициналық сақтандыру толықтай дерлік жұмыс беруші тарапынан қамтамасыз етіледі. Қазіргі таңда ерікті түрде халықтың 60%-і медициналық сақтандырылғаны анықталып отыр.

ЖҮЙЕНІҢ ТИІМДІ ЖАҒЫ

Медициналық сақтандыру елімізде толықтай жүзеге асқан жағдайда оның қарапайым халыққа тигізер пайдасы өте көп. Адамдар сақтандыру қорына жарна төлеу арқылы өздерінің қалаған емхана, дәрігерлеріне қаралу мүмкіндігіне ие болады. Сондай-ақ, науқастың емделу ақысы сақтандыру қорынан төленіп отырады. Осылайша еліміздегі әр азамат кез-келген жерде жүріп, өзін мазалаған сырқатқа сапалы медициналық орталықтарда шипа таба алады. Бұл жүйенің тағы бір тиімділігі – жекеменшік емхана¬ларда сіз тіркелген қор арқылы емдейтін болады. Сонымен қатар, елдегі дәрігерлердің біліктілігін арттырып, қызметке жанашырлықпен қарауға итермелейді. Талап қоюға келгенде мемлекеттен бөлек, халықтың да таңдауы маңыз¬ды рөл атқаратынын ескерсек алда¬ғы уақытта еліміздегі денсаулық саласы біршама алға жылжуы тиіс.
Бір сөзбен айтқанда, науқас болса¬ңыз кез-келген мемлекеттік жəне мемлекеттік емес клиникаларда кепілді түр¬де медициналық көмек ала аласыз. Бұл жерде сізге медициналық көмектің барлық түрлері көрсетіледі (дəрігердің қабылдауынан бастап, жан-жақты зерттеулер мен қымбат операцияларға дейін). Мұнда кеткен шығындарды қор төлейді. Әр клиника сізге жоғары білікті медициналық көмек көрсетуге мүдделі, себебі қор ауруханаларға жəне емханаларға көрсеткен сапалы медициналық қызмет үшін ғана қаражат төлейді екен. Одан бөлек сіздің мемлекет белгілеген ауру түрлері бойынша да дəрілік заттарды тегін алуға құқығыңыз сақталады. Егер сіз емделген кезде емнің сапасы төмен болса немесе сізді емдеуден бас тартып жатса, онда сіз қорға жүгіне аласыз, қор сіздің құқығыңыз бен мүддеңізді қорғайтын болады.
Егер бір жыл бойы ауырған жоқпын, ем-домның қажеті болған жоқ десеңіз де сақтандыру полисіне аударған жарна сізге қайтарылмайды. Өйткені, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің ережесі осындай екенін ұмытпаған жөн. Яғни, ауырмаған адамның салған қаражаты емделуге мұқтаж науқас адамға, мол қаражат аударатын табыскер бай азаматтардың қаражаты – табысы аз, тиісінше қаражат салымы аз мөлшердегі адамдарға жұмсалатын ынтымақтастық пен қауымдастық принципімен де ерекшеленеді.

ТҮЙІН: Қазақстан үшін елдегі әрбір азаматтың денсаулығы мен өмірі бірінші кезекте тұрады. Ал, міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыру жүйесі еліміздегі сапалы медициналық көмек көрсетуді күшейтуге, адамдар арасында аурушаңдықты азайтуға бағытталған бірден-бір жүйе екендігі белгілі. Сондықтан ел игілігі үшін қабылданып, іске асқалы тұрған бұл бастаманы сорымызға жорымай, керісінше жаңа жүйенің жанынан табылып, оның тиімділігін пайдалануды ойластырсақ екен.
"Өскен өңір ақпарат агенттігі"
27 қараша 2022 ж. 242 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930