Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АНА ТІЛІНІҢ АБЫРОЙЫ АРТТЫ

АНА ТІЛІНІҢ АБЫРОЙЫ АРТТЫ


Қазір қоғамда қазақ тілінің беделі артып, қолданушылар саны күн санап көбейіп келе жатыр. Әрине, бұл –  қуантарлық құбылыс. Тілдік қолданыстың кеңінен қанат жаюына еліміздің беделді жоғары оқу орындары да көңіл бөлуде. Соның бір дәлелі – Қазақ мемлекеттік заң университетінде өткізілген «Қазақ тілін креативті оқытудың үздік тәсілдері» атты республикалық байқау. 
Университеттің Қазақ тілін креативті оқыту орталығы мен Қазақ және орыс тілдері департаменті бірлесе ұйымдастыр­ған байқаудың басты мақсаты – ана тілді креативті түрде меңгертудің бірыңғай базасын қалыптастыру, мемлекеттік тілді үйретудің қалыптан тыс тәсілдерін БАҚ арқылы барынша насихаттау. Осындай үлкен жауапкершілік жүктеп алған жарыс өте жоғарғы деңгейде ұйымдас­ты­рыл­ды. Қатысушылар да осал болмады, олар­ды бағалайтын мамандар да – кіл мық­тылар. Сайысқа мектеп, колледж және ЖОО мұғалімдері де қатысып, бақ сынады.
Байқау екі кезеңнен тұрды. Сайыс­кер­лер алғашқы кезеңде сан қырлы әдістерді пайдалана отырып видео-сабақ түсіруден жарысса, екінші кезеңде үздік эссе жазудан сынға түсті. Жоба барысында «Тілді меңгер­тудегі үздік тәсілдері» атты ашық пікір­таласқа да уақыт табылды. Мұнда ұстаздар да, студенттер де өз ойларын еркін білдіріп, тілді дамытудағы басты функцияларға тоқталды. Айналасы 2-3 күннің ішінде кімдердің бәйгеде оза шапқандары да анықталды. Қазылар алқасы креативті оқытудың үздік әдіс-тәсілдерін ашып көрсеткен, инновациялық идеялар ұсынған, ЖОО ұстаздары мен мектеп арасындағы байланыстың артуына септігін тигізген, потенциалы жоғары үміткерлерге марапат­тар табыс етті. Әділқазылардың шешімімен «Үздік эссе», «Үздік әдіскер», «Үздік видео-сабақ» деген атаулы номинациялар бойын­ша да жүлдегерлер анықталды. Ал жалпы есепте Өскемен қаласындағы Қазақстан-амери­калық еркін университетінен келген Нұрсұлу Тұрғымбаев 1-орынды иеленді. 2-орын – Астанадағы Назарбаев мектебінің атынан келген Гауһар Рахымбаева мен Жадыра Сейсенбаеваның еншісіне тиді. Үшінші орын иегерлері – Гүлфайруз Озғанбаева (Атырау облысы, Махамбет орта мектебі), Әсем Айдарбекова (Астана қаласы, №78 орта мектеп) және Қуанышкүл Дүйсенова (Астана қаласы, №50 Қазғарыш мектеп-лицей).
Байқауға қолдау көрсеткен Білім және ғылым министрлігін, Мем­ле­кеттік тілді дамыту Президенттік қоры және Астана қалалық тілдер басқар­ма­сын да атап өткен абзал. Қатысушылар мен мамандар туған тіліміздің дамуына оң әсерін тигізетін осындай жобалардың алдағы уақытта көбейе түсеріне сенім білдірді.
 
А.ҚАЗБЕКҰЛЫ
01 мамыр 2018 ж. 1 009 0