Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қариялар азайып бара жатыр

Қариялар азайып бара жатыр

«Өзге бір менде жоқ тілек, ел іші жомарт еңселі. Дән исі жүрген қанында, даламның бір-бір бөлшегі»-деп Сағи ақын жырлағандай, кең даладай пейілді, анаңдай мейірлі батагөй қарияларымыздың қатары сиреген сайын жүрегі құрғыр алабұртып шым ете түсетіні бар. Тоғаның бұзылмасын деп тілейді екен бұрынғылар, қарияларын қалқан қылады екен ғой.
Қарияның да қариясы бар. Салмағына қарай салтанаты, қазасы мен азасының жолы да, жөн-жосығы да түрліше. Тағдырдың жазуы, өмірден жас та жасамыс та өтіп жатса лажың қайсы дегенмен, бақилық сапарына аттанған бірқатар үлкендеріміздің орындарының ойсырап тұратыны несі екен? Ілгерірек жастау кезімде, Шалқия кентінің әкімі қызметімде жапсарлас Құттықожа ауылының 90-ға иек артқан Мұратбай есімді қарттың дүние салғаны бар. Әппақ сақалы кеудесін жауып, аттай ақ есекке мініп, ақ желбегейі желбіреп шоқырақтап шауып келе жатқанда нақ бір ғайыптан Қыдыр әлейки уассалам шыға келгендей еріксіз назар аударасың. Ол кісіге бәрі де бала, үлкен-кішісін бөліп жармай, кез-келген сәлемшіні айналып толғанып бәйек болатын елгезек кісі болатын. Қадірлі қариясын ел-жұрт, жасы-кәрісі бірдей жұмыла қызметін жасап соңғы сапарына үлкен құрметпен шығарып салысты. Әлдебір себептермен жаназасына қатыса алмаған ауданның тағы бір абыройлы азаматы, өзіме дейін кент әкімі қызметін атқарған Зейнәбіл ағамызды алып екі-үш күннен соң қарияның үйіне қайыра соқпаймын ба. Сәтін салғанда жан-жақтан келген балалары тарқамаған екен. Зейнәбіл ағам дауыс салып жылап кіріп көріскенде белі бүгіліп зорға орнынан тұрған кемпірі ғана «еу» деп дыбыс шығарған болды. Ботадай боздап аңырап кірген ағамның айрықша ықыласына я ұлдары, я қыз-келіндері тарапынан еміренген жауап болмады. Ең болмаса, пысылдап мұрын сүрткен ишара болмағанына қарайтын Зәкең жоқ, солықтап отырып қожаларға тән қилы қырағатпен зарлатып құран оқыды, бырқылдап көзін сүртіп отырып көңіл айтты. Япырау, мына кісі ептеп жұтып алған ба дейін десем, бөтен иіс сезілмейді. Дап-дардай кісінің елжіреп егілген ықыласына разы болды ма, қайтарымызда кемпірі келіп иығына шапан жауып, тәбәрік деп орамалға түйіп тағы да бірдеңелер ұстатты. Көлікке отырып сәл ұзаған соң: - Ойпырмай Зәке, осынша еңіремесеңізде осы шапанды киетін едіңіз ғой қожалық жолыңызбен-ақ, 90-ға келген шалға не болды сонша зарлап? – деп әзілдеймін ғой өзімсініп. Әзілім қаппағандай, әншейінде нәшіне келтіре сылқылдап бір күліп алатын аға дос үнсіз. Сәлден соң барып, артына ошарыла бұрылып: «Ей қыпшақ, сені бір есі бар бала ғой деп жүрсем, шәйнам ақылың жоқ екен ғой!.. Түсін суытқан болғанмен, күлімсіреген көзінен реніштің нышаны байқалмаған соң үстемелетіп «Айдаладағы Сіз түгілі, туған балдары да мәу деп дауыс шығарған жоқ қой?» дегенді тағы қостым. Басын шайқап, қабағын шытқан Зәкеңнің көзінен мұң көрдім. Күркіреп төндіре сөйлейтін әдетімен білегімнен ұстап отырып айтқан уәжі әліге дейін құлағымда.
- Үш жасымда әкеден жетім қалдым. Құдайға шүкір, жылап жүріп жетілдім, құлап жүріп аяққа тұрдым. Қызмет істедім, отымның басы аман. Бәрі де орнына келген сияқты... Орнына келмеген бір-ақ нәрсем бар екен бірақ. Ол - туған әкеңнің «айналайын» деген сөзіне өмір бақи зар болып өскен сағынышым! Ал осы Мұратбай марқұм жолыққан сайын «айналайын» деп әкемдей еміреніп арқамнан қағушы еді. Енді 66-ға келген мендей мыжырайған шалға ондай жылы сөзді кім айтады, кім басымнан сипағандай? Мен осыған жыладым ғой, қаушағыңа құйып ал қыпшақ! – дегенде миығымды тартқан мысқылдың ізі де қалмады. Рас-ау, іргесін түріп біртіндеп кете бастаған үлкендеріміздің әжім торлаған жүздерінде қаншалықты шуақ, қарапайым ғана бір ауыз «айналайын» деген жылы сөздерінде соншалықты қуат барын пайымдай бермейді екенбіз-ау?!.
Бұл баяным әріректе болған оқиға, бертінде мұндай жылы сөзді жарықтық Шырынкүл ападан естуші едік. Сәтімен бара қалсаң, «Сәрсенбайдың кенжесі ғой, мен мұның Патима апасымен ақыреттік жолдас болғанмын... Қара сөзді өлеңмен айтатын ағып тұрған ақын еді шіркін! Кетті ғой бәрі, келші» - деп еміреніп қолымнан сүйіп, елжіреп басымнан сипайды. Көбіне ауданның әкімі, мәслихаттың хатшысы қатар тұратын жүздесулерде сұлу сыпайылық танытқан ыңғайсыз күй кешсем де, жаным жай тауып мәз болып қаламын. «Мен де Сәрсенбайдың баласымын» деп қосарлана кететін аудан әкімі Қайратбекке де, өзгелерге де ықыласын аямайды әрине, бірақ бәрібір олжаның ең үлкені өзімде. Асығым түгел. Жон арқам шымырлап шаттанып шабыттынып тұрамын. Ал ол кісі әдеттегіше қолын сермей айқайлап:
– Әй, бұл үйдің қатыны қайдасың? Әй, қазан көтеріңдер түге! Коньяк әкеліңдер... - Өй апа әуре болмаңыз, жағдайыңызды білейін деп соғып едік. Қалайсыз? - дейтін сыпайыгершілікке апамыздың екі бастан үйреншікті жауабы дайын:
– Ойбуй, масқара-ай! Жағдайдың несін сұрайсыңдар, отырмын ғой... Ұяттағы-ай, (бетін шымшиды) анау пәленше кетті, жақында мынау түгенше кетті, осында үш-төрт жас кішілігі бар Сәрсенбек екеуміз ғана қалдық қой. Ол да болмай қалған-ау, қисаңдап қалыпты ғой... Уһһ, өлмеген соң отырады екенсің ғой өстіп, сендер аман болыңдар! – дейді жарықтық бар ынта-шынтасымен өкінгендей болып.
Апамыз айтқан сол Сәрсенбек қария 101 жасына қараған шағында жуырда ғана дүние салды. Ауданда көзі тірі соғыстың соңғы солдатымен бірге бүтін бір дәуір көшкендей. Тағы да сол «алдымда жүрші көзімнің, алтыным асыл қазынам, ауыра қалсам өзіңнің пейіліңнен-ақ жазылам» - деп Сағи ақын жырлағандай өңіріміздің де, өміріміздің де иесі де болған, киесі де болған данагөй қарттарымыздың сиреген қатарын кім толтырар екен деп ойланып қаласың осындайда.
Әлбетте, алдыңғы толқын ағаларға жалғас кейінгі толқын інілер ілескен керуен көштің тоқтамасы анық. «Елу жылда ел жаңа» деген нақыл сөз осыған саяды. Бұған дейін де, бұдан кейін де осылай болары сөзсіз. Әрбір буын өз заманының түлегі. Зұлмат жылдары аштықтан аман қалып, соғысты жеңіп, күйреген шаруашылықты қалпына келтіріп молшылыққа жеткізген олардың көрген мехнаты аз болмаса да, өздері өмір сүрген қоғамға адал болыпты. Адымын жазып құрышын қандыра алмай үзіп жұлып жүріп білім алған, суға салсаң батпайтын, отқа салсаң күймейтін өмірге құштар, жанкешті ұрпақ қалыптасыпты. Ел басына күн туған қан қасап ұрыс даласында шыбын жанын қиып қасықтай қанын төккен де, сайын даланың қыртысын қопарып егін егіп, мал бағып тойымшылыққа жеткізген де солар. Замана ауысып, еліміздің тәуелсіздік алған өтпелі кездің қиын-қыстау күндерінде де демеуші, жебеушіміз болған, ес жиып етек жапқан тұста тілеуімізді тілеп тірегіміз болған, ал елдің өркен жайып өсе бастаған, сәулеттеніп, дәулеттеніп темірден тұлпар мінген осы күндерімізге шүкіршілік айтып өткен қариялар қашанда келер ұрпақтың тәу етер тұғыры болып қала берсе керек. Тұғыры берік елдің туы да биік болатын ақиқат баршамызға аян.
Осы жуырда ғана ауданның темір жол, халыққа қызмет көрсету саласының ардагері, өсіп өнген үлкен әулет басы Бабатұлы Дүйсен ақсақал 88 жасында өмірден озды. Ақ жуып арулап қойылған қарияның бақилық сапарына аттанар алдында бір сағат бұрын айтқан соңғы сөз, соңғы тілегі мені қайран қалдырды. Жанында отырған ұлы Нәсіпбайдың сүйемелдеуімен диванға отырып әлденені еске алғандай басын бірде шайқап, әлденені құптағандай бірде изеп біршама тыныстапты. Ойпырмай, әкемнің бірнәрсе айтқысы бар ма деген, соңғы сөзі болмаса нетті деген қауіппен зейін сала қараған ұлына қарап:
– Бүгін айдың нешінші жұлдызы? – деп иек көтеріпті.
– Төрті, папа. Бармағын бүгіп төрт саусағын көтереді көлбеп.
– Е-ее. Аптаның қай күні?
– Жұма. Енді бес алақанын жайып қолын көтереді. Басын изеп сәл тыныстап сыбырлағандай тағы үн қатыпты. Сұраулы жүзін қайта бұрып:
– Әлгі бала неге кешікті екен?
– Мешітбайды айтасыз ба, жолда келе жатыр, кешке дейін жетіп қалар...
– Сағат неше болды? Оны қайтер екен деп ойлаған ұлы сағатына қарап:
– 12-ден асып 1-ге жақындады папа, шаршап қаласыз оны қайтесіз, дәріңізді берейін?.. Мақұлдағандай болып басын изеп отырған қарт бір сәт еңсесін тіктеп, бар денесімен бұрылып әдеттегі сұрағын қойыпты:
– Аудан тиыш па? Даусы да анық шығып, солғын тартқан жанары да нұрланып қабағын көтерген әкесін көрген баласы қуанып кетіпті.
– Тиыш, тиыш қой папа. Қазір түстен кейін Ораз келеді, бар жаңалықты содан еститін боламыз, деген ұлының абдырап, асып-сасқан сөзін бөліп:
– Онда мені алып Шиеліні бір аралатып келші? Көрейін, не жаңалық, не өзгеріс болып жатқанын... Мақұл папа, сәл демалып алыңыз деген ұлы әкесін сүйеп жастыққа қисайтқан 40 – 50 минөтте қадірменді қариямыз туып өскен Шиелісін соңғы рет бір аралап көру арманын арқалап тым-тырыс қана иегін бір қағып жүре беріпті ғой. Ең соңғы сөзі осы болыпты жарықтықтың! Арманы жоқ, аманаты жоқ, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған төрт құбыласы түгел, бір күн де салмағын артпаған қарияның өлімі де өзінің тірлігіндегідей сыпайы да сұлу болғанына қалай таңырқамассың?
Бүкіл саналы ғұмырын тек алға ұмтылған адал еңбекпен, әуелде Казсельхозтехникаға қарасты сексеуіл отын дайындайтын ЛЗУ мекемесіне жұмысшы, одан аудандағы мұнай базасында қоймашы, Қазалы сельхоз техникумын сырттай оқып осы мекеменің, одан темір жолға қарасты Орс Нод-1 мекемелерінде бас есепшілік қызметін бәле-жалаға ұрынбай көп жыл бойы үлкен абыроймен атқарып зейнеткерлікке шығады. Балалық шағы 17 разъезд, Майлытоғайда өткен. Үлкен ағасы Бейсен 1940 жылы темір жол саласына жұмысқа орналасып әке-шеше, іні-қарындастарын алып жайдақ вагонмен көшіп келгенде есім кіріп қалған 4 жасар бала едім деп айтып отыратын Дүйсекең. Тағдырдың жазуымен бала Дүйсеннің де немерелеріне дейін жалғасып отырған темір жол саласындағы кәсіби еңбек династиясы да осы жерден бастау алған десе болады. Алғашында казармадан алған екі бөлмеге жайласқан олар, көп ұзамай жер алып, кепе соғып, әкесі Бабат үлкен ұлдан енші ажыратып бөлек шығады. Айтуынша үйде 70-80 шамасында үлкенді-кішілі түрлі қақпан болғанға ұқсайды. Балықшы мен аңшының өзегі талған ба, аңшылық, егіншілікті кәсіп еткен әкесі отбасы, бала-шағасын былай қойғанда, шағын ауылдың әжетке жарар бала-шаға шал-шауқанды ұйымдастырып, қақпан құрып, бұйырған нәсібін ажыратуға баулыпты. Теміржолшы отбасына күнделікті босатылатын бөлке нан қосымша, бұйырған аң-құсы бар, су жайылған ыза жерлерді қоралап егіп алатын бидай мен қауын бар, ас-ауқаттан таршылық көрмедік дейді ағамыз. «Сап-сары болып уызданып пісе бастаған бидайдың дәнінен тәтті тамақ бар ма екен сірә?» деп тамсанатын Дүйсекең әлқиссасын осы Майлытоғайдан бастап «жарықтық 17-нің жері құйқалы ғой...» дейтін ұзақ сонар әңгіме өрбітетін. Екі есекті қосарлап жегетін әкесі Бабат соқаның құлағын өзі басып, бала болса да жетектеуге өзін қояды екен. Жалаң аяқ жалаң бас дедектеп жүретін баланың аяғын абайсызда есек басып оңбай жарақаттанады. Өбектеп үстіне түсетін заман қайда? Балалықпен «жақсы болды ғой демалатын...» деп қанын ағызып отырған аяғын ұстаған әкесі піссімілләсін қайырып «ұшық-ұшық» деп бір түкіріп, удай ашытып топырақпен ысып-ысып жіберіп, қолтықтан демей қайта тұрғызып, ноқтаның жібін қайта ұстататын көрінеді. «Ойпырмай жалғанда, есектің тұяғының өткір болатынын-ай, болаттай ғой құрғыр, болаттай, ырситып сойып түскенде жыламаймын да ғой» деп тыжырына тітіркенетін Дүйсекең бүгінде сол өздері отырған жердің әлі күнге «Бабат құмы» аталатынын айтқанда жадырап сала берер еді. 7 жылдық мектепті сол разъезден бітіреді. Одан соң қатынап колхоз орталығы 1-майға, қыс айларында қиналған соң Алғабастағы ағайындардың үйіне жатқызып Шиелідегі №14 қазақ орта мектебінен 8-9 сыныбын бітірген Дүйсенін жетелеген қайран әке, неде болса оқып, қалам ұшынан нан жесін деген үмітін үкілеп Кентау асады. Немере туыс інісінің үйіне орналастырып барып көңілін демдейді. Қаланың іргесіндегі Хан тағыда оқып, 10 жылдықты бітіреді. Қалалық ТЭЦ-те басшылық қызмет әстейтін көкесінің үйінде жағдайы оңалып, қаланың өміріне араласып, пысып өскен ол ауылға келіп-кетіп жүріп көріп ұнатып қалған өзінің Әлен деген досының қылтиып бойжетіп қалған қарындасын алып қашады. Қалаша киінген ұзын бойлы аққұба, шаш қойған бозбала жігітке онша кет әрі емес болса керек. Уағдаласқан күні үйінен ұрланып шыққан қалыңдығын көк атқа мінгестіріп, Тартоғай стансасынан пойызға отырып көңілін бір демдеген сыңайлы. Бағыты – өзі үйреніп қалған Кентау қаласы. Арада аз күндер өткенде барлық жөн жоралғысы жасалып, құда болған үлкендерді қуантып елге оралады. Содан бергі өткен 70 жылдық тату-тәтті жұбайлық өмірлері күні кешеге дейін жалғасыпты. 10 баладан тараған ұрпақтардың өзі бір қауым елге айналған үлкен шаңырақ иелерінің саналы ғұмыры аудан тыныс-тіршілігімен тікелей байланысты, туған жердің түлеп, өсіп өркендеуіне қосқан қомақты үлестері бар. 1958-1959 жылдардың көктеміндегі Сырдарияның арнасын мұз буып, кенерінен асып тасыған уақыттағы қалың елдің сеңдей соғылысып дүрліккен кезінде 2 балаға әке болып қалған жас жігіт, адамдар мен қоғамдық мал басын құтқаруға қатысып қайрат көрсетіпті. Шиелі вокзалының терезесіне дейін кернеген су басты дейтін тұс осы. Құтқару, елді қауіпсіз жерге көшіру жұмыстарына әскери күш-көліктер мен техникалар жұмылдырылған, орасан зор қауіп қатер еңсерілген сындарлы сәт болса керек. Темір жол бойындағы халық үшін арнайы вагондар дайындалып Қызылорда, Түркістан бағытына көшірілген дүрмекпен ілесіп Бабаттың балалары да түгел отбасы, әулетімен осы қарқынмен Шиеліге қоныс теуіпті. Шиелі станциясына қарасты ОРС НОД-1 сауда мекемесінің бас бухгалтерлік қызметінен зейнетке шыққанша ұзақ жылдар мұнай базасында бас есепшілік жұмыстарында жүріп аудан шаруашылықтарының қыры-сырына әбден қанық Дүйсекеңнен өңірдің соңғы 60 жылдық тарихына қатысты кез-келген мәлімет алуға болар еді. «Е-ее Ғапекеңнің (Мұхамеджанов) тұсында, о-ой Қонекеңнің (Қазантаев) уақтысында деп бастап туған құдасы Жолдасбек Ердешбаевпен аяқтайтын ұзын-сонар әңгімелерден сол кездегі халықтың тұрмыс-тіршілігін көз алдыңа қаз-қалпында әкелер еді. Оның бәрін есте сақтай алмайтынымыз өкінішті! Өз әкем, атақты қауыншы Сәрсенбайдың бір ауыз сөзімен ұзақ жылдар бойы кетпен ұстап, диқаншылық еткен жанама кәсібі жайлы айтқан әңгімесі жадыма жатталыпты. Әкемнің атын айтқасын ыңғайланып отырып, ықыласпен құлақ түремін әрине. Айтуынша, қосымша жұмыс қылып тамыз айынан қара күзге дейін ауданның қауын базасы мекемесінің есеп қисабын жүргізуге бір мезгіл келіп жәрдем беретін көрінеді. Бір жағынан қосымша табыс,- дейді. Құдайға тәубе, бала-шағаның басы бар, әлетке жарап қалғандарын сандалып босқа жүрмесін деп жетелеп әкеліп, жәшік шегелеуге жұмысқа салып, бас-көз болады. Олар да, осылай оқу құралдары мен киім-кешегіне өз еңбектерімен ақша табуға дағдыланып, пайдалы іске әбден ықыласты, көндігіп өсіпті. Үйдің қаржылай кірісіне де әжептеуір сеп қой. Пәсептің уақытында қауын базасында қайнаған жұмыс болатынға ұқсайды. Жаң-жұң дауыс, бірі кіріп, бірі шығып жататын машинасы бар, тіркемелі тракторы қосарланған қаптаған көлік. Приемщик дейтіні болады екен. Қауынның салмағы мен сапасын саралап, бағасын шығаратын дөкейге көп адам тәуелді болса керек. Шырт еткен түкірігі жерге түспейтін олар қолына шыбық алып ойқастап жүріп таразыдан өткен көліктің үстінен бір қарап «Бой!..» дегенде диқан қауым «Ой?..» деп шу ете қалады екен. «Бой!» дегені қауынның тоннажын көз мөлшермен-ақ шегере салатын проценті екен да, «Ой?» дегені «Құдайдан қорықсайшы, 10 процентін шегерсең де жетеді ғой құлқыныңа...» деген сияқты егіншінің ашу азары екен. Осыдан шу шығады, бірақ приемщик еш ықпайды. Түсін суытып: «сары қауының пісіп кеткен, көк қауының іші түсіп кеткен...» ұрылған, соғылғанын айтып бет бақтырмайды. Осындай әпербақандау, көпшілік сыртынан «гестапоның әпесері» атап кеткен біреуінің көліктің көлеңкесінде намаз оқып отырған кісіге өжектеп, қатқылдау сөйлегенін көріп қалып «Ау, әкеңдей кісіге неге әкіреңдейсің сонша, осы мінезің ғой жұрттың жаналғыш атап жүргені!» деп араша түскен ғой. Көлігін таразыға қойғызып, қадағалап, қабылданған қауынның салмағын жаздырып береді. Риза болған әкем, «түсің жылы бала екенсің, шырағым» деп аяқ астынан табыла кеткен жебеушісімен шүйіркелесіп қалады. Біраз сұхбат-құрапаттан соң, «Дүйсен шырақ, ана дүниеде таразының ақысы өте жаман болады деуші еді, әркім күнәсін өзі көтерер, былық-шылыққа араласпай осы жұмысты қойсаң нетті? Абзалы, реті келсе, теріңді төгіп диқаншылық жаса, дақыл өсірудің сауабы мол берекең кіреді»,- деген екен. Келер жылдан бастап солай істедім, расымен де берекем кірді. Сырттан еккенімнен бөлек, есік алдынан өнген өнімнің өзінен де балалар табыс тауып әжетіне жарататынға үйренді. Сұғанақ болмадым,ен дүниенің ортасында жүріп те көлденең жатқанға көз салмадым,балдарымды да адал, тек адал еңбекпен нан табуға тәрбиелеуге тырыстым. Қос-қос тырылдауық (мотоцикл), жеңіл көлік те міндім. Өзімнің ішім білетін адамдардың қолымен жазылған домалақ арыздың жаласынан да, өткізген қауынның пәлен жылғы түбіртегін көрсетіп аман шыққанмын, – деп айтып « Береке емей немене, адал еңбек қашан да қайырлы болады екен ғой, Сәрсенбай көкем дұрыс айтқан екен» дегеніне мен де разымын. Менің әкемнің ақылымен ғана Дүйсекең өмірі артынан қаңқу сөз ермеген таза да, тақуа болыпты деген сөз емес, өзі де адалдан ас жеп, бейнетпен өскен тіні мен ділі таза адамның ұстанымына орайы келіп айтылған жақсы сөздің жараса кеткені ғой. Саналы ғұмыры шойын жол жағасынан басталған бір өзінен тараған әулеттен 20 шақтысы темір жол саласында абыроймен еңбек етуде. Көш басында – Мешітбай Көпенов, Шиелі ПЧ-56 мекемесінен бастаған еңбек жолын осы саланың облыстық басқармасын басқарып, ҚТЖ-дан салалық басқарма бастығынан зейнетке шыққан темір жол генералы дәрежесінде болса, қалғандары да әртүрлі салада елдің экономикасының, әлеуетінің артуына лайықты үлестерін қосып жүр. Оған өзі марқайып отырушы еді. Тек соңғы жылы ғана, жүріс-тұрысы ауырлап, таяққа сүйеніп шөге бастады. Құдайы көрші болғасын, күнде болмаса да, аптасына бір соғып әңгіме айтамыз. Өстіп төбелеріңді көрсетіп тұрсаңдаршы, бір жасап қаламын ғой деп ауданның жай –күйін тәтпіштеп сұрайды. Бәрінен хабары бар. Саясаттан да кет әрі емес. Бауырлас халықтардың төбелесіне тіпті де наразы. Жуырда, екеу ара отырған әңгіме барысында Елшібеков Қияс ағамыздың қайтыс болғанын айтып қалдым. «Аһ» ұрып, жайсыз қабылдады. Таяғын қос қолдап ұстап иегіне тіреп қамығып отырып қалған оған қарап арнайы жөнімен естіртіп айтпағаныма өкініп қалдым.
– Е-ее, кеткен екен ғой байғүс, жолдас болып 40-50 жыл араласқан жігіттердің өліміне де бара да алмайтын болдым-ау?.. Анау Әнуар да (Кенбаев) ауыр науқас деп естідім, қанша күн өмірі барын бір құдай біледі да... Осындағы етене араласып дос болған 10 шақты жігіттен қалғаны осылар еді,- деп біраз ағаларамыздың атын атады. Дүйсекең атаған сол кісілердің барлығы да 95 жылдығы аталып өткелі отырған ауданымыздың өсіп өркендеуіне сүбелі үлестерін қосып 1970-1980 жылдары түрлі салада аянбай еңбек еткен атпал азаматтар болатын. Оның ішінде, ертерек дүние салған Қыдырәлі Шотанов ішкі істер, Тұрмахан Жұмабаев медицина, Назар Әйтпенбетов құрылыс, Тұрсынбай Мәдиев жол жөндеу мекемелерінде, Жаңабатыр Жүсіпов ауыл шаруашылығы саласы майталмандары. Біздің буын солардың жақсы істерін жалғастырушылар ғана, көргеніміз жақсы болып, көңілге түйгенімізді айтып көптің алдында жүрсек, ең алдымен алдыңғы толқынның тобын бастаған соларға қарыздармыз.
«Сағынтып әлі жыр туар, оралар әлі-ақ сан жыршы, Даламның исі бұрқырап, қарттарым аман сау жүрші!!!» Бұдан артық айта да алмаспыз, менің де тілегім осы. Сәлемің түзу болса, «айналайын» деген жылы сөзімен алғайтын қарияларымыз азайып, тоғанымыз бұзылмаса екен!

Исабек Сәрсенбайұлы,
мәдениет саласының ардагері,
аудандық ақсақалдар кеңесі төрағасы

12 қыркүйек 2023 ж. 289 0