Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Погонды журналистің бір күні

Погонды журналистің бір күні

Полиция қызметкерінің жауапкершілігі зор екенін білеміз. Күнделікті қоғамдық тәртіпті қырағылықпен бақылайтын полиция қызметкерінің бейнесі, түр-тұлғасы қандай? Қатаң тәртіпті қажет ететін бұл саланың қыр-сырын білу үшін біз журналистік зерттеу жасап, сұраққа жауап іздеп көрген едік.
Жұмыс барысы жол сапардан басталды
Полиция қызметкері – халық сенімінің айнасы, қорғаны. Сақтық саласының сарбаздары тыныштықты сақтап, қауіпсіздікті қадағалайды. Жылдамдық пен шапшаңдықты тең ұстап, жылдам әрекет ете білу – полицейге керек қасиеттердің бірі. Дәл осы ұстанымды өз көзімізбен көріп, жіті бақыладық.
Алдымен Шиелі ауданының полиция бөлімінің ұжымымен таныстық. Одан әрі Шиелі ауданы ахуалының тұрақтылығына қарап, жұмысқа кірістік. Бірінші бағытымыз Қызылорда облысы Полиция департаменті Шиелі АПБ-нің ЖПҚБ-нің №6 учаскелік полиция пунктінен бастау алды. Шиелі ауданының полиция бөлімі, Жергілікті полиция қызмет бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы – Шыңғысхан Қараматовпен таныстық.
Ел қорғаны болуды мақсат еткен Ш.Нағызханұлы 1986 жылы Шиелі ауданында дүниеге келген. Бала кезінен бастап құқық қорғау органдарына қызығушылық танытқан. 2010 жылдан бері осы қызметте еңбек етіп келеді. Еңбек жолы патрулдік полиция батальонынан басталып, әрмен қарай кинологияллық қызмет орталығының инспекторы, полиция департаментінің тылмен қамтамасыз ету басқармасының инспекторы жұмысын атқарады.
Осылай нақты деректерді түртіп алып жүріп, біз кенеттен ауылдан Тартоғай ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы, Шиелі аудандық ардагерлер алқасының мүшесі Басаман Пірімбетовты кездестіріп қалдық.
«Инспектор келгелі ауылымыз өте тыныш, тәртіпке бағынады. Өз қызметін тиянақты, жауапкершілікпен орындайды. Ауыл жастарын аптаның бір күнінде жинап, үгіт-насихат жүргізеді.Жаңалықтармен бөлісіп, республика, облыс, аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде тың ақпарат береді. Ауылда ұрлық-қарлық, бұзақылық жоқ. Бұл азаматтың еңбегі мақтауға тұрарлық. Қызметіне адалдығы, жұмыс барысында міндетін жетік орындауы көпке үлгі», – деді.

Қылмыстық іспен танысу
Инспектордың айтуынша,Тартоғай ауы­лында криминалдық ахуал бірқалыпты. Қазіргі таңда профилактикалық есепте төрт азамат бар. Олардың тәртібіне бақылау жүргізіледі. Биыл 3 мал ұрлығы тіркеліп, күдікті азамат ұсталып бүгінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр. Сондай-ақ жасөспірім балалалардың түнгі уақытта заңды өкілінсіз яғни ата-анасының қараусыз жүруін болдырмау және де құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу мақсатында түнгі мезгілде рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылады.

Погон тағу – үлкен жауапкершілік
Сонымен, бір күн офицерлік қызметте жүріп, полиция қызметкерлердің ерен еңбегіне куә болдық. Полиция қатарындағы бір күніміз қайталанбас дүниелерге толы болды. Погон тағу – үлкен жауапкершілікті талап етеді екен. Ол үшін табандылық пен қайсарлық, терең білім мен шыныққан білек пен айбарлы жүрек қажет. Әр күн сайын ауданның бұрқ ете қалатын құқықбұзушылық пен қылмыстардың ара-жігін ажыратып, зерттеу, ашу секілді жұмыстарын жіті назарда ұстайтын полицейдің бір күні қарбаласқа толы болды. Сырт көзге жеңіл көрінетін полицейдің жұмысы қауіпті әрі көп күшті қажет ететініне көзіміз жетті.

Айнұр ИБРАШЕВА
06 қыркүйек 2023 ж. 172 0